Пандемия цифрландыру қарқынын күшейтті

680

0

Онлайнның оңтайлы тұсы кеше індет өршіген тұста байқалды. Сандық технологияға көшу бағытындағы бастамаларда кей кемшілік орын алғанымен, ол көп көмегін тигізді. Осылайша, біз ғаламторды күнделікті өмірге ақырын енгізгенімізді аңғарттық. «Назарбаев моделі – Қазақстанның ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне стратегиялық жауабы» атты жас ғалымдардың халықаралық форумы аясында өңірде «Пандемия уақытындағы цифрландыру: жаңа талаптар мен үрдістер» тақырыбында интернет форум өтіп,  мұнда осы мәселелер қамтылды.

Форумға PhD докторы, ақпараттық технологиялар орталығының директоры Сәбит Ибадулла, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова, Сингапур ұлттық университеті халықаралық бағдарламалық жүйелік ғылымдар институтының басшысы Ашок Кумар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова қатысты. Жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова облыстағы мемлекеттік қызмет көрсетудің онлайн форматы, қашықтан оқуды ұйымдастыру және интернет сапасы, індеттің таралуын тежеу бойынша қабылданған цифрлық шешімдерді ортаға салды.

– Облыс әкімдігі коронавируске қатысты жедел әрі нақты ақпарат тарату мақсатында 400-100.kz ресми сайтын іске қосты. Онда облыс аумағындағы күнделікті статистика, аудандар бөлінісіндегі деректер, брифингтер, нормативтік-құқықтық актілер, жедел желі телефондары мен жаңалықтар қамтылған.

Сонымен қатар дерт­тің алдын алу, белгілері туралы мәлімет, инфографика жария­ла­нады. Блок-посттардан өтуге арналған өтінім үлгілерін де осы жерден алуға мүмкіндік болды. Азық-түлікке онлайн тап­сырыс беру және тікелей жеткізу қызметін жетілдіруде ІТ парктің үлесі зор. Мемлекеттік қыз­мет­терді автоматтандыруда да алға жылжу бар деп айта аламыз, – деді басқарма басшысы.

Шарада Сингапур ұлттық уни­верситеті халықаралық бағдар­ламалық жүйелік ғылымдар инс­ти­тутының басшысы Ашок Кумар бейнебайланыс арқылы қосылды. Ол бүгінде ІТ-маман, мерчен­дайзер, бета-тестер маман­дары жоғары жалақыға ие екенін, мобильді қосымшалардың ар­найы бағдарламасын жазатын маманды, әлеуметтік желі менед­жерін іздеушілер де көп екенін алға тартты.

Форумда  білім саласындағы қар­қын да шет қалмады. Бүгінде «Элек­тронды балабақша» жүйесі то­лықтай авто­маттандырылған. Қа­зіргі ол жаппай қолданыста. «Күн­делік» электронды жур­налы жүйесін облыстың 293 жалпы білім беретін ұйымы пайдаланады. Мемлекеттік қызметті автомат­тандыру ісі де бар. Бұрын жұмысқа тиісті құжаттарды арқалап, әуре-сар­саңмен тұратын болсаңыз, қазір оның барлығы электронды түрде іске асырылады. Облыстың барлық білім беру мекемелеріне қызметкерлерді жұмысқа қабылдау jumys.sitcen.kz ақпараттық жү­йесімен жүргізілуде.

Шарада өзге де қаты­су­шылар тың тақырыптағы баян­дамаларымен бөлісті. Жаңа жағ­дай­дағы жаңа сын-тегеурін­дерді талқыға сала отырып, өз ұсы­нымдарын жеткізді.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<