2022 жылы демалыс күндері ауысады

741

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Еңбек кодексінің 85-бабы 3-тармағына сәйкес және жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында үкімет келесі жылы демалыс күндерін ауыстыруды жоспарлап отыр.

Демалыс күндері:

2022 жылғы 5 наурыз сенбіден 2022 жылғы 7 наурыз дүйсенбіге;
2022 жылғы 27 тамыз сенбіден 2022 жылғы 29 тамыз дүйсенбіге ауыстырылсын, делінген қаулыда.


Айта кетерлігі, 2022 жылы 8 наурыз мейрамы сейсенбіге түсіп тұр. Осылайша қазақстандықтар қатарынан үш күн – 6, 7 және 8 наурыз демалады. 30 тамыз – Конституция күні де сейсенбі күні аталып өтеді. Сол себепті бұл мейрамда да адамдар қатарынан үш күн – 28, 29 және 30 тамыз демалмақ.

«Демалыс күндерін алдын ала ауыстыру демалуды, мәдени-бұқаралық және корпоративтік іс-шараларды, сондай-ақ олармен байланысты шығыстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді», – делінген түсіндірме жазбада.

Қаулы жобасын қоғамдық талқылау мерзімі 7 қыркүйекке дейін созылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<