Ақиқат айнымайды

1041

0

Бұл – «КарЛаг» тұтқыны болған Елубай қарттың көз жасы. Ол, арабша, орысша, парсыша, қазақша сауатты, қолтаңбасы өте көркем, көп білетін, шешілмейтін, от-жалыны ішінде,  қайсар жан еді.  Қос балдақты мұқтаж жанға аяр  ғасыр сегіз жастан  ар азабын арқалатты. Оның ауылдық кеңестің хатшысы ретінде адамдар есебі мен оған қатысты жағдаяттар жөніндегі қызметтік міндетін қызыл террор агенттік мақсатқа пайдаланды,  мәжбүрледі. Бейбіт кезеңде де НКВД бақылауын құпия ұстады, зейнет жасына дейін байланыс бөлімшесінде басшылық қызмет атқарып, кейінірек молда болды. «Сен екі халық жауының немересісің, бәрінен хабарың бар ғой» деп маған сырын айтатын, сұхбаттасатын.

Арына арыз айтып ақталмады, есесіне құрбандарға құран-хатым арнап өтті. Адамзаттан кешірім сұрап кетті. Өзі өмір сүрген ғасырдың соңғы жасын төгіп кетті …

1999 жылдың 24 желтоқсаны. Ұзақ әңгімелестік. Оның ақселеудей селдіреген аппақ сақалын жас жуды. Біраз үнсіздікті  терең күрсінген даусы бұзды: «Е, қарағым, бұл – ғасыр жасы…» деді.

Иә, бұл соңғы жүздесуіміз, ғасыр­дың соңғы күндерінің үзілген диологы, үздіккен сыры еді. Басына барып дұға бағыштадым. Алла алдыңнан жарыл­қасын.  Ар алдындағы есебіңді жария­лауды парыз санадым, қайран Елаға. «Қорқынышың мен қайғың» рухыңды тазалап кетті. Аристотельше айтсақ – «Катарсис».

Оны есіме алған сайын Мұзағаның (Мұзафар Әлімбаев): «Осыны мен неге жазбадым екен» дегізген жыр ұзақ жасайды» деген мағыналы сөздері ойыма орала береді.

Ғасыр жасы

Поэма-реквием

– Білемін оны, Елағам,

Жаныңда барын сүр қайғы.

Құпия сырлы бір адам,

Жүрегің  үнсіз  жылайды.

Жарасы сыздап сол жылдар,

Санадан сауға  сұрайды.

«Әртүрлі айтып әр адам,

Қаңқудың басын құрайды», –

деп едім, отты жанарын,

Бұрышқа қадап мұңайды…

– Қарағым, дұрыс сауалың,

Ардың тарттым азабын.

НКВД берген тапсырма,

Себебі талай жазаның.

Сегіз жастан тұл жетім,

«Рамберліде» оқып, қонамын,

Бір аяқ, екі балдақпен,

Күндіз ағаш жонамын,

Түнделетіп шырақпен,

Ілімді оқып, жазамын.

Тәуелді болған сол өмір

Арқалатты, қайтейін…

Тас-ауыр жүгін наланың.

Қынабы қалың қасірет,

Шертеді күйін азаның.

Тар жолда тайғақ кешкендер,

Жазықсыз жапа шеккендер,

Моласыз өліп кеткендер,

Бітеу жара – соры болды мазаның…

– Шер, үрей,  аза жалында,

Тілінген таспа жонында,

Қан теңделген қомында,

Керуені мынау  ғасырдың,

Қайтпас сапар жолында.

Барады көшіп жылыстап,

Ақиқат арды жаныштап.

Қара өрім, қара бұрымды,

Тарих жатыр уыстап.

Сабырлы, сабу ұлтымды,

Рухтар қорғап, тұр ұстап.

Жүрекке салмақ бәрі де,

Қаламын кейде құрыстап…

– Сөгілген ғасыр сеңінен,

Жылдар да  жылайды менімен.

Тәңірден талай сұрадым,

Таусылғанда шыдамым:

– Айыр деп жанды тәнімнен.

Ғасырға сауын айтамын,

Құтқар деп пақыр күнімнен.

Өзіңде туып, күн кештім,

Тағдырыңа мінгестім,

Ажалым жетпей мұңды естім,

Қураған сүйек кей кезде,

Түсіме кіріп, тілдестім.

Ынта жоқ өмір сүруге,

Ескегін есем келместің,

Кемесін тастап өлместің,

Қайта айналып келмеспін…

– Сырымды үктім, қарағым,

Тырнатып аузын жараның.

Адамзат, ұрпақ бәріңнен,

Кешірім сұрап барамын.

Таң асып тұрған ғасырдың,

Таңында мәңгі қаламын…

***

– Бір сұрағым, Елаға, «Қаратаздан»,

Қарақұрым тағдырын қанмен жазған.

«Қызыл террор» кезінде елің босып,

Қараүңгірге қан сіңіп, сүйек толған.

Ұрпақтарын білемін кейбірінің,

Үлкен террор  «үштігі» көзін жойған.

– Оны айтсам, қарағым, дала боздар,

Күңіреніп қоңыр бел, шерін қозғар.

Тажалдың отауында тон пішкен-ді,

«Оқтау жұтқан қара сарт», қаратаздар.

58-ші бап деген айдаhардың,

Көмейіне жұтылды дарабоздар.

Жоқтау айтып ұшатын сол маңайдан,

Жылы жаққа қайтқанда қоңыр қаздар…

***

… Ақселеу селдір сақалын,

Жабырқап қалған жамалын,

Жас жуып, сөгіп барады,

Таусылған төзім-амалын…

– Ей, ғасыр-мұндар,

сен тұлдаған,

тұяқсыз тұлдар,

өтеусіз құндар,

Жиырма бірге етпеші қардар,

Ұмытсын мені өкпесі барлар.

Қарамды батыр, өтінем,

Өзіңмен жазған пешенем,

Өзіңмен бітсін соңғы дем…

***

– Қиямет-қайым, сорды да, көпті көрдің,

Мән-жайын, айтшы Елаға, мешіттердің,

«Молданы айда, құранды өрте» деген,

Бұйрығына не дейсіз жендеттердің?

– Мезгіл еді керігіп, кер кептеген,

Дінді апиын, хадисті індет деген,

Нұрымбет, Өтеп ишан мешіттерін,

Қиратуды «қызылдар» міндеттеген.

Меккеден әкелінген кітаптарды,

Көзін жойып, тезірек өртет деген.

Іліми жазбаны да, Құранды да,

Құнсыз заттай лақтырды жендет деген.

Қызыл жалау желпінтіп, жел көтерді,

Құл-құтанды қадірсіз дедектеген.

– Қарағым, айла ойладық, амал нешік,

Түнделетіп үзіктің шетін кесіп,

Төрт қанардың жігіттер жібін есіп,

Орамдалып буылған кітаптарды,

Құмға көмдік таң ата, кебір кешіп.

399  кітапты атанға артып,

Аузына кергі салып, белін тартып,

Сыбыс-дыбыс білдірмей қараңғыда,

Жүріп кеттік үш жігіт түнді қарпып.

Топыраққа  көмгенде аяттарды,

Түн түйілді, жұлдыздар қайыр айтып.

– Имансыз, антұрғандар…

Біліксіз, жалтабандар…

Ертеңіне есітіп, біліп қойды,

Қамшы үйіріп тәніме, тірі сойды.

Істікпен түйреп алған Нұрнаманы,

Шімірікпей  шеңгелге іліп қойды.

Құраным – көз нұрымды қия алмадым,

Қалтырап, ызғар қарып өне бойды.

Қопарылған парақтар күбірлейді,

Құбылаға қаратып қара ойды.

Найзағайға тілініп бұлт жылады,

Буын босап тұяқты тұралады,

Тылсым дүние тінденіп кетті ме екен…

Боздай алмай боз інген бошалады,

Боз даланың жұлынын жел жұлқылап,

Құм суырып құба жон қақалады.

Жылдар өтті…

Сұмдық кетті…

Адамзат мойындады:

– рух кезеді, өлмейді, оралады.

Көктен түскен құдірет – Құран кәрім,

Қасиетіңді зұлымдық жоя алмады.

***

… Жауапсыз тағы сұрақ тұр,

Елағаң үнсіз жылап тұр.

Саралап қойған санасын,

Ой-жадысы тұсап тұр.

Бұлт басқан құндақ кеудені,

Былғары бүрку шылап тұр.

Ғасыр тартқан тартпада,

Аяңның ақыры – үзік тұр.

… Айтылмай жауап, тоқтады сұрақ,

Жаутаңдап жанар, ұқтырды бірақ

Сыздағанын сыналы сүйек,

Қырқылғанын қыналы жүрек.

Қайтарып сауал қоя алмадым,

Тұрғанын көріп жанының жүдеп…

***

…Күн тұтылып, аспанда ай,

Ғасырды жасқап тас маңдай,

Көшін артып, керуенін,

Ұзатып салып жатқандай.

Торығып кешкен бір ғұмыр,

Ғасырмен перде жапқандай.

«Кешірші халқым» деп тұрды,

Бүлкілдеп тіл-жақ, сор-таңдай.

Елағаң жасы жиырманың,

Көбесін сөгіп аққандай…

***

… Ей, адамдар:

Шындық шыңда, ақиқат шынарында,

Көк аспаны бұйырмай, азап торда,

Қайырлады қыран да, құладын да.

Жоғалғандар …

Арулар, ағажандар …

Арғымақ ақ армандар …

Өксіген сәби жандар –

Елес-бейне  замана мұнарында.

Сарыарқадан сарнаған аза дауысы –

Күңіренген қобыздың  шанағында.

Жазғырмаңдар:

Ар өртеген тағдырлар бар,

Қым-қуыт, қуғын-сүргін сонарында.

Ақталмаған боздақтар бар,

Тұмшаланған тарих тұманында.

Ақтаңдақтар,

Қатқан дақ бар

Кешегі өткен жиырманың ғасырында.

Біл, ұрпақтар…

Бақыт деген – Тәуелсіз ел барында.

Қасірет жасы, қайғы-мұң қайта айналып,

Іркілмесін әлемнің жанарында!

Қарғыс атқан ОГПУ, НКВД,

Кездеспесін тіршілік сапарында!

– Ей, дүние – тақсыр,

Нақақты санадың ба?

Жатыр олар мәңгілік танабыңда,

Өзіңнен оздырғандар:

Жазықты, жазықсыз бар,

Опалы, опасыздар,

Бір бақидың бәрі де «шаhарында»,

Жас тамызып, қан төккен қасапшылар,

Кәләм шәріп, бір Хақтың қаhарында,

Шырғалаңдар  шырмауы шешілмеген,

Сұрақ-жауап ғаламның назарында.

– Ей, құлын ғасыр,

Болмашы басыр,

Береке, бірлік болсын заманыңда,

Арымасын адамзат жаhаныңда?!

Эпилог. Сол кездесуден кейін бір ай  өткенде Елағаң да  ғасырмен бірге  ақыретке аттанып кете барды. ХХ ғасыр, талайдың тағдырын тізбектеген  қасірет шынжырын өзі сүйретіп кетті. Оның қан бүркілген тартпасы да үзілді. Оны жылдар бойы созғылап келген азаның бүркуі (аза бүрку) үзді. Қаралы керуені көшті. Қанды жас тамшылаған ізі қалды…

Даража Балапан,

заңгер, Халықаралық ақпараттандыру

академиясының академигі

Балапан Даража Нәбиқызы 1955 жылдың 21 қарашасында Арал ауданында дүниеге келген.

Мамандығы – заңгер, әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін 1978 жылы бітірген. Республика заңгерлері «Жыл адамы» номинациясының лауреаты. Заң саласындағы үздіксіз 38 жыл еңбек жолында мемлекеттік қызметкер, адвокат, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мекемелерінде заң қызметтерінің басшысы, департамент директоры, атқарушы директор лауазымдарын атқарған. Халықаралық ақпараттандыру акаде­миясының академигі, Т.Айбергенов атын­дағы әдеби сыйлықтың иегері.

Халықаралық «Құрмет белгісі» орде­німен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ұлт мақтанышы» («Бейбітшілік әлемі» (Планета мира-World of Peace), мұнай-газ және энергетика қауымдастығының «KAZENERGY» медальдарымен мара­патталған.

Баллада, поэма, өлең, әңгімелері, сұхбаттары баспасөздерде жарияланып тұрады. «Айсыз түнгі құс жолы» дастаны, «Ұлы дала рухы» кітабы жарық көрген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<