Әртараптандыру емес, қайта мамандандыру керек

198

0

Бұл өзі Қызылорда төңірегіне таныс емес дақыл. Қант құмайын айтам-дағы. Кейде қант құмайы немесе құмай жүгерісі деп аталып жүр. Ыстық пен сортаңға төзгіш. Мал азығына нағыз керегің де осы.

Бірақ негізгі дақылы күріш болып саналатын өңірде мұны қажетсінгендер аз. Оның үстіне барлық техника өз жабдығымен күріш өсіруге бағытталған болса, қант құмайын өсірем дейтіндер әзірге мұның пайдасын дұрыс сезінбеуі де мүмкін ғой.

Құмай дақылына етене кіруіміздің себебі бар. Биыл дарияда су тым аз. Мәселе айтылып та, жазылып та келеді. Өңірдегі диқандар өсірген күрішті суға бастыруда қиындық болмай қалған жоқ. Жергілікті билік бұған амал ойластырғанмен, алдын алар шаруа өте көп. Бұл жерде бір ғана мақсат тұрды. Ол – егістікте суды аз қажет ететін дақыл түрлерін көбейту. Жай ғана көбейту деп айтқанмен, оларды өсіру технологиялары бар емес пе? Ұдайы күріш еккен егінші қауым бұрын қолға да, көзге де таныс емес өзге егінді егуге тосырқай қарайтыны шындық.

Осы бағытта аймақта түрлі семинар-оқытулар басталды. Аудандағы шаруа­лар мен егін алқаптарының мамандарына суды аз қажет ететін дақылдарды егуде түрлі тәжірибелер өткізілуде. Ал күні кеше Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу инс­титуты жанынан құрылған «Қы­зыл­орда» білім тарату орталығында «Қызылорда облысы жағдайында қант құ­майын өсіру технологиясы» тақы­рыбын­да оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Сонымен ала жаздай табаны судан босамайтын күріштің орнын құмаймен ауыстырдық делік. Барлығын емес, әрине. Одан ұтарымыз қандай? Семинар барысында ұққанымыздай, ғалымдар ерекше назар аударып отырған қант құмайының нағыз Қызылорда жеріне дөп келетіндей жөні бар. Бұл ойды арнайы маман кеңесінен кейін қорытып отырмыз.

– «Өңірдегі күріш ауыспалы егістігіне құмай дақылын енгізудің тиімділігі неде?» деген сұрақ барлық шаруаның ойында тұр. Айтайық. Біріншіден, дәл қазіргі әр тамшы судың сұрауы болған заманда бізге оны өте аз қажет ететін әрі пайдасы бар дақыл өсіру керек. Соның бірі де, бірегейі де – осы қант құмайы. Екіншіден, ол топырақтың физикалық-химиялық құрамын жақсартады. Ол не деген сөз? Ұдайы күріш егілген жердің үстіңгі қабаты қатты болады. Ал оның астыңғы қабаты мүлде демалыссыз жатады. Құмайдың тамыры қатты қабатты жарып, астыңғы қабатқа өтеді. Одан кейін сол арқылы ауа, су айналымға түсіп, топырақта тіршілік пайда болады. Былайынша айтқанда, құнары арта түседі. Ал химиялық деп отырғанымыз біздің топырақта тұздың үлес салмағы өте көп. Қай жерді алып қазсаңыз, тұз болады. Бұл өсімдік тұзды бойына сіңіріп, өзіне қоректік зат ретінде пайдаланады, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев.

Ғалымның айтатынындай бар. Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Ол топырақтағы тұзды өзіне тартқанымен қоймай, кейбір улы заттарды да жоюға көмектеседі. Ал тамыры жерде қара шірік болып қалады.

– Мал азығында маңызы зор. Одан бөлек, терең өңдеу арқылы, ғылыми тілде кластер деп те жатады, сол арқылы ұн, жарма, крахмал, спирт өндірісінде пайдалануға болады. Сабағынан қағаз, сыпыртқы, басқа да құрылыс заттарын ала аласыз. Ең ерекше қасиеті – өте құрғақ аймақтарда да жоғары өнім береді, – дейді өз дәлелдерін айтқан ғалым Қанағат Біләлұлы.

Суға онша-мұнша тәуелділігі жоқ осы бір ғажап өсімдіктің отаны Африка деп те айтылады. Жүгері тәріздес дамиды. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденіпті. Түріне қарай биіктігі 5 метрге дейін арта беретін өсімдіктің малға берер құнары да ерекше. Бір ғана мысал, құмай сабағын басқа елдің фермерлері қыс ортасына дейін сақтайды екен. Әсіресе, сүтті сиырмен айналысатын кәсіпкерлер құмайдан дайындалған шөп бума­сын қыста ғана сүті азайған сиыр­ларына береді. Бір ғажабы, осы дақыл­мен азықтанған малдың сүті де тез қалпына келген. Бірден ет алып, қоңдануға да көп көмектеседі екен.

Дақылдың пайдасын білдік. Әзірге бар тәжірибемен оны кейбір шаруашылықтарда өсіріп жатырмыз. Уақыт өте келе, бұл кәсіптің де қыр-сырын меңгеру қиын емес. Рас, әрбір дақылдан жоғары өнім алу үшін оған алдымен техника қажет. Өкінішке қарай, біздің қолымызда ондай дүние жоқ.

– Осы жерде анықтап айтатын бір нәрсе бар. Егінді әртараптандыру дегеннен гөрі, шаруашылықты қайта мамандандыру деп айтқан жөн. Мысалы, мақсары, бұршақ, құмай, жүгері сияқты дақылды соңғы жылдары егуді қолға алдық. Оның жерін дайындайтын, тұқымын себетін, жинайтын техникасы бөлек. Бізге алдымен осы қажет. Бас салып «мынадай егуді қолға алыңдар» деген тапсырма шаруаға тым қиындық тудырады. Сондықтан шаруашылықтардың мүмкіндігіне қарай біртіндеп, осыларды жергілікті топыраққа сіңіру керек. Әлгі шаруа­шылықты қайта мамандандыру дегеніміз сол. Оған өзі үш-ақ техника жеткілікті. Культиватор, дән сепкіш және өнімді жинағыш техникалары. Ал картоп егетін шаруашылықтарға бұл үшеуінен бөлек, сақтау үшін керекті температура бере алатын қойма керек, – дейді ауыл шаруашылығы саласынындағы тәжірибелі маман, ғалым Қанағат Бегалиев.

Ауыспалы егістікте күріштен кейін жоңышқаны пайдаланып келгенбіз. Қазір оның орнын жоғарыда айтқандай, түрлі дақыл басып жатыр. Бұған мысал, осы күндері аймақта қант құмайын тәжірибе түрінде егуді қолға алған шаруашылық саны аз болса да артқан. Институт қызметкерлерінен бөлек, «Достық-Жер» ЖШС, «Мәді қажы» шаруашылығы, «Ақжарма-1» ШҚ сияқты ірі егін алқабын игерген серіктестіктер осы дақылды егуде. Құрғақшылық пен тұзға төзімді құмай қантына өзге қожалықтардан да қызығушылық жоқ емес.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз