Сыр спортының даңқы төмендемейді

571

0

Сыр өңірінде спорт саласында жылма-жыл жоғары жетістіктерге негіз қаланып келеді. Өткен жылы да сол дәстүр жалғасын тапты. Саңлақтар көптеген жарыста топ жарып, ел мерейін тасытты. Олардың арасында дүниежүзілік додаларда жеңімпаз қатарынан көрінгендер де бар. Сондай-ақ, облыста бірнеше спорт нысаны  бой түзеп, халықтың дене шынықтырумен айналысуына зор мүмкіндік туғызды. Алда да атқарылатын жұмыс аз емес. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспановпен әңгімеде уақыт ағымындағы келелі мәселелер мен алдағы міндеттер ой сарабына түскен еді.

Жақсылық Әбдімәлікұлы, алдымен қызметіңізге табыс тілейміз. Өзіңіз талай жыл біте қайнасып еңбек етіп келетін саланың өзіндік ерекшеліктерін жақсы біле­міз. Былтыр облыс спорты үшін табысты жыл болды. Жиырма жылдан кейін «Қайсар» футбол командасы Қазақстан кубогына қол жеткізді. Биыл клуб өз тарихында тұңғыш рет еурокубок ойындарында бақ сынайды.

– Тілектестіктеріңізге рахмет. Әрине, жергілікті ко­ман­­даның толағай табысқа кенелуі өңір өмірінде ерекше оқиға болды. Соңғы жылдарда «Қайсардың» материалдық-техникалық базасын жақсартуда игілікті істер жүзеге асты. Команданың базасы жаңғыртылып, онда фут­болшыларға қолайлы жағ­дай жасалды. Ғ.Мұрат­баев атындағы орталық ста­дионға жөндеу жүргізіліп, ол еуропалық талаптарға сәйкес­тендірілді. Сондай-ақ, қосалқы алаң салынып, онда да ойындар өткізуге барлық жағдай бар. Ендігі кезекте команда еурокубокта жанкүйер сенімін ақтайды деп білеміз.

Соңғы уақытта әлем жұр­тшылығын алаңдатқан қатерлі індет спорт саласына да салқынын тигізгені белгілі. Жастардың спортпен шұғылдануына да кедергісін келтірді. Қазір олардың дайындығы қалай жүргізілуде?

– Рас айтасыз, коронавирус инфекциясы спорт саласына да елеулі қиындық алып келді. Мұндай шектеу шаралары бүкіл әлемде жүзеге асты. Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, ел аумағында түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар тоқ­татылды. Спортшылардың өзге елдердегі халықаралық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына шығуына тыйым салынды. Осыған орай спорт мектептерінде оқу-жаттығу процесі бекітілген сабақ кестесіне сәйкес қашықтан жұмыс тәртібіне көшірілді.

Қазақстан Республи­касы­ның Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Біз біргеміз!» челленджі Қызылорда облысынан басталды. Айтулы жобаға Сыр спортшылары да белсене атсалысты. Сонымен қатар, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильинмен «Карантиндегі спортшы» тақырыбында жат­тығу тікелей эфирде YouTube арнасында көрсетілді.

Карантин кезінде кестеге сәйкес облыста алғашқы рет онлайн жүйеде тоғызқұмалақтан ересектер арасында чемпионат өткізілді. Сондай-ақ, жалпы дене дайындығы жаттығуы бойынша 16-17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында жекелей облыстық жарыстар, каратэ және таэквондодан онлайн жарыстар өткізіліп, оған 500-ге жуық спортшылар қатысты. «Қайсар»  футбол командасының ойыншылары да толық құрамда Қызылорда қаласында  бапкерлер арқылы онлайн режимде жаттығу жасады.

Қазір төтенше жағдай алы­нып, карантин талаптары жеңілдетілді. Бұл орайда, спорт­шылар да өздерінің жат­тығу залдарына қайта оралу­ға мүмкіндік алды. Десе де жаттығу барысында бар­лық санитарлық талаптар қатаң сақ­талады. Олар алдағы жа­рыс­тарға әзірлігін одан әрі тиянақтай түсуде.

Елімізде белең алған індетке байланысты облыс­та стадиондар, спорт залдары, фитнес клубтар жабылған уақытта, спортшылар онлайн жүйеде шұғылдануға көшкен болатын. Жалпы, халықты үй жағдайындағы дене жат­тығуын жасауға шақыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы YouTubе әлеуметтік желісінде «Сыр Спорты» каналын іске қосты.

Енді спорттық шаралар мен оқу-жаттығу процестері күнтізбелік жоспарға сәйкес әрі қарай жалғасады деген сенімдеміз. Әзірге маусым айының ортасынан бастап спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мек­тептерінің оқушылары арасында облыстық біріншіліктер, мемлекеттік қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спартакиаданы өткізу жоспарлануда. 

Мемлекет тарапынан халықтың 30 пайызға жуығы спортпен тұрақты түрде айналысуына ықпал ету міндеті қойылған болатын. Қазір ол қаншалықты деңгейде жүзеге асып отыр?

– Қуанарлығы, мұндай азаматтар жылдан-жылға көбейіп келеді. Қайсыбір жылдарда олардың қатары мүлдем төмен еді. Себеп те жоқ емес. Спорттық ғимараттар, алаң­дар саны тапшы болды. Ол көпшіліктің салауатты өмір салтын ұстануына кедергісін келтіретін. Бүгінде сол түйткілдер шешіліп келеді. Оның нәтижесін де көріп отырмыз. Облыста қазір бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысып жүрген 243 мыңнан астам адам бар. Бұл жалпы тұрғындардың 30 пайызынан жоғары. 

Тағы бір айта кетерлігі, аймақ­тағы 138 елді мекенде нұсқаушы мамандар қызмет атқарады. Осының нәтиже­сінде 42 мың адам спортпен тұрақты айналысады. Бұл елдің сергектікті серік етуге қызығушылықтың арта түс­кенін аңғартады. Олардың қата­рында жас өрендердің саны басым. Мына дерекке көз сала кеткеніміз артық болмас, бүгінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде және клубтарда 7-18 жас аралығындағы 27 мыңнан астам бала бар. Ендеше, біз балалардың бойында спортқа деген қызығушылықты оята алдық деп санаймыз.

Соңғы жылдарда өңірде көптеген спорттық ғи­ма­рат­тар тұсауын кесті. Аудан орталықтарында және елді мекендерде сәулетті орындар бой көтерді. Осы игілікті істің жалғастығыы қалай болмақ?

– Біз халықты спорт инфра­құрылымымен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып отырмыз. Осының нәтижесінде «100 адамға арналған спорт­тық алаңдар санының» көр­сеткіші қазір 35,8 пайызды құ­райды. Қызылорда қаласы мен аудандардағы 8 дене шы­нық­тыру және сауықтыру клуб­тарында 13 мыңнан астам адам спортпен тұрақты шұғыл­данады.

Айта кетерлігі, біздің облыс­та мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік аясында көп­теген жобалар жүзеге асып отыр. Ол – халықтың спорттық ны­сандарға қолжетімділігін арт­­­тыруға үлкен мүмкіндік. Ба­ла­лар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұл­ғайтты. Сергектікті серік еткен азамат­тар санын арттырды. Биыл да осы бағытта 7 жобаны қолға аламыз. Сондай-ақ, 5 дене шынықтыру кешені құ­ры­лысының жоба-сметалық құ­­­жат­тары дайындалып, мем­­­ле­­­кеттік сараптаманың оң қо­ры­­­­­­тын­­дысын алу үшін ұсы­нылды.

Облыста теннис қарқынды дамып келеді. Осы орайда облыс орталығында орна­ласқан «Нұрсәт» теннис орталығының жабық 4 теннис кортының құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ол биыл ел игілігіне айналады деп күтілуде. Соңғы жылдарда Сыр өңірінде қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі – байдарка және каноэде есу. Аталған спорт базасының құрылысы жыл соңына дейін аяқталамақ.

Қызылордалық жастар ұлттық құрама сапында  бақ сынап келеді. Олардың қатарында Токио Олимпиадасына жолдама алған жерлестеріміз де бар…

–  Қай спортшы болмасын, шеберлігі үлкен додаларда шыңдалады. Біздің облыста қазірге дейін ауыр атлетика, ұлттық жекпе-жек, гандболдан ел біріншілігі өткізілсе, волейбол мен тоғызқұмалақтан халықаралық турнир жалауын желбіретті. Оған қоса, облыстық деңгейде бірнеше сайыс өткізіп үлгердік. Жастарымыз сол бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, спортшылар ел біріншілігі мен кубок ойындарында барлығы 254 медаль алды. Оның ішінде 78-і алтын, 68-і күміс, 108-і қола. Сонымен қатар, жерлестеріміз әлем және Азия чемпионаттарында олжа салып жүр. Осындай толайым табыстар негізінде жыл басынан бері  ҚР спорт ше­берлігіне үміткер 240, бірінші cпорттық разрядты 43 спортшы дайындалды. Айта кетерлігі, облыстың 670 спортшысы еліміздің ұлттық құрама сапында бақ сынауға мүмкіндік алды.

Алдағы жылы Токио Олимпиадасы жалауын кө­тереді. Айтулы аламанға біздің облыстан кімдер жолдама алып үлгерді?

– Өздеріңіз білетіндей, дүбірлі дода әлемді жайлаған қатерлі індетке байланысты келер жылға шегерілді. Оған берілетін жолдамаға әлі де мүмкіндік бар. Қазір еркін күрестен Дәулет Ниязбековтің еншісінде жолдама бар. Ол осы кезге дейін әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Азия­да үш мәрте алтыннан алқа тақты. Дәулет  2012 жылы Лондон Олимпиадасында да бақ сынап қайтқан еді. Ал боксшы Қамшыбек Қоңқабаев осы кезге дейін әлем чемпионатында екі мәрте күміс алып қайтқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Сондықтан жер­лестеріміз алдағы аламанда ел сенімін ақтайды деп білеміз

Әңгімелескен Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз