Дәстүр және пандемия

1209

0

Кішкентай қуаныштың өзін өзгемен бөліскенді жақсы көріп, үйіне қаумалап ағайын-туғанның келгенін қалап  тұратын қазақы көңіл әлемді шарпыған індет басталғалы қоңылтақсып қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деді.

Несін жасырайық, тапқанын тойға шашатын, халық үшін бір мезетте тойдың тоқтап қалуы, мейрамхана есіктерінің жабылуы ойламаған іс болды. Ешкім де ағайынның қуанышы түгілі қазасына бара алмай қаламыз деп ойламады. Індет өз дегенін жасады. Осы тоғыз айда жұртшылықты үнемшілдікке, астамшылыққа бармауға, үйреншікті нәрсеге басқа қырынан қарауға үйретті.

Шыны керек, соңғы кезде тойдағы ысырапшылдық пен бәсекелестік шектен шы­ғып, тәрбиелік мәнінен айырыла бастаған еді. Пандемия дара­қы­­­лықтың сәл болса да азаюына септігін тигізді. Үйлену тойы осы кезеңге тұспа-тұс келген жас жұ­байлар карантин талаптарына мо­йынсұнып, дүркіретіп той өткізбей-ақ некесін қидырып, үл­кен өмірге қадам басуға мәжбүр болды.

Жауапкершілікті сезініп, тойды тоқтатқандардың бірі – Талғат Тілес пен оның жары Айжан Қуанышбаева. Екі жастың ата-анасы 2019 жылдың қараша айында кездесіп, биылғы наурызда ұлан-асыр той жасауға келіседі. Бірақ…

– Екі жақтың келісімі бо­йынша Ұлыстың Ұлы күні Нау­рызда үлкен той болу керек еді. Алайда, елімізде наурыздың 6-да төтенше жағдай жарияланды. Ата-анама үлкен тойды жасамай, әулеттің үлкендерінің батасын алып, неке қидырсақ деп ұсыныс айттым. Пікірімді келіншегім де, ата-анасы да қолдады.  Өйткені, жақындарымыздың бас амандығы, қауіпсіздігі басты орында болды. Той болған соң қаншама қонақ келеді, көпшіліктің жиналуы өте қауіпті. Сондықтан осындай шешім қабылдадық, ешқан­дай өкініш жоқ.

Пандемия кезін­де  қаншама адам науқастанып, талай отбасы қайғыдан қан жұтты. Біз осындай шешімімізбен жақын­дарымыздың өміріне қауіп төн­дірген жоқпыз деп есептеймін. Тойсыз да бақыттымыз. Алда жақсы күндер туып, бұрынғы жаймашуақ кезге қайта оралатынымыз хақ, – дейді ол.

Отбасын, ата-анасын ойлайтын, жақынға жанашыр бола білетін, өмірге деген көзқарасы өзгеше, ысырап­шылдықтың не екенін түсінетін жастардың өсіп келе жатқандығы қуантады.

Иә,  Президент айтқандай, той қуалайтын емес, ой қуалайтын кез келді. Бос даңғазалыққа тоқтам керек. Қазір қоғамда тіпті тойға мораторий жариялау қажет деген де пікір тууда. Бұл тұрғыда ақын Нұрмат Мансұровтың ойын тыңдаған едік.

– Індет жайлаған тұста мұндай шешім қабылдау дұрыс, – дейді ол. – Әсіресе, той-томалаққа, жиынға тыйым салынғаны орынды болды. Дегенмен, той – халықтың қазынасы. “Құдай тойдан айырмасын” деген ниетте жүретін халықпыз ғой. Жаймашуақ кез туғанда мораторий жариялау қажет емес секілді. Бұл жерде тойдың айналасынан кәсібін жасап, нәпақасын тауып отырған қанша жан бар. Солардың тағдырын да таразыға салуымыз керек. Бастысы мемлекет тойдың реформасын, идеологиясын жасап, шектеу мен өзгеріс енгізсе деймін. Мұның барлығы аспаннан алынып жатқан жоқ. Көрші елдеріміз Өзбекстан, Тәжікстан әлдеқашан өтіп кеткен.  Қырғызстанда да бұл реформа қолға алынуда. Тойды бір қалыпқа түсіру, тәртіпке келтіру – біздің елімізде кезеңі жеткен,  кезек күттірмейтін мәселе. Алдыңғы топтан қалып қойдым деп, жалған намысқа салынып, бір-бірінен қалмау үшін кредит алып, оны төлей алмай шығынға бату белең алды. Онан бөлек, астатөк тамақ, алыс-беріс, дәстүрге өзіміз енгізген қажет емес дүниелер көбейді. Соның барлығына белгілі бір шектеу қажет. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келген. Карантинде жұрт аз да болса тізгін тартты.  Ендігі жерде ретсіз тәуекелшілдікке бармай, бәрі орнымен өтсе,  артық шығын болмайды. Ешкім де 4-5 жыл бойына несие төлеп, қарыз жауып жүрмес еді деп ойлаймын.

Меніңше, мемлекеттік деңгейде тойланатын тойлар мен сапасыз жиындарға мораторий жариялау керек. Миллиондарды талап ететін шырша мен салюттің, екі ауыз сөзін түсінбейтін шетелдік әншілердің не қажеті бар? Мүмкін бір кездері еліміздің имиджін көтеру үшін жасалған шығар. Ендігі уақытта оларға да тыйым керек. Оның орнына халыққа жұмыс болатын, нанын тауып жейтін кәсіпорын ашылсын. Президент “той – шығынсыз, идеологиялық, ағартушылық тұрғыда, барынша ысырапқорлықтан алыс, халыққа сіңімді түрде өтуі тиіс” деп жақсы бастама көтеріп жатыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. 

Ендігі бір айтылуы керек нәрсе – асабалар жайы. Қазір бипылауыз асабалар көп. Осы орайда тойдың реформасын жасағанда оларға сөз сөйлеуді, әдепті үйрететін бір қауымдастық жұмыс істеу қажет. Кей тойға барсақ, бетімізден басып, іштей ұялып отыратынымыз бар.

Эпидемиологиялық жағдай өмір ағысының арнасын өзгертті. Адамдардың санасында басқаша көзқарас пен түсінік қалыптасты. Тіпті, кейбір дәстүрлеріміз қайта жаңғырып жатқандай. Ескі альбом­дардан көретін кілем тұтылған палаткадағы той биыл қайта оралды. Бұрынғыдай шашылу, көл көсір дастархан жоқ. Алайда, дәл мұндай тойлардан “қазақтың дәстүрі толық ашылмай, көрсетілмей жатыр” дейді асаба Наурыз Дүрманов.

– Пандемияның кесірі тиген кәсіп иелерінің бірі – асабалар. Бір күнде бізден бөлек, биші, мейрамханада жұмыс істейтін аспаз, дая­шыларға дейін жұмыссыз қалды. Оңай болған жоқ. Коронавирус өр­шіп тұрғанда уақытша ты­йым сал­ғаны дұрыс. Қазіргі уақытта тойха­налар жабық болғанымен, той тоқтаған жоқ. Шағын болса да, қуа­нышын үйде атап өтіп жатыр. Бұрынғыдай ұзату, тұсау кесер, сүндет тойда жасалатын дәстүрлер көрсетілмейді. Ең бастысы жастар тойы өз форматын тапты, – дейді  ол.

Той қалай өтсе де, карантин талаптарына сай болуы тиіс. Тәртіп баршаға ортақ. Қауіпсіздік шараларын сақтау – өзгенің өміріне жанашырлық таныту. Ал дерек пен дәйекке көз жүгіртсек, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау депар­таментінің мәлі­метінше, облыс бойынша мони­то­ринг­тік топ 1 күнде кем деген­де 11 карантин талаптарын бұзу­­шы­лықты анықтаған. Соның 8-і той өткізуге қатысты. Карантин талаптарын бұзушыларға 736170 теңге кө­лемінде әкімшілік айыппұл салын­ған. Ал 5 шілдеден осы уа­қытқа дейінгі аралықта 893 тәртіп бұзушылық анықталса, оның 460-ы үй жағдайында ұйымдастырылған екен.

Қысқасы, құр мақтан мен ысырапшылдыққа, даңғазалыққа тоқтам жасайтын кез келді. Ал ұлт дәстүрін ұлағатты жолымен жалғастыруға қазақтың өресі жетпейді емес. Осының ойлансақ игі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<