Жаһандық экономиканың жаңа драйвері

7096

0

Электронды сауда жаһандық экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналды. Қазіргі кезде әлем елдерінде электронды сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. Мамандардың айтуынша, 2025 жылға қарай әлемдегі интернет сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ға асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр. Мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді. Ал сауданың бұл түрі біздің елде қалай?

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электронды сауданы  дамыту мәселелері қаралды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаһандық электронды сауда нарығы озық қарқынмен өсуде. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2026 жылға қарай В2С әлемдік электронды нарығы  $8,2 трлн-ды құрайды. Олардың бағалауы бойынша, 2022 жылы бұл көрсеткіш $5,7 трлн болды. Сол жылғы қорытынды бойынша Қазақстанда электронды сауданың үлесі 12,5%, бұл шамамен 2 трлн теңге. Интернет арқылы өткізілген негізгі тауарлар – үй тауарлары, киім және аяқкиім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмек.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, электронды сауда қызметтері нарығының көлемі 1,2 трлн теңгені құраған, оның 50,3%-ы жолаушылар тасымалдау қызметіне тиесілі. Өткен жылдың 11 айында 2,2 трлн теңге немесе 13%. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған электронды сауда үлесі 13,2%-ды құрауы тиіс.

«Министрліктің алдында электронды сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Басқа да атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталатын болсам, бірінші кезекте Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп электронды коммерцияның статистикасын қалыптастыру әдістемесін қайта қарадық. 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында түзетулер әзірленіп, қазіргі таңда осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда» деді министр.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, электронды коммерция мектебі жобасы іске асырылып, оның шеңберінде 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері оқыту курсынан өткен. Оларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында еліміздің барлық өңірінде электронды коммерцияны оқыту орталықтары ашылады. Бүгінде мұндай оқыту орталықтары Батыс өңірдегі төрт аймақта іске қосылған. 

Маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейтуге ерекше назар аударылады. Бүгінде Сlever Market маркетплейсінің басты парақшаларында отандық өнімге баннер шығарылды, алдымен қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерін шығаруға басымдық берілген. Қытайдың Alibaba және JD.com ірі маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылды. Alibaba-да 7500 тауар, JD.com-да тауарлардың отыз түрі ұсынылған, осы платформаға 1,5 млн-нан астам қазақстандық қызығушылық танытып отыр.

Елімізде екі ірі ресейлік маркетплейстер – Ozon және Wildberries жұмыс істейді. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша Ozon алаңында тіркелген қазақстандық сатушылардың саны – 45400, Wildberries алаңында – 55704. Ozon маркетплейсі екі фулфилмент-сұрыптау орталығын іске қосты, барлық қалаларда 1189 тапсырысты жеткізу пункті ашылған.

Wildberries маркетплейсі жалпы ауданы 29600 шаршы метрді құрайтын алты логистикалық орталық және 621 тапсырысты жеткізу пунктін ашты. Астана мен Алматы қалаларында екі фулфилмент орталығын салуды жоспарлауда. Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының профильді министрліктерімен меморандумға қол қойылды.

«Өткен жылдың қыркүйек айында Алматыда алты елден 300-ден астам қатысушының атсалысуымен Бірінші Орталық Азия электронды коммерция форумы өтті. Былтыр Орталық Азия елдерінің бірыңғай платформасы Central Asia Gateway іске қосылды. Ол Абу-Даби қаласында өткен Дүниежүзілік инвестициялық форум аясында «Үздік сауда ақпараттық порталы» номинациясы бойынша Digital Government Awards жеңімпаз атанды» деді Арман Шаққалиев.

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың электронды саудасын жүзеге асыратын, электронды түрде қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік компаниялар үшін Google салығы (импорт салығы) деп аталатын салық енгізілген. Жыл қорытындысы бойынша алпыс шетелдік компания тіркелген, олардың төлеген салық сомасы 34,8 млрд теңге болған (2022 ж. – 16,4 млрд теңге, 2023 ж. – 18,4 млрд теңге).

Электронды сауданы дамыту шарттарының бірі – қоймалық және логистикалық инфрақұрылымның болуы.

Министрліктің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғастырылатын болады. Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын алпыстан жеті күнге дейін қысқартады.

Кәсіпкерлерге маркетплейстерде қалай тіркелуді, тауарды қалай сатуды және логистика құруды үйретеді. Егер экспорттық әлеует болса, онда мұнда контрпартнер іздеуден бастап сақтандыру және қаржылық шараларды қоса алғанда, көлік шығындарын өтеуге дейінгі Қазтрейд және ҚазақЭкспорт құралдары қосылады.

«Халықаралық ұйымдар шеңберінде жұмыс жалғасатын болады. Электронды сату арқылы басқа елдермен тауар айналымын жыл сайын $100 млн-нан аса ұлғайтуды көздеп отырмыз. «Nomads of Central Asia» брендінің қолөнер сияқты тауарларын бірлесіп іске асыру үшін ірі әлемдік маркетплейстерде Орталық Азия павильонының ашылуы пысықталатын болады. Министрлік пен бизнес арасында сындарлы диалог құру үшін «Атамекен» ұлттық палатасында тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы іске қосылды» деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, бұл электронды сауданы дамытуға қолайлы жағдайлар жасау жөнінде жедел, ең бастысы тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Жалпы жоғарыда аталған бастамалар электронды сауданы дамытуға өз үлесін қосады және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<