Жорабек Нұрымбетов – облыстық мәслихат сессиясында халықтың өтініш-тілегін жиі көтеріп, орындалуына дәнекер болып жүрген депутат. Су шаруашылығында ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман бұл салада көптеген түйткілдің бар екенін айтып, суды ысырапсыз пайдалануға барынша күш салып келеді.
Тау суының тамшысы
Қазір тамшы судың қадірі артып тұр. Сондықтан оны ысырапсыз пайдалану – негізгі міндеттің бірі. Десе де бұл мәселе бойынша әлі күнге дейін көңіл бөлінбей жүрген жағдайлар бар. Мәселен, Жаңақорған ауданы аумағында тау суын пайдалануды жетілдіре түсуге әбден болады. Осы орайда су шаруашылығы саласында елу жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман облыс басшылығына ауданға қарасты Ақүйік өзені суын тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныс білдірді.
– Бірлік елді мекенінің жоғары тұсында қыс-көктем айларында жаңбыр және қар сулары жиі түсіп жатады. Өкінішке орай, жергілікті халық сол судың игілігін толық көре алмай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың өте маңызды екенін атап өткенін білеміз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін батыл және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Ақүйік өзені бойында не жасауға болады? Алдымен көктемгі қарғын суды жинап, оны егінге жеткізу үшін жоғалтып алмау жағын ойластыру керек. Ол үшін су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтып келемін. Бұл Ақүйік ауылдық округіндегі Бірлік елді мекенін аяқсумен қамтамасыз етуге жол ашады. Елмен жүздескен сәтте олар осындай ұсыныс-пікірін жеткізеді, – дейді Жорабек Ибрагимұлы.
Бірлік елді мекенінде 423 отбасы, 2700 тұрғын бар. Тау етегінде орналасқан ауыл маңайы – жауын-шашын және қар суын жинауға өте қолайлы. Ол шамамен 10-15 млн текше метрді құрайды. Су қоймасына көп шығын кетпейді. Мамандар жобамен 700 метр қорғаныс бөгетін салса, онда мол суды ысырапсыз пайдалануға болатынын айтады. Елдегілер бұл ұсынысты көтеріп келе жатқанына 20 жылдың жүзі болған.
– Ендігі кезекте мамандар өзекті мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдайды деген ойдамын. Алдағы уақытта сметалық жобасы жасалып, іске асып жатса, сол аумақта бау-бақша, егін салуға әбден болады. Оған қоса қар мен жауын-шашын көп түскен уақытта елді мекенді су басу қаупі сейілетінін ұмытпайық. Тағы бір ескеретін нәрсе, ол жерасты суының көбеюіне оң әсерін тигізеді. Біз, облыстық мәслихат депутаттары жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікіріне сәйкес су қоймасына қатысты мәселені зерттеп қайттық. Комиссия мүшелері онда су жинап алған жағдайда аудан орталығымен қоса есептегенде үш елді мекенді аяқсумен толықтай қамтамасыз етуге болатынына көз жеткізді. Мәселен, су қоймасын салатын аумақ табиғи тау жотасымен қоршалған. Енді 90-100 метр жерге бөгет салынса, оны су қоймасы ретінде пайдалануға болады. Осылайша аз шығынмен мол су жинауға мүмкіндік туады. Ендігі кезекте бұл нысанның техникалық-экономикалық және сметалық жобасын жасауға облыстық бюджеттен қаржы қаралса деген ұсынысымыз бар, – деді Ж.Нұрымбетов.
Ал су қоймасының құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастыру ойластырылуда. Бұл орайда мамандар еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі қолдау көрсетуін сұрайды.
Сарысудың өзегі
– Көршілес Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында «Кеңгір» және «Жезді» шағын су қоймалары бар. Онда қар және жауын-шашыннан түсетін су жиналады. Осында жиналған суды көктем және жаз айларында Сарысу өзеніне 50-100 текше метр шамасында жіберуге болады. Сондай-ақ Шу өзенінен түсетін суды Телікөл көлдер жүйесіне пайдаланудың маңызы зор. Қазір ол Түркістан облысының Созақ ауданынан аспай отыр. Кеңес одағы кезінде мол су Телікөлге дейін жетіп жатқанын көзіміз көрді, – дейді Жорабек Ибрагимұлы.
Сондай-ақ жергілікті жұртшылықты Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистральдық каналының бойынан салынған көпірдің апаттық жағдайы алаңдатады. Пайдалануға берілгеніне 56 жылдан астам уақыт өткен көпірдің апаттық жағдайы жөнінде уәкілетті органдардан алынған қорытынды бар. Ол арқылы «Қаратөбе» ауылдық округінің халқы егін егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Облыстағы «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалы арқылы көпірге бірнеше мәрте ағымдағы жөндеу жүргізілген. Дегенмен көпірдің тіреулері ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.
– Бұл нысанның қызметін сол аумақта тұратын 4000 адам пайдаланатынын ескерсек, ол жергілікті жұртшылық үшін өте маңызды екенін түсіну қиын емес. Көпшіліктің өтінішіне сәйкес қалыптасқан жағдайға байланысты облыстық мәслихат депутаттарынан құрылған арнайы комиссия бұл мәселені жан-жақты зерделеп қайтты. Айта кетсек, қазір көпірдің жағдайы өте нашар. Алдағы жайсыз жағдайлардың алдын алуымыз тиіс. Жалпы, көпір «Қазсушар» Қызылорда филиалының құзырына жатады. Сондықтан жедел сметалық жобасы жасалып, құрылыс жұмыстарын бастаудың маңызы артып тұр, – дейді депутат.
«Сабалақ» тұрғындарының өтініші қандай?
Қызылорда қаласының іргесіндегі «Сабалақ» шағын ауданында жаз айларында ауызсу тапшылығы сезіледі. Сол аумақта орналасқан бұрынғы «Сырдария» оқу лагері маңында түтікті құдық ескі су мұнарасы бар. Оны кешегі күнге дейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі пайдаланып келген. Дегенмен түтікті құдық ол мекеменің құзырында жоқ. Ендігі кезекте сол орынды қалалық «Су жүйесі» мекемесінің теңгеріміне алудың маңызы артып тұр.
– Сол арқылы «Наурыз», «Сабалақ» елді мекендерінің ауыз су мәселесін шешуге болады. Ол үшін нақты шешім қабылдануы тиіс. Атап айтсақ, бұл аумақта 30-40 млн теңгеге түтікті құдық қазып, көп қаржы шығындамай, ауызсу мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік бар, – дейді Жорабек Ибрагимұлы.
Сондай-ақ Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл сол аймақты жылумен қамтамасыз ету мәселесіне едәуір қиындық алып келеді. Қазір жұмыс істеп тұрған №17 автономдық қазандықтың тұрғын үйлерді жылумен қамтуына мүмкіндігі жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға сағатына қосымша 30 Гкал жылу жүктемесі қажет болып отыр. Осыған байланысты «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 40 МВт-тық қазандық құрылысы» жобасы аясында автономдық жаңа қазандық салу қажеттілігі бар.
Ал Қараөзек ауылдық округі Айнакөл елді мекенінің тұрғындары Сауранбай каналы бойына насос орнату жөнінде өтініш білдіріп келеді. Сол арқылы жергілікті тұрғындар 150-200 гектар аумаққа картоп, пияз және бақша өнімдерін егуге мүмкіндік туады.
– Бұл – жергілікті халықтың ұзақ жылдан бері жасап келе жатқан кәсібі. Жерден несібесін терген халық осылайша отбасын асырап, күнкөріс көзін тауып жүр. Өндірген өнімдерін қала базарына шығарады. Рас, кейінгі жылдары Сырдария өзенінде судың тапшылығынан орнатылған насостарға қатысты жанармай мәселесінде қиындық туындайды. Осыған орай жергілікті тұрғындар канал бойында электрлі насостар орнату бойынша ұсыныс білдірген еді. Ол үшін Сауранбай каналы сағасына трансформатор құрып, 300-500 метр қашықтықта тұрған электр жүйесіне қосып беруді сұрайды. Бес-алты жылдай бұрын сол аумақта электр жүйелері мен трансформатор болған еді. Қазір бұл дүниелерді құзырлы мекеме мамандары алып кеткен. Бүгінде округте электр жүйесін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сондықтан тұрғындар өтінішіне байланысты бұрын пайдаланылған трансформатор мен электр жүйесін тартып беру жөнінде тиісті орындарға ұсыныс жасалды. Алдағы уақытта оң шешімін табады деген ойдамын, – дейді ендігі сөзінде Жорабек Нұрымбетов.
Жол жағдайы жақсарса дейді…
Қалаға жақын орналасқан Тасбөгет кентінде 30 мыңға жуық халық тұрады. Дегенмен кентте Шоқай, Әбенов, Абай, Олжабайұлы көшелеріндегі автокөлік жолдары сын көтермейді. Олардың барлығы күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұл мақсатта бюджет есебінен 328 млн теңге қажет.
– Мұндай мәселелер облыс аудандарында да кездеседі. Мәселен, халықтың Қармақшы ауданындағы «Қармақшы-Жалағаш» облыстық маңызы бар автокөлік жолындағы теміржол өткелі, Сырдария ауданындағы облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автокөлік жолындағы көпірді күрделі жөндеу, Жалағаш ауданы Жаңадария ауылы, Арал қаласындағы бірқатар көшелерде автокөлік жолын салу жөнінде өтініштерін тиісті мекемелерге жеткіздік. Жолға қатысты мәселелер облыстың барлық ауданында бар, – дейді Жорабек Ибрагимұлы.
Сондай-ақ қаланың «Сәулет» шағын ауданында орналасқан Яссауи көшесі тұрғындары «Гелиос» жанармай бекетінен Алтынбеков көшесі арқылы Дәулетбаев көшесіне өтіп жатқан жүк көліктері балалар қауіпсіздігін сақтауға кедергі келтіретінін жеткізген еді. Өйткені, бұл көшенің ені 4,5-6 метрді құрайды. Сол аумақта балалар ойнайтын орындар бар. Сондықтан жүк көліктері олардың өміріне қауіп туғызады. Осыған байланысты бұл аумақта жүк көлігі жүруге болмайтыны жөнінде арнайы белгіні орнату маңызды болып отыр.
Депутат көтерген мәселелердің бір парасы осындай. Мінберде айтылған халықтың ұсыныс-пікірі аяқсыз қалмайды деп білеміз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






