Төрт бәйтерек

245

0

Әлі есімде бұл суретті белгілі фототілші Болат Омарәлиев сонау бір жылдары Баспасөз күніне орай түсірген болатын. Төрт аға, төрт бәйтерек – Сүлеймен Сейітов, Зейнолла Жарқынбаев, журналист-сатирик, «Ара» журналының редакторы Сақтапберген Әлжіков, ұзақ жыл бұрынғы «Ленин жолында» редактор болған Қалқабай Әбенов редакциядағы кездесу кешінде өткен күндерден естелік айтып, бәрімізді тамсандырғаны бар. Кездесу қызықты өтіп еді-ау!

Майдангер журналист, полк комиссары, полковник Сүлеймен Сейітов өткен  күндерді еске алып, тебірене әңгіме қозғағаны бар.

– Мен, –  деді Сүлеймен аға, – 1942 жылы майданға аттандым. Ол кезде обкомда нұсқаушы болатынмын. Сұрапыл соғысты бастан өткіздім, ауыр жараландым. Біздер алғашында Ақтөбеде алты айдай жаттығуда болдық. Сонда қаладағы ағарту училищесінде оқитын қыздар келіп, концерт қоятын. Біз қыздармен бірге би билейміз, қосыла ән шырқаймыз. Сол кездесуде мен Ақтөбенің қызы Еленамен таныстым. Әйткенмен, бір түнде біздің полктің жауынгерлерін соғысқа аттандырып жіберді. Еленамен қоштаса алмай қалдым. Қыз уәдеге берік екен, мені соғыстан оралғанша күтіп, туған жерім Қазалыға келіп қызмет істеді. Бес жылдай мені күтті. 1947 жылы әскерден оралған бойда Елена Қабиқызына үйлендім. Обкомда бірер ай қызмет істеген соң 1949 жылы «Ленин жолына» редактор болдым. Бұл қызметті 1951 жылға дейін атқарып, кейін тың өлкесіндегі «Есіл правдасында» редактор болдым. Қызмет бабымен Қызылордаға келіп, көп жыл облыстық баспасөз басқармасында еңбек етіп, зейнетке шықтым.

Кездесу кешінде Зейнолла Жарқынбаев өзінің еңбек жолы әскери газетте басталғанын, содан 1955-1962 жылдары жеті жылдай «Ленин жолында» редактор болғанын, талай бастамаларға, газетте «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» атты әзіл-оспақ бұрышын ашуға ұйтқы болғанын айтып, біраз әңгіменің тізгінін ағытты. Ал сатирик жазушы Сақтапберген Әлжіков өзінің әзіл-оспаққа толы дүниелерінен үзінді әңгіме қозғап, бәрімізді бір сілкіндіріп тастады.

Сөз кезегі Қалқабай Әбенов ағаға келді. Баспасөз қайраткері 1968-1985 жылдар аралығында «Ленин жолында» редактор, жас журналистерге қамқоршы болғанынан сөз қозғады. Өзінің сонау 1930 жылдары өзбек жерінде білім алып, Тәшкендегі педучилищені бітіргенін, туысқан халықтың тілін бір кісідей білетінін айтып, қызықты естеліктер өрбіткен-ді.

Төрт бірдей алып ағалардың бұл суреті күні кешегідей көзге оттай басылады. Суреттер сыр шертеді деген рас.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<