Өңір өндірісі: берекелі істің бастауы

3414

0

Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында елдің дамуына қатысты көптеген мәселені қозғап, алдағы жоспарларды айқындап берді. Осы орайда Мемлекет басшысы экономика саласына соның ішінде іскерлік белсенділікті ынталандыру мен еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру мәселесіне мән берді.

– Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр, яғни ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек, – деді Президент.

Елдің дамуы экономикаға байланысты екені түсінікті. Сондықтан барлық күш-жігер осы саланы көтеруге жұмсалып жатқаны айқын. Әсіресе ол республиканың өңірлерінде айрықша көрініс тапқан. Мәселен, біздің облыста өндірісті дамыту бағытында мемлекеттік жоба мен бағдарламалар аясында түрлі жұмыстар мен бастамалар қолға алынып келеді. Соның нәтижесінде Сыр елінің өндірістік әлеуеті жылдан-жылға ұлғаюда. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына және халықтың кәсіпкерлікке бет бұруына үлкен септігін тигізеді.

Шыны шығаратын ел

Қызылордадағы шыны зауыты 197 мың тонна өнім шығаруға қабілетті. Президенттің қолдауы негізінде өнеркәсіп саласының дамуына серпін беретін ірі жобалардың бірі шыны зауыты аясында 42 млрд теңге инвестиция тартылған.

Зауыт өнімі Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жөнелтілуде. Алдағы уақытта Өзбекстанға экспорттау жоспарлануда. Биылғы жылы шамамен 30 мың тоннаға жуық шыны шығарылмақ.

Зауыт жанынан инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жуық 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Оның үшеуі – шыны талшықтар мен композитті материалдар, айна және жұқа шыны шығару жобалары бойынша жобалау жұмыстары басталды.

Шыны зауытының екінші кезеңі ретінде «Чайна Гласс» қытай компаниясы ультражұқа шыны шығару зауытына инвестор болуға ниет білдіруде. Бұл өңір үшін ерекше маңызды жобаның бірі болмақ, құны – 64 млрд теңге.

Шыны талшықтары мен композитті материалдар жобасы «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» серіктестігінің бастамасымен жүзеге асырылады. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Ал құны 4,5 млрд теңгені құрайтын «Айна шығару» жобасының бастамашысы – «Арал Кварц» серіктестігі.

Атап өту қажет, бұл екі жобаға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытты орналастыру үшін жер телімдері берілген. Зауыт маңынан автомобиль айналары, шыны кәдесыйлар, шыны мақтасы, шыны ыдыстар өндірілмек.

Табыстың көзі – тұз

«Аралтұз» зауытында жаңадан іске қосылған ІІІ испан цехы жұмыс жасайды.

Өңір басшысы өндіріс орнының еліміз үшін ғана емес, көршілес мемлекеттер үшін экономикалық маңызына тоқталып, өнім өндіру мәселесінің өзекті екенін жеткізген еді.

Айта кетейік, «Аралтұз» зауыты жылына 600 мың тонна тұз өндіруге қауқарлы. Өнім Қазақстан және ТМД елдері нарығына жеткізіледі. Бүгінде 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бұған дейін аталған өндіріс орны индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ас тұзы мен техникалық тұз өндіретін испан цехын іске қосты. ІІІ испан цехы 2021 жылы іске қосылған. Жоба құны 3 млрд теңгені құрайды.

Кен – өндірістің күретамыры

Тау-кен және металлургия өнеркәсібінде «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарын игеру жобалары өңір экономикасының дамуына ықпал етпек.

«Шалқия» кен орны Жаңақорғаннан солтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан. Оңтүстікке қарай 4 шақырым кеңес заманында кеншілер отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін салынған «Шалқия» елді мекені бар. «Қызылорда-Шымкент» магистральдық жолына іргелес битуммен қапталған жол салынды. Жол және теміржол арқылы Жаңақорғаннан Кентау қаласындағы байыту фабрикасына, сондай-ақ, Шымкент арқылы Өзбекстан мен Қытайға және Қызылорда арқылы Ресейге көлік байланысы қамтамасыз етіледі.

Кен орнының ұзындығы  27 шақырым жеке темір жолы, 16 шақырым жеке электр желілері, әрқайсысы 40 МВт-дан 2 трансформаторы бар жеке қосалқы станциясы, суы, дамыған жерасты инфрақұрылымы бар.

«Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша жаңа стратегия әзірленген. Стратегияға сәйкес, қазіргі уақытта жобаның тау-кен бөлігі мен жерүсті кешендері бойынша түзетулер енгізілген. Бүгінде жерасты кенішінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Фабрика іске қосылғанда, жаңадан тағы бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның 2025 жылы жылына 2 млн тонна кен өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі 2026 жылдан бастап қуатын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.

Тау-кен металлургия саласындағы екінші жоба – «Баласауысқандық» кен орнын игеру. Ол 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылып жатыр. 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. «Баласауысқандық» ванадий кенішінен өткен жылы ең кемі 357,9 тонна аммоний метаванадаты Ұлыбританияға, 57,4 тонна ферромолибден Ресейге экспортталған.

Өңірдегі өндіруші сектор облыстың барлық өнеркәсібінің шамамен 90%-ын құрайды. Мұнай мен оның өнімдерінің үлкен көлемі экспортқа таза күйінде жіберіледі. Қызылорда облысындағы мұнай кен орындарының үлесі ел бойынша дәлелденген және алынатын мұнай қорының жалпы көлемінің 5%-ын құрайды. Ең ірі кен орындарына «Ақшабұлақ», «Құмкөл», «Қоныс» және «Солтүстік-батыс Қызылқия» жатады.

Қазіргі уақытта облыста 59 мұнай-газ кен орнын игеретін 11 мұнай-газ өндіруші компания тіркелген (Қазақстандағы кен орындарының жалпы санының 6%-ы). Өңірде 21 мұнай-сервис компаниясы бар.

Ал металл кендерін өндірумен 4 кәсіпорын айналысады. Тау-кен өнеркәсібінде 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы облыста қазіргі кезде жер қойнауын пайдаланушылар саны 58-ге жеткен.

Перспективалы кен орындары – «Қарамұрын кен алаңы» (алтынның алдын ала қоры – 1900 кг), «Ақжар кен алаңы» (мыстың алдын ала қоры – 700 мың тонна, элементтер: алтын, күміс, мышьяк, қорғасын, мырыш, кобальт, никель), «Дарбазинское» (мыстың алдын ала қоры – 1 млн тонна), «Баласауысқандық» ванадий кен орны.

Қазіргі таңда тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 28 кәсіпорын жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда, мұнай өндірумен 11 компания, уран өндірумен 4 компания және қалған компаниялар қатты пайдалы қазбаларды (темір, қорғасын, ванадий, түрлі-түсті металдар) және кең таралған пайдалы қазбаларды (тұз, әк, кварц құмы, доломит, саздақ, құрылыс құмдары) өндірумен айналысады. Бұл салада 8500 адам жұмыс істеп жүр.

«Karatau Mining» ЖШС біздің облыста Байжарка алаңында мыс, алтын және ілеспе компоненттер кен орнын игеруде. Онда мыс, алтын және ілеспе компоненттерді барлауға келісім-шарт жасалған. Аталған келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы «Karatau Mining» ЖШС бірлескен кәсіпорнына берілген.

Антифриздер айналымда

Ең ауқымды өндірістерден бөлек облыс тұрғындары шағын кәсіп бастап, өндіріс нарығына өз өнімдерін шығара бастады. Біз бірнеше ерекше өнім өндіріп отырған жерлестерімізге тоқтала кеткенді құп көрдік.

Жалағаш ауданының тұрғыны өңірдегі тың кәсіпті мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алды. Асхат Ермекбаев еуропалық стандарттарға сәйкес өнім өндіреді. Нарықта сапасы жоғары бола тұра бағасы қолайлы антифриздер болмағандықтан, кәсіпкер осы өндірісті ашуға білек сыбана кіріскен.

Кәсіпкердің шағын кәсіпорнында SinPro сауда белгісімен тосол, антифриз тәрізді суыққа төзімді сұйықтықтар шығарылады. Кәсіпорында автокөліктерге арналған этиленгликоль негізіндегі антифриз, тосол, салқындатқыш шығарылады және алғашқы отандық өндіруші болып саналады. Кәсіпорында күніне 1000 литр антифриз өндіріледі.

Антифриздер – төмен температураға шыдас беретін салқындатқыш сұйықтықтар. Мұндай өнімдер бензин және дизель қозғалтқыштарының салқындату жүйесіне қолдану үшін жасалған, яғни, салқындату жүйесінде қату, коррозия, қызу және қақтың пайда болуының алдын алады. Ең бастысы – бұл өнімдерді көлік құралы мен жылу алмастырғыш агрегаттардың эксплуатация нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек.

Өндірісте 5 адам жұмыс істейді. Шетелдік брендтер тарапынан бәсекелестікке қарамастан аталған компания өнімдері жоғары сапалы сипаттамаларының арқасында автохимиялық өнімдердің бөлшек сауда нарығында өз орнын табуда. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін және өнім түрлерін ұлғайтуды жоспарлауда. Десе де несие алып айналым капиталын толықтыру қажет.

– Мамандығым химик-технолог болғаннан кейін, өзіме осы өндірістің түрі жақын болды. Бұл іске өз қаражатымды салып әрі мемлекеттен қосымша қолдау таптым. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде. 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Одан бөлек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6 пайыз мөлшеріндегі кепілдік арқасында 6 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткіздік. Осылайша, мемлекеттің қолдауы біздің дамуымызға және өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға қомақты септігін тигізіп келеді, – дейді кәсіпорын басшысы Асхат Ермекбаев.

Бұл өнім қозғалтқыштарды тиімді салқындатуды, металдар мен қорытпалардың барлық түрлерін коррозиядан және кавитациядан жоғары тиімділікпен қорғауды қамтамасыз етеді. Қоршаған орта температурасының -40-тан +50-ге дейінгі диапазонында пайдалану үшін ұсынылады.

Газоблоктың берекесі

Бүгінде жастар қарап отырмай, жеке кәсіпті ұршықша иіруде. Осындай азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Темірлан Жақсылық.

Темірлан құрылыс жұмыстарына қажетті газоблок шығарумен айналысады. Бұл – өнім ұзаққа төзімді, өртке қауіпсіз, экологиялық таза, жылуды сақтайтын, аз ғана үлес салмағы бар, түрлі өңдеулерге ыңғайлы құрылыс материалы.

Жобаның ерекшелігі – газоблок өндірісінде шина қалдықтарын қолдануда. Өз кәсібін қайтарымсыз грантқа, одан бөлек өз қаражатын қосып бастаған. Әзірге өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар мен түрлі ғимараттар құрылысын жүргізуші құрылысшылар тапсырыспен алдырады. Өзіне қажетті құрал-жабдықтарды Атырау қаласынан жеткізген.

– Айына 2000 газоблок өндіреміз. Шина қалдықтарын дайын өнім ретінде Алматы қаласынан алдыртамыз. Алдағы жоспарымыз – шиналарды қайта өңдеу машинасын сатып алу. Ол кезде СТО арқылы, ауыл тұрғындарынан шиналарды қабылдаймыз, – дейді кәсіпкер.

Ол тағы да қаржы көздерін қарастырып, кәсібін кеңейткісі келеді. Бүгінде өзінен бөлек 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Ековата» – ырыздығы мол кәсіп

Қазір сәулет-құрылыс нысандары мен тұрғын үй құрылысы жұмыстарына экономикалық және экологиялық жағынан тиімді өнімдерге деген сұраныс көбейіп отыр. Осыны ескерген кәсіпкер Мұрат Әбілов өңірде сұранысқа ие «Ековата» құрылыс материалын шығаруды қолға алды. Бұл өнім – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі салмағы жеңіл. Бағасы да қолжетімді. Ең бастысы, материал сапалы әрі төзімді.

Бір ерекшелігі, бұл «Ековата» құрылыс материалына құрт-құмырсқа жоламайды, ыстыққа төзімді, суыққа шыдамды көрінеді. Мәселен, еліміздің батыс, солтүстік өңірлері үй қабырғасын қаптауға және төбесін жабуға осы материалды жиі қолданады екен. Қыста үйдің жылы болуына осы «Ековатаның» үлкен септігі бар. Міне, енді көптің игілігіне жараған, оңтүстік өңірлерде де сұранысы артқан бұл сапалы құрылыс материалы бізге де келді.

Мұрат Әбілов материалдың дайындалу технологиясын меңгеруге 3-4 жылын арнады. Сапалы дүние шығару үшін цех құрылғыларын шетелден арнайы тапсырыспен алдырды. Бүгінде қолға алған кәсібін дөңгелентіп, тұрғындардан тапсырыс қабылдауды бастаған.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<