Алаула, Олимпиада алауы!

444

0

Адамзат баласы асыға күткен Токио Олимпиадасы төрімізге енді. Кеше Жапония елінің астанасында айтулы аламанның алауы жағылып, жалауы көкте желбіреді.

Жер-дүниенің әр қиырынан келген жампоздар енді екі аптадан астам уақыт бойы жаһан жұртшылығын қызықты сайыстарымен қуанышқа бөлейді. Олардың қатарында Қазақстан намысын қорғайтын 95 үкілі үмітіміз бар. Бүгінгідей қатерлі індет өршіп тұрған тұста дүбірлі дода әлем халқының жүрегіне жылу, жүзіне күлкі сыйлайды деген сенім зор.

Былтыр Токио Олимпиадасының бойтұмары ретінде Мирайтова және Сомэйти бекітілген еді. Жапон тілінен тәржімалағанда Мирайтова «болашақ» және «мәңгілік» сөздерінен құралған. Бұл болашаққа қадам басып, әлемдегі барша халықтың жүрегіне мәңгілік сенім орнату деген ойды білдіреді. Ал Сомэйти – гүлдеген сакураның сортынан туындаған сөз. Ол қиындыққа мойымай, шекараларды бұзып өтетін паралимпиадашылардың басты бойтұ­мары болмақ.

Бойтұмар жапондардың дәстүрлі мақалынан бастау алады. Мақалдың мазмұны ескіден үлгі алып, жаңалықтан үйрену керек дегенге саяды. Бой­тұмарда дәстүрді құрметтеу де, көнені ұмытпау да, жаңалыққа құмар инновациялық аспектілерді дәріптеу де кездеседі.

Мирайтова – әділдік пен спорттың белгісі. Сомэйти – гүлдеген шие мен ерекше күшке ие такстильді сенсорлары бар кейіпкер. Шие түстес антенна арқылы телепатикалық түрде хат жібереді. Ол өзінің плащын пайдаланып ұша алады. Өте сабырлы, бірақ керек кезінде үлкен күшке ие екенін көрсетіп, төзім мен мықтылықтың белгісі болған паралимпиадашыларды сипаттайды.

Расын айту керек, аталған айтулы аламанның өтуіне Жапония халқының басым бөлігі қарсылық білдірген болатын. Кейінгі әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, халықтың 55%-і жарысқа қарсы екенін айтқан. Бір жағынан олар елдің денсаулығына алаң­дай­тынын білдірген. Одан бөлек, шараның жергілікті тұрғындар үшін еш пайдасы жоқ дейді. Өйткені шетелдік көрермендер келмегесін туристерден табыс түспейді. Осы ретте наразылық акциялары әлі де басылмай тұр

Тағы бір айта кетерлігі, Олимпиада қалашығындағы тө­сек орындар қайта өңделген қатты қағаздан жасалған. Оны Жапония басшылығы қоршаған ортаны қорғау бағытында ұста­нып отырған саясатпен үнде­сетінін жеткізді.

Коронавирус демекші, ке­йінгі дерек бойынша Токиода бір күнде дерт жұқтырудың 1979 жаңа дерегі тіркелген. Бұл – биылғы жарты жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Қазір дүбірлі додаға қатысуға келген спортшылар мен делегаттар арасындағы вирус жұқтыру оқиғасы 100-ге таяп қалды. Алайда ұйымдастырушылар алаң­дауға негіз жоқ екенін айтады.

Олимпиаданың ашылу сал­танатына 950 ресми тұлға қатысты. Олардың арасында 15 мемлекет пен халықаралық ұйым басшылары бар. Қатерлі індеттен сақтық шараларына байланысты стадионға жан­күйерлер жіберілген жоқ.

Дүбірлі додаға қатысты теріс пікірлер аз емес. Соған қарамастан Жапония билігі де, ұйымдастырушылар да, бар­лығы ойдағыдай өтетініне сенімді. Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахтың айтуынша, аталған шара пандемияны еңсеретінімізге се­нім ұялатып, үміт пен бірліктің нышанына айналуы тиіс.

Токио төрінде Қазақстан жалауын қызыл­орда­лық бокс­шы Қам­шыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Жерлесіміз – біздің өңірден мұндай мәртебеге ие болған тұңғыш спортшы.

– Салтанатты шара барысында туды ұстап шығу міндеті маған сеніп тапсырылды. Мұндай зор сенім үшін барлық азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Олимпиада төрінде ел намысын қорғауға тұңғыш рет келіп отырмын. Біз бұл айтулы аламанды өте ұзақ күттік. Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік жаса­ғаны үшін Президентке және Ұлттық Олимпиада комитетіне зор алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Күншығыс еліндегі бәсекеде Сыр өңірінен үш үздігіміз бақ сынайды. Бокстан Қамшыбек Қоңқабаевтан өзге еркін кү­рес­тен Дәулет Нияз­беков пен каратэ-до шебері Мөлдір Жаңбырбай бар.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<