Субсидия: Алашақ пен берешек

1299

0

Өмірдің қарапайым қағидасын түсіну үшін тым ақылды болудың қажеті шамалы. Санасында түйсігі бар адам әйтеуір сол өмірдің жазылған немесе жазылмаған заңдылығымен тіршілік етеді.

Біз осыдан 30 жыл бұрын ескі жүйеден саналы түрде бас тартып, тәуелсіздігімізді жарияладық. Қызығымен бірге, тағдырлы, сындарлы жылдар өтті. Қазір барлығына ойша көз жүгіртесің, қай жерде дұрыс істедік, жаңылған тұсымыз қайсы?


Алғашқыда ел есеңгірегендей болды. Мемлекеттің ұдайы көмегіне сүйенген жоспарлы эко­номиканың әлеуметтік әді­леттілігі басым болғанын жасырғымыз келмейді. Халық бір күнде барынан айырылған соң қиналды. Кеңестік жүйенің қабырғасы сетінеп, құлағанын көп халық түсінбеді. Олардың санасы мұндай сойқанды қабылдауға дайын емес еді.

Бірақ бір шындықты айналып өтуге болмайды. 80-жылдардың орта шенінде жоспарлы жүйенің бүкіл тіршілігі діңкеледі. Сөрелер бос қалды. Мұндайда керемет идеология да дәрменсіз. Өйткені қарны аш адамға жақсы сөз, жалынды ұран тамақ болмайды.


Айт­пақшы, социалистік эконо­миканың табиғаты ешкімге ұқса­майтын. Еңбек бағаланады. Үздік­тер ордендермен, атақ­тармен құрметтеледі. Бірақ оның сол кездері жалпақ жұрт түсіне бермейтін түйткілдері көп болды. Есептегі қағаз тым асырып көрсетіледі. Ауданнан облысқа, одан әрі Алматыдан Мәскеуге жетеді.

Дегенмен, кеңес­тік экономика тым мырзалық танытып, өтірік есепке ақша төлейді. Әрбір 100 саулық­тан 150-200 қозы, күріштің әрбір гек­тарынан 80-120 центнер өнім алу есеп бойынша үйреншікті дағдыға айналған. Өзбек­станда тіпті сұмдық. Әрбір гектардан алынып жатқан мақтаның көтеріңкі есеп­тері­нен басыңыз айналады. Бір қызығы, сол цифрларды Мәскеу жақсы көреді. Молдова да, Әзер­байжан да, Ар­мения да, Грузия да сондай.


Кеңес әлемі құлаған соң нарықтық экономика енді. Бұл өмірдің өзі туғызған қажеттілігі еді. Себебі экономикадағы жал­ған деректер нарық заңымен үйлес­пейді. Өйткені нарық жекеменшік институтын қалыптастырады. Міне, 30 жыл өтті, нарық заңды­лы­ғымен өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Мұны бір деп қойыңыз.


Енді негізгі айтпағымызға келейік. Соң­ғы жылдары Қы­зыл­орданың басты дақылы – күріштің жайы туралы сыпсың әңгі­мелер жиі айтылатын болды. Әсіресе, облыстың бел­гілі деген ел басқарған айтулы азаматтарының өзі бү­гінгі мәліметтерге күмәнмен қарайды. Әлеуметтік желілерде шындықтың жан­айқайын шы­ғарып жатқандар қаншама?! «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды», демек, сыпсың әңгіме­лердің сыңайында бір түйт­кілдің болғаны ғой. Бұл әңгіменің қозғалғанына онда­ған жылдардың жүзі болды. Жасыратыны жоқ, біздің де атал­ған тақырыпты зерделеу үшін көп уақыт жұмсауымызға тура келді.


Алысқа бармай-ақ, 2020 жыл­дың егін көрсеткішінен бастағанды жөн көрдік. «…Сыр диқандары ағымдағы жылғы су тапшылығына қарамастан 89,5 мың гектар күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алып, ел қамбасына 551,3 мың тонна өнім құйды», деп хабарланды ресми ақпаратта. Ескеретін нәрсе, дәл осы көрсеткіш бізде, өкінішке орай, 2020 жылы ғана жарияланып отырған жоқ. Бірнеше ондаған жылдардың көрсеткіші арифметикалық өсім бойынша көтеріліп келеді. Осыған орай мемлекеттен беріліп жатқан қаржылай көмектің ауқымы да орасан зор. Мұның сырын білу үшін біз өмірдің кейбір көлеңкелі тұстарына үңілуімізге тура келді.


Қызықты деректер келтірейік. 1990 жылы Қызылорда облысында әр гектардан 46,5 центнерден өнім жиналыпты. 1993 жылға дейін шамамен осы көрсеткіш қайталана береді. Кейінгі тоқырау жылдарында көтеріңкі көрсеткіштің ешкімге қажеті болмай қалған сыңайлы. 1994-2006 жылдары өнімділік 27-33 центнер аралығын құрайды. Осы жылдарды бекер айтып отырғанымыз жоқ. Аталған кезеңде мемлекеттің қаржы қауқары оншалықты кереметтей емес еді. Мұнай бағасы төмендеді, елдің әлеуметтік күнделікті ахуалын жақсартудың өзі үлкен проблемаға айналды.


Экономикада сыртқы коньюнктура деген ұғым бар. Бұл – негізінен біздің басты байлығымыз – мұнай-газ, басқа да жерасты қазынамыздың әлемдік бағасымен ұштас­ты­рылатын ұғым. 2000 жылдардың басында әлемде мұнай бағасы көтерілді. Сол кезеңнің орта тұсында ол тіпті барреліне 150-180 долларға жетті.

Қазақстан бюджеті ернеуінен асып төгілді. «Артық» ақшаны не істеуге болады? Оны жұмсаудың жолын белгілейтіндер табыла кетті. Ауылшаруашылық дақылдарына мемлекеттік бюд­жеттен субсидия беріле бастады. Көктен түскен оңай ақшаны байқаған әлгі пы­сықтар егістік көле­мін өсі­ріп, одан түсетін түсім­ді­лікті ұлғайта бастады.


Статистика не дейді? 2014 жылы гектарына 40,2 центнер өнім алынса, 2020 жылы 60 центнерді төңіректей бас­тады. Шындыққа жанаса ма? Зерделеу, санада қорыту күрделі. Дегенмен ақырындап, жылжып көрейік. Алдымен субсидиядан бас­тағанды жөн көрдік.


Көтеріліп отырған мәсе­ленің сипатына байланыс­ты бірқатар облыс­тық ұйым­дар басшыларына тиісті қаты­нас­тар жолдап, олардан жауап алған едік. Солардың бірі күріш өндірісіне қатысты 2017-2021 жылдар аралығында мемлекет тарапынан берілген субсидиялар туралы мәлімет облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масынан сұралды. Көп ұзамай басқарма басшысының орынбасары Қай­ратбек Сәр­сенбаевтан жауап алдық.


Шынын айту керек, күріш дақылы бойынша мемлекеттен осынша кө­лемде субсидия берілетінін күтпеген едік. Олар негізінен суды жеткізу бойынша қызметтің, басым дақылдардың, гербицидтердің (пестицидтердің), тыңайт­қыш­­тардың құнын, тұқым шар­уашылығын дамытуды суб­сидиялау мәселесін қозғай­тын еді.

Мемлекеттік орган болған соң есептер қағазға өрнектеліп, рет-ретімен жазылыпты. Бұл, әрине, құптарлық. Біз қаржы ұйымы емеспіз, журналистерге қаздай тізілген цифрлардың қажеті шамалы, сондықтан олардың бір­қатарын дөңгелектеп ал­ғанды жөн көрдік.


Аталған бес жылда су жеткізуде қызмет құнын субси­диялауға облыс бойынша шамамен 1,8 млрд теңге мемлекет қаржысы алыныпты. Ал басым дақылдардың құнын субсидиялау бойынша барлық қаржы шамамен 5,6 млрд теңгені құрайды. Одан кейін гербицид құнын субсидиялау бойынша алынған қаржы – жобамен 2,4 млрд теңге. Тыңайтқыштардың құ­нын субсидиялау бойынша алынған қаржы осы жылдар ішінде 7,8 млрд теңгені құрайды. Бұған 2021 жылы алынуға тиіс қаржы да кіреді.


Тоқетерін айтқанда, 2017-2021 жылдар аралығында об­лыс­­тың басты дақылдарына берілген субсидия көлемі шамамен 18 млрд теңгені құрайды. Біздің пайымдауымызша, оның 15 млрд теңгесі күріш дақылына қатысты. Шерімбет шамамен күрішке қатысы жылына 3 млрд теңге құрайды.

Қайталап айтамыз, осының барлығы – дөңгелектеп, цифрлардың не­гізгі мазмұнын сақтай отырып алынған деректер екенін еске салғымыз келеді.


Иә, жоғарыда айтқандай, біздегі бюджет тайқазанының ернеуі асып-төгіліп жатыр. Бұл – байлық, қағаздағы цифрдан бас айналады. Алайда мемлекеттің осынша қол­дау қаржысы үйіп-төгіліп беріліп жатса да саладағы тіршілікке аға ұрпақ өкілдері риза емес. Аттарын атамау­ды сұраған сол кісілердің айтқандары біздің пайымдауымызша кө­ңілге қо­нымды.

Өмірдің ащы-тұ­щысын қатар тартқан білікті, білімді ағайын күріштің орташа түсім­ділігі 60 центнердің ақылға сы­йымсыз екенін айтады. «Орташа өнім 60 центнер болса, облыс шаруашылықтарының тең жарымы 40, екінші жарымы 80 центнерден өнім алу керек. Бұл есепке де, логикаға да сыйымды болар еді. Бірақ бұл цифрды қағаз көтергенімен, өмір көтермейді», – дейді олар.


«Жалағаш ауданы бойынша күріш жинауға облыстың ірі автокөлік кәсіпорындары тартылып, гектарына 40 центнер өнімді зорға тасып үлгіретін еді, – дейді тағы бір азамат. Ал қазір өнімді кім қалай, қайда тасып жатқанын ешкім білмейді».


Әлқиссаны өзіміз айта беретін салық түсімдерінен бас­­та­йық. Әлгі екі аудан­ның шаруа­шылықтары ­күріш­тен мол өнім алатын бол­ған­дық­тан, тиісті орынға арнайы қатынас хат жол­дадық. Облыстық мемлекеттік кіріс­тер департаменті біздің өтіні­шімізге сәйкес мынадай мәлі­меттер жол­дады. Атап айтқанда, біз «Таң ЛТД», «Бай­табын», «Еңбек Жер», «Мақпалкөл», «Ер-Әлі», «Мағ­жан и К», «Шаған Жер», «Бесарық», «Мади Қажы» ЖШС 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша төленген салықтардың мөлшеріне қанықтық. Бұл шар­уа­шылықтар Сырдария және Жалағаш аудандарының ау­­мағын қамтиды.


Өткен жылы аталған шаруа­­шы­лықтар 2 млн теңге­ден бас­тап 353 млн теңгеге дейін салық төлеген. Соңғысы «Мағжан и К» ЖШС-ның үлесі болып табылады. Шамасы, бұл шар­уа­шылықтың басқа сала­дағы тіршіліктері сан салалы болуы керек деп ойлаймыз. Жалпы, қоғамдық пайымда «Мағжан и К» туралы пікір бөтен емес. Елге демеушілігі, қолдауы қо­мақты. Сондай-ақ мұндай салық мөлшері «Шаған Жер», «Байтабын» ЖШС, «Мади Қажы» сияқты кәсіпкерлік құры­­лымдарына тән. Халық Жалағаш ауданы «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруа қожа­лығы туралы да жақсы пікір айтады. Шаруашылық өткен жылы 1200 гектардан 75 центнерден өнім алған.

Күріштікті марамен тегістейді, тұқым сапасына қатты мән береді. Ізденгіш, агротехниканы сақ­тайды. Қалай болғанда да ел азаматтары өзінше тіршілік істеп, нарық жүйесіне сәйкес еңбектеніп жатқан жағдайы бар. Өкінішке орай, олар некен-саяқ.


Соңғы жылдары мемле­кеттің салыққа қатысты көз­қарасы өзгере бастады. Кім, не үшін қан­шалықты салық төледі? Сол кәсіптің мемлекетке қаншалықты тиімділігі бар? Миллиардтаған теңге субсидия алып, қазынаны тиын-тебенмен алдаған кімдерге тиімді? Осыдан туындайтын тағы бір қызық бар. Соңғы жылдары ауылдарда дүрбелең көбейіп кетті. Елдегі ағайынның көзі ашылып, бұрын жерге қа­тысты берген пай үлесін дау­лай бастады. Олар ауылдағы шаруа қожайындарының ау­қатты адамға айналғанын біліп алды. Айтатыны жоқ, мәселе күрделі, субсидияның несібесін санаулы адамдар ғана көруде. Бұл заңдылықты қайта қарау қажеттігін тудырады. Себебі халық жіктеліп, олардың кедейлену үрдісінің жылдам өрбуіне әкеп соғуда.

Айтатыны жоқ, қауіпті үдеріс.
Әңгіменің ақиқаты керек, ел бостан-бос даурықпайды, тек­тен-тек шу көтермейді.

Шы­дам­ның да шегі бар, елдегі халық төзімі таусылған соң бас көтереді. Оларды бос уәденің шаршатқаны қашшан. Елдегі аға­йынның пікіріне сүйенсек, қазір суармалы егіншіліктің проблемасы жылдан жылға ушыға түсуде. Шындығын айтқанда, бұл кеңес жүйесінен бізге мұра болып қалған 180 мың гектар жер. Оған соңғы жылдары пайда болған су тапшылығын қосыңыз. Уәжді сөзге тоқтайтындар біздің суды тым ысыраппен пайдаланып жатқанымызды ай­тады. Қысқасы, есеп жоқ, барлығы сол мезетте алған пайдасын қолайлы көреді.

Шар­уашылықтардың ішкі су жол­дарының ше­шіл­меген проб­­­­лемасы шаш етектен. Олар­­дың бүгінге дейін иесі айқын­далмаған. Кім жөндейді? Қалыпты деңгейде қалай ұстап тұруға болады?


Мамандар жалпы облыста егістікте терең талдау жүргізу қажеттігін айтады. Шындық айтылу керек. Біз әдетте субсидия алу үшін егін өнімділігін еселеп көрсетеміз. Ал алған пайдадан су құрылғыларын жөндеуге қаржы бөлмейміз. Табыстың қасында жұмсайтын шығын тиын-тебен. Бірақ то­йым­сыздық психология өнім өндіріп, қыруар пайда алуға итермелейді. Жалпы халық игілігі болса кәнекей, табыс санаулы адамдардың еншісіне бұйыруда. Сонау қоңыр күзден келесі қыркүйекке дейін Моң­ғолиядан бастап Шығыс Еуропа нарығына тасылып жатқан күріштің игілігін облыста санау­лы адамдар ғана көруде.


Мемлекет басшысы Қазақ­станның ауыл шаруа­шылы­ғында еңбек өнімді­лігінің өте төмен екенін мәлімдеді. Не істеу керек? Ол әлемнің озық технологиялық үдерістерін пай­далануды талап етеді. Егер біз облыстың аймақтық ішкі жалпы өнімінің көрсет­кіш­терін алсақ, 2020 жылғы жал­пы 1,6 трлн теңгенің ішінде ауыл ­шаруашылығы сала­сының үлесі 100 млрд тең­геге жетпейді.

Қысқасы, егін шаруа­шылығында ширататын шаруа көп. Бұл ел­дегі халықтың өмірлік қа­жеттілігі деп ­санаймыз.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<