Әлем экономикасы: Жаһанның жайы мәз емес

7023

0

Биыл жаһандық экономиканың өсу қарқыны бәсеңдейді. Үшінші жыл қатарынан осындай теріс көрсеткіш тіркеліп отыр. Енді дамушы елдерде кедейлік деңгейі одан әрі артуы мүмкін. Таяуда жарияланған Дүниежүзілік банктің «Әлемдік экономиканың болашағы» атты баяндамасы осы сарында. Сонымен, жаһан экономикасын қандай қауіп-қатер күтіп тұр?

Жалпы ішкі өнім жарытпады

Дүниежүзілік банк биыл әлемде жалпы ішкі өнім бар болғаны 2,4 пайызға өсуі мүмкін деп болжапты. Жыл сайын көрсеткіш азаюда, мысалы, 2023 жылы өсім 2,6, 2022 жылы – 3, 2021 жылы 6,2 пайыз болған. Сарапшылар жағдайдың жаһандық дағдарыстар кезеңінен де нашар екенін айтып отыр.

– 2020-2024 жылдары экономикалық өсуді 2008-2009 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы, 1990 жылдың аяғындағы азиялық қаржы дағдарысына және 2000 жылдардың басындағы құлдыраудан да төмен деп бағалауға болады, – деп мәлімдеген Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косе.

Сарапшының айтуынша, егер 2020 жылғы пандемия кезіндегі құлдырауды ескермейтін болсақ, биылғы өсім 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі ең төмен көрсеткіш болар еді. Дүниежүзілік банктің 2030 жылға қарай кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты жоспары қазір қолжетімсіз. Өйткені экономикалық белсенділік геосаяси қақтығыстармен шектеліп отыр. Қаржы ұйымының бас экономисті Индермит Гилл бұл 2020 жылдардағы дағдарыстың салдары екенін айтқан.

– Алдағы уақытта әлем елдерінің экономикалық өсу қарқыны әлсіз болып қалады, көптеген дамушы елдер, әсіресе, ең кедей мемлекеттер қарыз қамытынан шыға алмай, әрбір үшінші адам азық-түлік мәселесіне бас қатырады, – дейді Индермит Гилл.

Алпауыт елдер де жетісіп тұрған жоқ. АҚШ экономикасына байланысты болжам бұлыңғыр. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, АҚШ экономикасы 2023 жылы 2,5 пайызға өсті. Биыл өсім 1,6 пайызға дейін төмендемек.

Еуроаймақтағы жағдай да тұрақты емес. Биыл өсім 0,7 пайызды құрайды деген есеп бар. Мұндай болжам энергия бағасының қымбаттауына байланысты жасалып отыр. Әлемдегі екінші үлкен экономика саналатын Қытайды да айыптаушылар бар. Қытай жаһандық дамуға қысым жасауда, өйткені 2024 жылы бұл елдің экономикалық өсімі 4,5 пайызға дейін төмендемек. Кейінгі онжылдықта болмаған дүние. Сарапшылар Қытай халқының көп бөлігі қартаюы салдарынан еңбек өнімділігінің азайғанын, инвестицияны шектейтін қарыздардың өскенін, сондықтан дамуға мүмкіндік аз екенін мәлімдеген.

Кедейлік һәм күдік

Алдымен Дүниежүзілік банктің кедейлікке қатысты болжамына жүгінсек. Жалпы, дамушы елдер экономикасы биыл 3,9 пайызға өседі делінген. Былтырғыдан төмен бағалануда, яғни, қарқын дамушы елдердің кедейліктен құтылуы үшін жеткіліксіз. Дүниежүзілік банк 2024 жылдың соңына қарай дамушы елдердің төрттен бірінде және табысы төмен елдердің 40 пайызында адамдар 2019 жылмен салыстырғанда кедейлене түсетінін мәлімдеді.

Сарапшылар дамып келе жатқан және дамушы елдерде экономикалық өсімді арттырудың бір жолы – таза энергияға көшу және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін жыл сайынғы 2,4 триллион доллар инвестицияны жеделдету екенін айтады.

Айтпақшы, Дүниежүзілік банк алдағы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,3 пайыз деңгейінде болады деп болжаған. Расын айтқанда, жақсы көрсеткіш емес. Жалпы ішкі өнімді неге айтып отырмыз? Себебі ел халқының тұрмысы тікелей жан басына шаққандағы жалпы ішкі өніммен өлшенеді. Ал бізде табысты көбіне ресми орташа айлық деңгейі арқылы өлшеу белең алған. Ал деректер шынайы деуге келе ме? Бұған дейін бұл жөнінде талай қаузадық, мейлі, өсті деп қабылдайық. Бірақ орташа айлықты долларға шаққанда оның еш артпағанын байқауға болады. Керісінше, азаматтардың төлем қабілеті төмендей берген. 2013 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың 600 доллар болса, былтыр да 12-13 мың доллардың төңірегінде тұрды. 10 жылда өсім жоқ.

2022 жылы Finprom қазақстандықтардың азық-түлікке кететін шығыны табысының 46 пайызын құрайтынын жария етті. Ал тәуелсіз сарапшылар бұл меженің әлдеқашан 55-60 пайызға жеткенін айтуда. Онда халықтың әл-ауқатында теріс кету болып жатқаны даусыз. Ауыр тисе де шындықты қабылдаған абзал, экономикада халық табысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайтын болса, ол ел кедейлік шегінде деп қабылданады.

Ресми статистика 2022 жылы республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың санын 1 миллион шамасында деп көрсетті. Алайда сарапшылар кедейлердің 1,5 миллионнан асып кеткенін пандемиядан бері айтып келді. Сондықтан сандарға сенім аз. Жауаптылар жағдайдың шын көрінісін жасырғысы келетінге ұқсайды.

Халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы екі индикатормен өлшенеді. Біріншісі, ең төменгі күнкөріс шегі. Екіншісі, кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 43,4 мың теңгенің 70 пайызын құрайды, бар болғаны 30 мың теңге. Сонда әлеуметтік көмек алу үшін кедейліктің қамытында отыру керек. Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Егер бізде осы норма бекітілген болса, кедейлік шегі 213 мың теңге шамасында болады. Бұл жай бір мезет аңсарымыздың ауғаны, әйтпесе Қазақстанда ондаған жыл бойы кедейлік шегі көтерілмеді. Ақыры кедейлік шегін Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты дамуы тежелген елдердің көрсеткішімен теңестіріп қойдық. Бұл аз ба, 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандардың саны керісінше азая түскен. Осы фактордың кесірінен көмекке зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайы тіптен тұралап қалды. Алайда 2021 жылы статистикалық деректердің бәрі жағымды динамиканы көрсеткен. Мысалы, Ұлттық банк былтыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмай бақты. Былтырдың өзінде инфляцияны 10 пайыздан асырмай көрсетті. Әрине, қағаз жүзінде. Шынында азық-түлік пен құрылыс тауарларының бағасы әлі де үздіксіз өсіп жатыр.

Әрине, бұл мәселе алдағы уақытта жеке-жеке зерттеуді қажет етеді. Біз тек Дүниежүзілік банктің өзі байбалам салып жатқан тұста елдегі хәл жақсы емесін жеткізгіміз келді.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<