Инвестициядағы жаңа игілік

4023

0

сурет ашық дереккөзден

Кез келген елдің әлеуметтік һәм экономикалық жағдайы инвестиция тартумен, инфрақұрылымды дамытумен бағаланады. Бұл тұрғыда Қазақстан нендей жетістіктерге жетті? Сараптап көрмес бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы тапсырмасын еске салсақ. «2029 жылға қарай елімізге тартылатын инвестиция көлемі 150 млрд долларға жетуі тиіс» деген еді Президент. Қазір республиканың инвестициялық белсенділігі жаман емес, десек те алға қойған міндеттің жүгі ауыр. Оның орындалуы үшін Инвестициялық штабтың қосар үлесі мол болмақ.  

Саясаттағы сәтті серпін

Қазір елімізде Инвестициялық штаб жұмыс істейтіні белгілі, отандық және шетелдік инвесторлардың нақты кейсін бизнестің алдында тұрған мәселелерді қарастырып, трендтер мен тәуекелдерді зерделейді. Оған сәлден соң кеңірек тоқталамыз, алдымен инвестиция тартудан алдамыз ба, арттамыз ба, сандарға көз жүгіртіп алайық. Жалпы 2000-жылдардан кейін Қазақстанның инвестиция тарту қарқыны күшейді. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының есебіне сүйенсек, кейінгі 20 жылда мемлекетімізге түскен таза тікелей шетелдік инвестиция 83 пайызға өсіп, 6,1 млрд долларға жеткен. Осылайша ең ірі 50 елдің қатарына кіреді. Инвестиция ағыны бойынша дүние жүзіндегі транзиттік экономикалар арасында, посткеңестік 15 ел мен теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ 32 дамушы ел арасында көшбасшыға айналды. Сондықтан сарапшылар Қазақстанның өз позициясын сақтап қалуға және жақсартуға толық мүмкіндігі бар деп санайды.

2022 жылы Қазақстан 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартып, рекорд жаңартқан болатын. Әйтпесе 2012 жылғы деңгейден 10 жыл бойы аса алмаған едік. Ал бізге қай елдер көп инвестиция құйған дерсіз, тартылған инвестиция көлемінің шамамен үштен бірі Нидерландыдан (8,3 млрд доллар), тағы үштен бір бөлігі АҚШ-тан (5,1 млрд доллар), тағы бір басым бөлігі Швейцариядан (2,8 млрд доллар) келген. Барлығы да жаһандық саясат пен экономикада ықпалды елдер, яғни, бұл елдердің сенімі көптеген жетістіктерге шығаратыны анық. Былтыр да Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуда айтарлықтай нәтиже көрсете алды. Атап айтқанда, осы салаға салынған инвестиция өткен жылғы жалпы инвестицияның 20 пайызын құрады. Бұрынғы 10 пайыздық шектен екі есе жоғары.

Жалпы 2005 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанда тікелей шетелдік инвестиция ағыны 402,7 млрд доллар болған. 2017-2022 жылдар аралығындағы тікелей шетелдік инвестицияның динамикасына қарасақ, 138 млрд долларды құраған. Осыған сәйкес, сарапшылардың көбі Мемлекет басшысы тапсырған 150 млрд долларлық межеге жету алдағы 6 жылда қиынға соқпайтынына сенімді. Биыл да қарқын бәсеңдеген жоқ, 3 трлн теңгеге 234 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның көлемі тағы артатыны анық.

Құзыры артқан штаб

Былтыр 5 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, онда инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кеңейтілген өкілеттіктері айқындалды. Енді біз сөз еткен Инвестициялық штабтың мүмкіндігі артты, Конституцияның 61-бабына сәйкес, заң күші бар және Үкімет қабылдайтын уақытша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлей алады.

Демек, штабтың шешімдерін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті болады. Ал шешімді жөнді орындамаған жағдайда штаб Президентке тәртiптiк жаза қолдану туралы, оның iшiнде қызметiнен босату сияқты шаралар жайлы ұсыныстар енгiзуге құқылы. Штабқа неге мықты құзыр беріп отыр? Өйткені бәрінен бұрын инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруға Инвестициялық штабтың төрағасы мен мүшелері мүдделі. Бұрын небір сәтті бастамалар ұсынғанымен, кейбір органдар құлақ аспай кететін. Қазір жауапкершіліктен қаша алмайды. Штаб тоқсанына кемінде бір рет Мемлекет басшысына атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.

Сондай-ақ Президент қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, Кеңеске ел экономикасын ынталандыруға бағытталған түрлі жобаны жүзеге асыруды жеделдету бойынша өкілеттіктер берілді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл енді Кеңес аясында инвестиция тартуда нақты нәтижеге жету үшін орталық, жергілікті атқарушы органдардың да басшыларына жауапкершілік жүктелгенін аңғартады. Ал инвестицияларды ынталандыру кеңесінің қызметін қадағалау Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жүктелді.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін мемлекетте жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар болған. Қиындықтар жобаны жүзеге асыру кезінде, яғни, жергілікті атқарушы органдарға арнайы экономикалық аймақтарда жер телімдерін бөліп, қажетті инфрақұрылымды, техникалық жағдайды қамтамасыз ету міндеті жүктелген кезде басталатын. Осы және басқа да мәселелер Инвестициялық штабта өткен кездесулерде көтерілді. Бұрын штабтың шешімі жай кеңес беру ретінде болатын. Бұдан былай реформа мәжбүрлі түрде орындату мәртебесіне ие болды.

Реформа жобаны іске асыру үдерісін жеделдетіп, инвесторлар үшін талап етілетін жұмыстар санын қысқартуы керек. Көп өтпесе де, қазір сарапшылар ондаған жаңа жобаға реформаның оң әсер етіп жатқанын айтуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа инвестициялық жобаларды үш жылға салықтан босату жоспары да алдағы ілгерілеуге сеп болары даусыз.

Өңірлердегі оң өзгеріс

Енді өңірлердің жекелеген жағдайына тоқталсақ. Инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқан аймақтар қазір жетерлік. Оның қатарында Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облысы мен Астана қаласы бар. Былтыр негізгі даму индикаторлары бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келген Қызылорда облысы 9 айдың қорытындысымен үздіктер қатарына тұрақтағаны мәлім. Қаңтар-қыркүйек айларында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы өсті. Салалар бойынша жіктесек, өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 пайызға, тұрғын үй көлемі 18,9 пайызға, сауда көлемі 4,1 пайызға, көлік және қоймалау көлемі 7,2 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 25,6 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті. Облыс бюджетінің көлемі 2022 жылы 387 млрд теңге болса, былтыр 9 айда 609 млрд теңгеге жеткен. Бюджеттің 61 пайызы халыққа қажетті саналатын әлеуметтік салаға бағытталған.

Сонымен, тынысы ашылған Инвестициялық штаб алда көптеген игі істерді атқаратынына сенім мол. Әуелі штаб бірнеше мәселелерді шешіп алғаны абзал. Мәселен, соның бірі – қалалар мен аймақтарды дамытудың жалпы стратегиясы жоқ. Аймаққа инвестиция тарту жұмысы кей кезде өңірдің нақты қажеттілігіне сәйкес келмей жатады. Бұл мәселе төменнен жоғары өңірлік кластерлерді дамыту, өңірлік инвестициялық бағдарламалар, инвестициялар мен субсидияларды мақсатты бағыттау, қаржыландырудағы басымдықтарды анықтау арқылы шешілмек. Не де болса, оң өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға септескені жөн.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<