«Бизнеске арналған үкімет»: Ашық, қолжетімді, ыңғайлы

1038

0

Өңірде «Бизнеске арналған үкімет» орталығы кәсіпкерлерге қажетті кеңестер беріп, жобаларын сүйемелдеу бағытында жемісті жұмыс жасауда. Мекеме «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан көрсетеді.

«Бизнеске арналған үкімет» КММ директоры Батыржан Аймағанбетовтың айтуынша, мекеме алғашында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы жанынан құрылған. Бағыты заманға сай өзгеріп, кәсіпкерлікті дамыту – мемлекет саясатының негізгі басымдығы болғандықтан, сол кездегі облыс басшылығының бастамасымен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық ашу қолға алынды.

Осылайша, кәсіпкерлерге архитектура, жер, техникалық шарттарды беру, заңгерлік кеңестер, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, несиелендіру, соның барлығын жеткізетін, мем­лекеттік мекемелердің қыз­мет­терін кедергісіз алуға кө­мектесетін орталық ашу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, 2016 жылы 7 желтоқсанда облыс әкімінің қаулысына сәйкес, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылып, 2017 жылдың 30 қаңтарынан жұмысын бастады.

Өткен жылдың басында ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бизнеске арналған үкімет» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Облыста Президент тапсырмасын Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы негізінде жүзеге асыру жос­парланды. Себебі жоба мен орталықтың атқарып жатқан жұмысы бірдей еді.

– Осыған байланысты был­тыр мамыр айында облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Бизнеске арналған Үкімет» болып қайта аталып, жобаға сай жаңа форматта жұмысымызды бастадық. Алдағы желтоқсан айында орталықтың кәсіпкерлік саласында жұмыс істегеніне 5 жыл толады. Сол уақыт аралығындағы нәтиже жаман емес. 2017 жылы 4 бағытта 40 қызмет бойынша кәсіпкерлерге 2439 қызмет түрін, 2018 жылы 6 бағытта 60 қызмет бойынша кәсіпкерлерге 6067 қызмет түрін көрсеттік. Сондай-ақ, 2019 жылы кәсіпкерлерге 10546 қызмет көрсетілді. Былтыр пандемияға қарамастан, өз жұмысымызды тоқтатпай, онлайн және офлайн форматта да жұмыс істеп, кәсіпкерлерге 13 488 қызмет көрсеттік. Биылғы меже – қызмет санын 15 мыңға жеткізу, – деді Батыржан Аймағанбетов.

Орталық облыстың «Қызылорда су жүйесі» ЖШС, «Қызылорда­жылу­электр­орталығы» МКК, «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бір­лескен дирекциясы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ секілді монополия субъектілерінің бар­лығымен меморандум жасаған.

Айталық, монополистерге барған кәсіпкер кәсіпкерлік нысанын іске қосу үшін кәдімгі техникалық шартты алуға бір ай уақыт жұмсауы мүмкін. Меморандум аясында орталық кәсіпкерге керекті техникалық шарттарды 5 күн ішінде алып бере алады. Рес­публика бойынша бұл бағыттағы қызметі жөнінен «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы үздік үштік қатарында.

Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылдың қаңтарынан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, орталықтан инвесторларға, инвес­тициялық жобаларды сүйемел­деуге арналған қосымша фронт-офис ашылған. Онда білікті мамандар, ағылшын, қытай тілі аудармашылары бар. Олар аймақ кәсіпкерлеріне шетелдерден келген инвесторлармен байланыс орнатуға тегін қызмет көрсетеді.

Орталықта көрсетілетін қызмет түрлері жыл санап көбеюде. Оған салаға тұрақты анализ жасап, кәсіпкерлермен жиі кездесулер ұйымдастыру, еліміздің өзге өңірлерімен тәжірибе алмасу іс-шаралары ықпал еткен. Бүгінде мекемеде 33 адам қызмет етеді. Облыс орталығы, барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында да өкілдері жұмыс жасайды.

– Бір сөзбен айтқанда, біз – қызмет көрсетуші мекемеміз. Кәсіпкер келіп, біздің мекемеге өзінің атынан сенімхат береді. Біз сол кәсіпкердің өкілі ретінде барлық мекемелерге барып, сүйемелдеу жасаймыз. Ең танымал қызмет түрі – бизнес-жоспар. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік гранттарға қатысу үшін бизнес жоспарды тегін жасап береміз. Қазіргі уақытта жеке адамдар ең қарапайым бизнес-жоспарды 50 мың теңгеге жасайды. Біздің тарапымыздан бұл қызмет тегін көрсетіледі. Мысалы, биыл қараша айына дейін 2793 бизнес-жоспар жасап бердік. Олардың ішінде кәсіпкерлер, қызметін енді бастағандар да бар. Тағы бір айта кетерлігі, біз арқылы кәсіп бастағысы келгендер кәсібін тіркей алады. Салық саласына қатысты 17 анықтаманы алып бере аламыз. Сөйтіп әрі қарай сүйемелдей береміз. Мысалы, бірер жыл бұрын тіркелуге келген кәсіпкер кейін техникалық шарт алуға, жаңа нысан құрылысын бастауға келеді. Біразы бүгінде үлкен жобалармен жұмыс жасап, қызмет аясын кеңейтіп жатыр. Сондай кәсіпкерлердің қалыптасу кезеңі көз алдымызда, – дейді «Бизнеске арналған үкімет» КММ директоры.

Жыл басынан бері мекеме техникалық шарт алу бойынша – 2362, сәулет және қала құрылысы қызметтері бойынша құжаттар рәсімдеу – 949, жер мәселесі бойынша – 1097, мемлекеттік кірістерге қатысты 4181 қызмет көрсеткен. Бір сөзбен, кәсіпкерлік қызметті қолдаудың барлық саласын қамтиды деуге болады. Тіпті жарнама эскизін жасау бойынша да көмек көрсетеді. Дизайнерлік қызметі де тегін. Оған қоса, бүгінде кәсіпкерлікті қолдау саласындағы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Бизнеске арналған үкімет», Өңірлік инвестиция орталығы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» ЖАҚ-ның филиалы, осылардың барлығы бір ғимаратта жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлерге тиімді болу үшін ойластырылған.

«Бизнеске арналған үкімет» орталығының кәсіпкерлерге 10 бағыт бойынша тегін көрсететін 90 қызмет түрі туралы толық ақпаратты kasipker.online сайтынан алуға болады. Бұл – мемлекет пен бизнестің бірыңғай қызмет көрсету қағидаты бойынша өзара іс-қимыл форматы.

«Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай офисінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыретін арттыру мен қаржыландыру мәселесі бойынша барлық қызметтер мен консультация алады. Батыржан Аймағанбетовтың айтуынша, соның арқасында бизнес өкілдері бұрынғыдай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды. Бұл дегеніміз – бизнесті қорғау.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<