Шығыстарға бақылау күшейді

1064

0

Аймақта ашық бюджеттің интерактивті картасына  700 мекеме өз бюджеттерін енгізуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов мәлімдеді.

– Жұмысты жергілікті ат­қару­шы органдармен тығыз байла­ныста іске асырдық. Картада бар­лығы 737,6 млрд теңгеден астам қаражат қамтылған. Басты мақсат – жемқорлықты болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу, – деді Бақытжан Ниязов.

Бүгінде мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі арқылы мониторинг жұмыстары да жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет енгізген ұсыныстар нәтижесінде облыста 223 млн теңгеден астам қаражат қайта жоспарланған.

– Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Әсіресе, пандемия мен карантиндік шараларды еске­ре отырып, конференция мен семи­нарлар, басқа да көпшілік шаралар, көлік пен жиһаз сияқты тауарларды сатып алуға қатысты шығыстарға бақылау күшейтілді, – деді ол.

Айта кету керек, алдын алу шараларының негізінде облыста жемқорлық деректері біршама азайған. Мәселен, жыл басынан бері жемқорлық сипатында 62 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103-ті көрсеткен. Ал парақорлық фактілері 29 болса, өкілеттілікті пайдалану бойынша 6 оқиға тіркелген.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<