ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ: кәсіпкерлікті дамытуға жаңаша серпін

937

0

Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Үкімет қаулысымен басым жобаларды жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы қабылданды. Негізгі мақсат – экономиканың нақты секторын қаржыландыру, отандық өнімді дамыту, импорттық ґлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыру. Бұл бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасы» деп аталды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға тапсырма берген болатын. Елбасы тапсырмасымен 2019 жылдан бастап «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бо­йынша қолжетімді несие беруді шешу үшін 600 млрд теңге бөлінді. Биылдан бастап қаржыландырудың жалпы сомасы көбейіп, 1 трлн теңгеге артты. Ал, бұл жағдай кәсіпкерлердің үлкен ауқымын қамтып, жаңа жұмыс орындары мен жаңа өндірістік қуатты құруға мүмкіндік береді.

Шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қарапа­йым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сынға алған еді.

– Аталған бағдарлама импортты алмастыру және жұмыспен қамту үшін маңызды бастама ретінде қолға алынған. Бірақ 1 жарым жыл ішінде бұл бағдарламаның шарттары 6 рет қаралды. Ал, жалпы бөлінген 200 миллиард теңгеден сәл ғана асатын қаржының тек бестен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілердің саны және халық тұтынатын тауарлар импортының үлесі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Яғни, нақты мақсаттар мен міндеттемелерді айқындап алмай, ақша бөлеміз. Басқаша айтқанда, атаулары жақсы басқа бағдарламалар сияқты «қарапайым заттар экономикасының» да сәтсіздікке ұшырау қаупі туындады. Осыдан қорытынды шығару керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде қаржыландырудың 1 трлн теңгеге дейін артуы ескеріліп, қайта бөлу жүргізілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустрия­лық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсетуде – 300 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешені саласында қайта өңдеуде – 200 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешені өндірісінде 500 млрд теңге бөлінгенін атап өткен болатын. Соның ішінде 100 млрд теңге көктемгі дала жұмыстарына жұмсалады.

– Мұндай бөлу АӨК саласы мен тамақ өнеркәсібінің импортқа тәуелді еместігімен түсіндіріледі. Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары атап өткендей, агро­өнеркәсіп кешеніне, әсіресе төтенше жағдай кезінде баса назар аудару маңызды. АӨК саласы «пандемиядан кейінгі кезеңде» ұлттық экономиканы қалпына келтіруде жақсы серпін беруі керек.

Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін тауар номенклатурасы кеңейтілді. Негізінен оған АӨК саласы және тамақ өнеркәсібінің тауарлары енді. АӨК саласын қолдау үшін сондай-ақ көктемгі дала жұмыс­та­рына бөлінген 100 млрд тең­геден бөлек, көктемгі дала жұмыстары бойынша жобаларға, қаржы көзін шектеусіз, қаржы айналымын 1 жыл мерзімге 100 процентке толықтыру қарас­ты­рылған. Бағдарламаны іске асы­рудың барлық кезеңінде Үкі­мет қаулысына бірқатар тү­зе­тулер енгізілді. Несиелеу шарт­­тары бизнесті жеңілдету, қолжетімділікті қамтамасыз ету және үлкен қамтуды арттыру бағытында толығымен қайта қа­ралды, – деді Ринат Сұлтан­гереев.

Осылайша, кәсіпкерлерді несиелеу мөлшерлемесі жылдық 8%-тен 6%-ке дейін төменде­тіл­ді, ал жеңілдікті кезең енді несие мерзімінің үштен бір бөлігіне берілмек. Қарыз сомасының 50 процентіне дейін кепілдік беру құралы енгізілді, айналым қаражатын қарыз сомасының 50 процентіне дейін толықтыру мүмкіндігі қарастырылды. Не­сие­лендіруге жататын тауарлар мен қызметтердің тізбесі 365-тен 1000-нан астам түрге дейін кеңейтілді, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жік­теуіштерінің саны 65-тен 124-ке дейін өсті.

Ал, қазір Сыр елінде бағ­дарлама аясында қандай жұмыс­тар жүзеге асуда? Бүгінде облыс­та Жобалық кеңсе жұмысында жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын 153 жоба қамтылды. Оның ішінде құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 97 жобаның өтінімі мақұлданған. Осы жобаларды іске асыру кезінде бетон құбырлары, жемшөп өнімдері, ұзақ уақыт сақтауға арналған ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісін құру, жиһаз өнімдерінің ассортиментін кеңейту жоспарланған. Жалпы мақұлданған жобалардың ішінен 72 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Қазір сала мамандары кәсіп­керлерге осы бағытта ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Айта кету керек, «Аралтұз» акционерлік қоғамы бағдарлама аясында үшінші испан цехының құрылысын бас­тады. Цех іске қосылған кезде кәсіпорын Қытай нарығына жылына 100 мың тонна ас тұзын экспорттайды деп күтілуде әрі қосымша 250 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, «Мелиоратор» серіктестігінің бастамасымен құрылыс мақсатында пай­далануға арналған бетоннан, цемент­тен немесе жасанды тас­тан жасалған дайын бұйымдар шығару цехы іске қосылуда. Иә, өңірде құрылыс индустрия­сы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған бағдарламаның тиімділігін тү­сін­ген тұрғындар артса, бұл өз­геріс кәсіпкерлікті дамытуға жаңаша серпін бермек.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<