Құрметті Олжас Абайұлы!
Қадірлі қауым!
Өңірдің өркендеуі – жүйелі жұмыстың, нақты жоспар мен жауапкершіліктің нәтижесі. Осы тұрғыдан алғанда, кейінгі төрт жылда Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысында ауқымды істер атқарылғаны, аймақтың даму динамикасынан айқын байқалады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлердің дамуына, халықтың тұрмысын жақсартуға барлық мүмкіндіктерді жасап келеді. Сыр жұртшылығы осы қолдаулары үшін Президентімізге ерекше ризашылығымыз бен алғысымызды білдіреміз және Өзі сенім артқан, облыс әкімі қызметіне жаңа тағайындалған Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Алдағы уақытта елдің ертеңіне бағытталған барлық бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға сенім білдіреміз.
Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің назарын өзіне аудартқан, барлық саласында тұрақты даму серпіні қалыптасқан елге айналды.
Елімізде жүргізіліп жатқан тиімді бағдарламалар мен Мемлекет басшысының ұтымды стратегиялық жобаларының игілігін ел көруде. Барша қызылордалықтар Президентіміздің Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамаларын қолдайды.
Расында, әділеттілік, заң мен тәртіп үстем құрған қоғамда тұрақты даму, болашаққа деген сенім нық болары сөзсіз. Осындай маңызды бағыттардың бірі, Президентіміздің жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясатының арқасында Сыр өңірінде де ірі инвесторларды тарту арқылы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі бүгінде 250 пайызға артты. Өткен жылдың өзінде 27 инвестициялық жоба іске асты. Озық технологиялармен толық автоматтандырылған – «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты, нан, кондитерлік өнімдер шығаратын «Қызылорда нан» зауыты іске қосылды.
Президентіміздің қолдауымен өңірдегі ең ірі жоба, Қызылорда қаласында түрік инвесторымен «Aksa Energy» жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға берілді. Испандық «Рокка групп» компаниясымен санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыттың құрылысы жақын күндері басталады. Оңтүстік Корея технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының құрылысы басталды. Жақында ғана «Харвест Агро» компаниясының агроиндустриалды кластерін құру жобасының бірінші кезеңі іске қосылды.
Президентіміздің қолдауымен облыстың егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Құрметті жиналған қауым!
Жалпы алғанда, бұл кезең нақты нәтижелермен ерекшеленетін, өңірдің дамуына серпін берген уақыт болды. Осы атқарылған жұмыстардың заңды жалғасы ретінде Нұрлыбек Машбекұлының жаңа жоғары қызметке тағайындалуы – оның еңбегіне берілген әділ баға және үлкен сенімнің көрінісі деп санаймыз.
Алдағы қызметіңізде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, ел игілігі жолында табысты еңбек ете беруіңізге тілектеспіз!
Сыр жұртшылығы атынан туған жерді түлетуге жасаған барлық қажырлы еңбегіңізге алғыс білдіреміз!
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері






