Арал ауданында кәсіпкерлер кездесуі өтті

827

0

Арал ауданында кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз гранттық қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру үшін ауданнан құрылған арнайы жұмысшы топ кент және ауылдық округтегі кәсіпкерлермен кездесулер өткізген болатын.

Кеше аудандық мәдениет үйінде жас кәсіпкерлердің тың идеяларын дамыту мен кәсіпкерлікке деген ынталарын арттыру мақсатында «Kásipkerligińdi ózińnen BASTA» тақырыбында еркін форматтағы кездесу өткізілді.Алдымен кездесуге қатысушылар Арал, Қазалы және Қармақшы ауданы кәсіпкерлерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов жүргізіп, аудандағы кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Әлібек Асылхан кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын кеңінен түсіндіріп өтті.

Одан соң кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сүйемелдеу және құқықтарын қорғау мақсатында ауданда көрсетіліп жатқан қызметтер туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының директоры Ембергенова Нұрсәуле түсініктеме берді.

Шара барысында жиынға қатысушы кәсіпкерлер де сөз алып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Еркін форматта өткен кездесу соңында ауданның белсенді кәсіпкерлері Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Атап өтейік, дәл осындай кездесу Сексеуіл кентінде де өткізіліп, көрмеге жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің өнімдері қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<