Энергетика: тосын шешімдер қабылдау қажет

895

0

Бүгінгі ұрпақ пролетариат көсемі Лениннің «Кеңес Өкіметі дегеніміз – коммунизм және бүкіл елді электрлендіру» деп ұран тастағанын біле бермейді. Қазіргі түсінікпен айтқанда, біріншісі утопия болды, екіншісі ғасыр өтсе де әлем экономикасының қозғаушы күшіне ай­налды. Егер жанкешті бәсекеге төтеп берем десеңіз, энергиясыз кү­ніңіз жоқ. Бұл шындық.

Сарапшылар пікірінше, Қа­­зақстан – әлемде ең көп энер­­гия пайдаланатын елдер­дің бірі. Біздің экономика Эко­­­номикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымына мү­­ше елдермен салыстыр­ған­­да, энергияны 3 есе көп пай­даланады. Себебі Қа­зақстанда ішкі жалпы өнім құрылы­мында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қо­ры мен құрал-жабдықтары Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, әлемдегі басқа да озық елдердің за­ма­науи стандарттарына сай кел­мейді дегенді байқатады. Бұл энергия тұтынуда ысыраптың көп екенін білдіреді. Президент осы орайда өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаң­ғыртудың орнына көбінесе көзбояушылық жасалатынын атап көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін тө­мендету мақсатында осы жыл­дың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Со­нымен қатар тарифтерді үне­мі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және са­ланың дамуына мүмкіндік ту­ғызуы тиіс.

Мына шындықты айналып өтуге болмайды. Қазақстанда қазір тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүк­­­телетін еді. Жекелеген ай­мақ­тарда оның айырмашы­лығы 400 процентке жетеді. Бұл нарықтың дамуына кесі­рін тигізіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын әкел­мейді. Энергияны тиімді пай­далану және оны көп тұтынуды тө­мендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайда­ланудың не қажеті бар?

Қазір әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегіден ада қылудың орнықты үрдісі бай­қалады. Еуропалық одаққа мү­ше елдерде парниктік газ­дар­дың қалдығын 2030 жылға қарай 55%-ке азайту жос­пар­лануда. 2023 жылдан бас­тап Еуропалық одақта кө­мір­тегі салығы енгізіледі. Бұл қазақ­стандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жа­ңа жағ­дайларға байланысты тауарларға қойылатын техни­калық регламенттер, стандарт­тар мен талаптар өзгереді. 

Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде кез келген елдің мәртебесі, беделі, соған сәйкес халықаралық мүмкіндіктері, көп жағдайда, көміртегіден ада әлемдік  экономикаға қосқан үлесі бойынша айқындалатын болады. Атап айтқанда, бұл – еліміздің Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымына қабылдану мүмкін­дігін анықтайтын өлшемдердің бірі.

Осыған орай, Президент тап­сырмасы бойынша Қазақ­стан­да 2050 жылға дейін кө­­міртегін аз пайдаланып, да­­мыту тұжырымдамасы әзір­леніп жатыр. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жө­ніндегі ұлттық жобаны пы­сықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.

Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәлі­метіне сәйкес, олардың 50 проценттен астамы тозған. Бұл электр станцияларындағы тех­нологиялық заң бұзушы­лық­тардың артуына әкеп соқты­рады.

Сонымен бірге Қазақстан жаңартылатын және бала­ма­лы қуат көздерін дамытуға нақ­ты бағыт алды. Еліміз жал­пы энергия теңгерімі құры­лы­мын­дағы жаңартыла­тын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ке жеткізе алды.

Бұған дейін біз бұл көрсет­кішті 2030 жылға қарай 10%-ке дейін жеткізуді мақсат ет­тік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 процентке де­йін жеткізу міндеттелді.

Жалпы саладағы мәселе күрделі. Сондықтан Мемлекет басшысы атом энергетика­сы­нан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген ма­мандардың пікірімен келісті. Бүкіл дамыған әлем атом энер­гиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. «Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды», – деді  Президент.

Мемлекет басшысы өз сө­зінде электр желілері компа­ния­ларының жұмысын рет­теу қажет екенін атап өтті. Үкімет пен облыстардың әкім­діктеріне электр желілерін ке­зең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тап­сырылды. Бұдан бөлек, кадр мәселесі де өте өзекті бо­лып отыр.

Қазақстанда энергетика са­ласы бойынша маман даяр­лайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы маман­дар тапшы. Инженерлік-техни­ка­лық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50-де. Оның үстіне бұл саладағы қыз­мет­керлердің еңбекақысы да тө­мен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадр­лардың тұрақтамауы 4-тен 15%-ке дейін жетті.

Қазір халық санының ар­туы және экономиканың өсі­мі жаңа қуаттарды енгізуді талап ететіні сөзсіз. Алайда мүм­кіндіктер шектеулі. Сондықтан экономиканың энергия сы­йымдылығын азайту – маңыз­ды міндет. Оны шешу тауар­ларымыздың және тұтас са­ла­лардың бәсекеге қабілетті бо­луына тікелей әсер етеді.

Экономиканың өзін-өзі қам­­­ту деңгейі деген ұғым сан са­лалы. Ол негізінен біздің па­­йымдауымызда, экономи­ка­­­ның бірқатар саласында им­­порт алмастыру саясатын көз­­дейді. Тәуелсіздік жылда­рында Қазақстанда аз нәрсе атқарылған жоқ. Бірақ ол қа­зіргі әлемдік жанкешті бә­се­­­келестік жағдайында жет­кі­­зіліксіз. Пре­зиденттің көз­де­гені – жі­берген олқылық­та­ры­­мыздың орнын тол­тыру, сырт­қа өнім шығару, осының нәти­же­сінде са­тыл­ған өнімнен ке­летін қаржы түсімін молайту. Бізді әлі де анықтауды қажет ететін мына цифр біршама алаң­датады. Эко­номикада импорт үлесі 60 процент құрайды. 

Қазақстанда табысы көп са­лалар ретінде энергетиканы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету буындарын атауға болады. Нақ осы сектор эконо­миканың жаңа құрылымын қа­лыптастыруға ықпал жасай­ды. Түсінікті тілмен айтқанда, энергетика дегеніміз мұнай, газ, уран, тағы басқалар. Бір­қатар сарапшылар атом энер­гиясының орнына Қазақстанда мұнай-газ секторын пайдалану мүмкіндігі толық игерілмей отырғанын айтады. Елімізде индустрияландырудың екі бес­­жылдығында бірқатар ша­ралар іске асырылды. Бірақ ол жаһандық экономиканың бүгінгі жанкешті бәсекесіне төтеп бере алмай отыр. Біздің пайымдауымызда, цифрлар тым көтеріңкі. Осыған орай Пре­зидент экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүм­кіндіктерді айқындап алу мә­селесін бірінші кезекке шығарды.

Аталған мәселе бойынша облыста не істеліп жатыр? Об­лыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасына сұрау салып төмендегідей деректерге қанықтық.

Бүгінде облыстағы электр­мен қамту жүйелерінің жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан астам электржелілерді және әр-түрлі кернеуліктегі 1837 дана қосалқы станцияларды құ­рай­ды. Олардың тозу деңгейі 69 про­цент болып отыр.

Жалпы соңғы бес жыл ара­лығында Арал және Қазалы аудандарында кернеу­лігі 110/35/10 кВ «Арал», «Жаңа­қазалы» қосалқы стан­циялары және Қызыл­орда қаласын­да­ғы «Тасбөгет», «Арай», «Ор­талық», «Шымбай», «Жа­ңа­арық», «Қазандық» 35/10 ки­ло­вольттық қосалқы стан­­циялары, Сырдария ау­данын­дағы «Тереңөзек» 35/10 ки­ловольттық қосалқы стан­ция­сындағы опера­тивтік бас­қару пункті және транс­фор­маторлық қондырғылары, со­­нымен қатар Қармақшы ау­­даны Жосалы кентіндегі 220/35/10 кВ қосалқы стан­ция­сы және Төретам елді меке­ніндегі 35/10 кВ қосалқы стан­циясы қайта жаңғыртылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында (2019 жылы) «Қызылорда қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жә­не орналастыру шеңберінде, «Саяхат» шағын ауданындағы 1060 жер учаскесінің  электр­мен қамту жүйелерін дамыту мақсатында, заманауи оқшау­ланған сымдарын пайдалана отырып 36 шақырым кернеулігі 10/04 кВ электр желілерінің құрылысы салынып, 16-дана қуаттылығы 400 кВА блокты модульді-трансформаторлық қондырғылар орнатылды.

«Қызылордажылуэлектр­ор­талығы» бойынша 2020 жы­­лы 1,4 млрд теңгеге инвес­тициялық бағдарлама жос­пар­ланып, 1,3 млрд теңгеге орын­далды. Оның ішінде жылу энергиясын  өндіру бойынша – 69 782 мың теңгеге АБМК №4-тің №1 қазандығына күрделі жөндеу, желілік сорғыға, су жылытқышқа, буландырғыш қондырғының қыздырғышына, аккумулятор багіне және бас­қа да қосалқы бөлшектерге жөн­деу жұмыстары жүргізілген.

Жылу энергиясын тарату бойынша – 1 333 685,2 мың теңгеге жылу желілеріне, оның ішінде кәсіпорынның өз қа­ражаты есебінен 57 400 мың теңгеге 7 920 м әртүрлі диа­метрдегі кварталаралық же­ліге жөндеу жасалған.

Бюджет есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд теңгеге – 1 453,5 м желіге қайта жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілген.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» бо­йын­ша  2021-2026 жылдарға ар­налған инвестициялық бағ­дарламаға сәйкес, Қызылорда қаласында 150 шақырымнан аса кернеуі 10/0,4 кВ электр тарату желілері мен 1 дана 10 кВ орталық тарату пунктін қайта жаңғырту және 7 дана қосалқы станцияны қосу жос­парланған.

2021 жылға электр энер­гиясын беру қызметтеріне бе­кітілген тариф қосылған құн салығынсыз 1кВт*сағ үшін 5,018 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, инвести­циялық бағдарламаның орын­далуы туралы есеп Қазақстан Республикасы Ұлттық эконо­мика министрінің бұйры­ғы­мен бекітілген «Тарифтерді қа­лыптастыру қағидаларына» сәйкес  белгіленген уақытта уә­кілетті органдарға жолданады және кәсіпорынның интернет ресурсында жарияланады.

Экономика тілі цифрлардан, дәйектерден құралады. Иә, бір­қатар жұмыстар атқарылды. Негізгі қорлар жаңартылып жатыр. 90-жылдарға қарағанда үздік-создық берілген энер­гиядан  арылдық. Бірақ Сыр өңірі энергияға қажеттіліктен толық арылған жоқ. Егер сол 1990 жылы Қызылорда қаласы сағатына 45-50 МгВт тұтынса, қазір ол еселеп артты. 2000 жылдардың орта шенінде жылу орталығында пайдалануға бе­рілген газтурбиналық станса қуат көзін еселеуді көздейді. Себебі қажеттілік өсуде, халық саны артып келеді. Сырдың өнеркәсіптік, әсіресе, мұнай бағытындағы көкжиегі үмітке жетелейді. Бұл, әлбетте, жаңа, тосын шешімдер қабылдауды талап етеді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<