Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығымен азаматтық қорғау майоры Ғафур Әлиұлы Ақмырзаев Жалағаш аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов актив отырысында кадрлық өзгерістерге тоқталып, жаңадан тағайындалған бөлім бастығын аудан активіне таныстырды.
«Сізге азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету, азаматтық қорғау күштерінің қызметін үйлестіру, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру міндеттері жүктеледі. Сонымен қатар, су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырып, жүргізуді тапсырамын. Төтенше жағдайлар саласындағы тәжірибеңіз бен біліктілігіңізді ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенеміз. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Ғафур Әлиұлы Ақмырзаев 1991 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді. Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау университетін «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін «Төтенше жағдайларды жою және азаматтық қорғаныс» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
Еңбек жолын Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде төтенше жағдайларды жою бөлімінің аға инженері болып бастаған. Әр жылдары аталған департаментте бас маман, азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері және аға офицері қызметтерін атқарған.
2026 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Жаңақорған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы қызметін атқарып келді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






