Күрделі кезеңде жәрдемдескен жол картасы

1146

0

Әлемді жайлаған індет салдарынан 2020 жыл бұрынғыдан өзгеше өтті. Карантиндік шектеулер адамдардың қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін өзгертті.

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы, шағын және орта бизнесті, ел тұрғындарын қолдауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Елімізде мыңдаған жұмыс орнының құрылуына жол ашқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленді.


Жаз бойы облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда құрылыс тоқтамады. Жылдар бойы жөндеу көр­меген оқу орындары жаңартылып, елді мекендерге газ желісі жүргізілді. Шет аудандағы тұрғындардың басты мәселесіне айналған жол жағдайы шешіліп, көшелерге асфальт төселді. Мұның бәрі алаң көңілді жұрттың еңсесін көтерді. Ең бастысы «жұ­мыссызбын» дейтіндердің саны әлдеқайда азайды.


Сандарды сөйлетсек, жол картасы аясында 10116 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бү­гінде меже толық орындалып, 10124 адам қызу еңбекке кірісті. Еңбекақыға келсек, 85 мың теңгеден кем болмауы тиіс орташа жалақы мөлшері 88 242 теңгені құраған.


Облыста «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» аясында 291 жобаға қаржы бөлінсе, қазір 222-сі аяқталып, пайда­лануға берілді. Айта кету керек, бұл көрсеткіш құ­был­малы, себебі күн өткен сайын аяқталған жобалар саны артып келеді. Сондай-ақ, жұмыс барысында отандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға баса мән берілгенін байқадық, бұл көрсеткіш 92 процентке жеткен.


Күрделі кезеңде жүзеге асқан жол картасы тұрғындарды жұ­мыс­сыздықтан құтқарып қана қоймай, ең қажетті нысандардың жаңғыртылуына себеп болды. Соның аясында 200 орын­дық инфекциялық модульдік аурухана, 2 жаңа мектеп, 2 көпқабатты тұрғын үй, 9 жаттығу және стритбол алаңы құрылысы, бұған қоса 4 мәдениет үйі, 2 мұражай, филармония ғимараты, 14 тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық нысаны, 214 көше мен автомобиль жолдары, 3 көпір күрделі жөндеуден өтті. 3 елді мекенге газ желісі тартылып, 47 елді мекен абаттандырылды.


Айталық, бір ғана Қазалы ау­данында 42 жоба іске асты. Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ барды. Бекарыстан би ауылында тұрғын үйлерге ауыз су сервистік желісі тартылса, Ақсуат ауылында 150 орындық клуб салынып, мектептің жылу жүйесіне күрделі жөн­деу жүргізіліпті. Жалпы мұнан өзге аудан­дарда да әлеуметтік нысандар жаң­ғыр­тылып, жаңбыр сіркіресе, балшыққа айналатын жолдардың жағдайы жақсарды.


Биыл облыс орталығындағы 200-ден астам көшеге жол жөндеу және 68 көшенің жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Мұның барлығы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылса, сондай-ақ, қалалық бюджеттен 36 көшені жөндеуге қаржы қаралған.


Жол картасы аясында орталықтан бөлек, шеттегі Әл Фараби, КБИ секілді шағын аудандардағы көше болғалы асфальт көрмеген Көктем, Әшірбеков сынды көшелер тақтайдай тегістеліп, көркі кіріп қалды.


Қазір Қызылордада екі ірі стадион болса, соның бірі – «Локомотив». Көп жылдан бері жөндеу көрмеген стадионның соңғы уақытта сәні кетіп, сапасы нашарлағаны айқын байқа­латын. Биыл мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өңірде 50 білім беру мекемесі жөн­деуден өтті. Оның ішінде И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі ағым­дағы жөндеуден, Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі, Арал индустриалды-техникалық колледжі, Арал көпсалалы колледжі мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне күрделі жөндеу жүргізілді.


Құрылыстың қарқын алып, ауыл-аймақтың абаттануына себепкер болған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» пандемия кезіндегі ең басты мәселенің бірі – тұрғындардың жұмыс табуына ықпал етті. Жол картасы аяқталғаннан кейін 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгінгі таңда тұрақты 97-сі ашылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<