Түркістан облысындағы «Жаңақорған – Түркістан» учаскесінде келеңсіз жағдай орын алды. Нақтырақ айтқанда, Шиелі – Түркістан аралығында «Саратов – Алматы» бағыты бойынша жүріп бара жатқан №7/8 жолаушылар пойызының бір вагоны рельстен шығып кеткен.
«Қазақстан темір жолы» ҚТЖ компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 16 маусым күні сағат 12:49-да болған. Қозғалыс үстінде техникалық себептерге байланысты вагонның дөңгелек жұптары рельстен тайып кеткені анықталды.
Апат орын алған сәтте вагонда 36 жолаушы болған, олардың 13-і – балалар. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Оның ішінде бір жолаушы әйел вагонның әжетханасында болған кезде соққыдан басын жарақаттап алса, тағы бір бала қайнаған суға күйіп қалған. Дегенмен, компания өкілдері зардап шеккен жолаушыларға бірден медициналық көмек ұсынылғанын, бірақ олардың бұл көмектен бас тартқанын хабарлады.
«Оқиғаның салдарынан туындаған ақауларды жою және теміржол қозғалысын қайта қалпына келтіру мақсатында оқиға орнына шұғыл түрде арнайы қалпына келтіру пойызы жіберілді. Қазіргі уақытта техникалық ақаулықтың және оқиғаның орын алу себептері жан-жақты анықталып жатыр», — деп мәлімдеді ҚТЖ баспасөз қызметі
Сонымен қатар, жолдан қалған жолаушыларды межелі жеріне аман-есен жеткізу үшін жедел түрде қосымша пойыз жіберілген. Адамдарды жаңа пойызға отырғызу және жөнелту жұмыстары барынша жеделдетілген режимде ұйымдастырылды.






