Аймақ ахуалы және алдағы меже

697

0

10 маусымда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірде Елбасының стратегиялық бастамалары мен Мемлекет басшысының Жолдауы аясында берілген тапсырмаларды іске асыру, мемлекет пен қоғамды жан-жақты жаңғырту бойынша жүріп жатқан кешенді жұмыстар барысын баяндады.

Аймақ басшысы алдымен халықтың өмірі мен денсаулығына қатысты іс-шараларға тоқталды. Өңір бүгінде «жасыл аймақта» болса да, пандемиямен күрес негізгі міндет болып қала береді.

– Дәрі-дәрмек мәселесі толық ше­шіліп, 2 айлық қоры қалыптасты. Соны­мен қатар, дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінді. Сұранысқа ие дәрі-дәрмектің қол­жетімділігіне мониторинг жүр­гі­зілуде. Халықты вакциналау бойын­ша ауқымды жұмыс жалғасуда. Бү­гінде 106 егу кабинеті бар, оның 91-і аудандық деңгейде. Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекен тұр­ғын­дарын вакциналау үшін 39 мобильді топ құрылды. Осы жыл­дың 1 ақпанынан бастап 129 050 доза вакцинаның бірінші компоненті жеткізілді, оның 74%-тен астамы, яғни 95 963 доза қолданылды. Екінші компонент бойынша 87 300 доза жеткізіліп, оның 46,8%-і – 40 877 доза кестеге сәйкес қолданылды. Вакциналарды тасымалдау «суық тізбек» жағдайын сақтай отырып, арнайы термоконтейнерлерде жүзеге асырылады, – деді Г. Әбдіқалықова.

Өңір басшысы баяндағандай, пан­демия жағдайына қарамастан, облыс экономиканың даму қарқынын сипат­тайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап қала алды. Атап айтқанда, өткен 5 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі байқалады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 12,8%-ке, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5%-ке өсті. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны 7,3%-ке – 46,3-тен 49,7 мыңға көбейді.

– Құрылыс жұмыстарының көлемі де 62,5%-ке артты. 198 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ке артық. Жыл ішінде жалға берілетін 945 пәтерлік 54 үй, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлі 5 үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Облыс бойынша мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тағы 342 пәтер жеке құрылыс иелерінен сатып алынады. Сондай-ақ, 965 пәтерлік 44 ипотекалық үй және жеке инвесторлар тарапынан 248 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс салушылар, банктер және өзге де мүдделі ұйымдармен тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағыттарын, оның ішінде жеке тұрғын үй қорында кезекте тұрғандар үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізуді талқылаудамыз. Кезекте тұрғандар – 30 690 адам. Жыл соңына дейін шамамен 645 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы жыл соңына дейін 456 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланғанын атап өтті. Өкінішке қарай, қолданыстағы кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірісінің төмендеу тенденциясы сақталуда. Бұл ретте 2021-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының мұнай-газ саласын дамытудың Жол картасы әзірленуде. Оған сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар 79 жаңа мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылайды. Сонымен қатар, биыл Арал акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, Сырдария шөгінді бассейні аумағының бір бөлігін сейсмикалық барлау бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Жұмыс 2022 жылы басталады.

– Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында біз құны 543 млрд теңгеден асатын 41 инвестициялық жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз, бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту фабрикасының және кальцийленген сода зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы 2 нысанда 2239 адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, отандық инвесторлармен томат өнімдерін өндіру, ет және жұмыртқа бағыты бойынша құс фабрикасын салу жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жылыжай шаруашылығын одан әрі дамыта отырып, ағынды сулардан органикалық тыңайтқыштар мен биогаз өндіру жобасын әзірлеудеміз. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлармен тері, жүн өңдейтін және күріш сабанынан целлюлоза өндіретін бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. Чех технологиясын қолдана отырып, сусындар мен шырындар шығару жобасы бойынша келіссөздер жүруде, – деді аймақ басшысы.

Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – егістіктерді сумен қамтамасыз ету, жайылымдар мен шабындықтарды және Арал теңізін қоса алғанда, көлдерді уақытылы суландыру. Өңір басшысы бұл ретте сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әр­тарап­тандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану шаралары қабылданып жат­қанына тоқталды.

– Аймақтағы топырақтың қатты тұздылығын ескере отырып, күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен, күріштің егіс алқаптарын азайтуға жұмыс жүргізудеміз. Осы жылдың өзінде күріш егісі көлемін 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқарттық, келешекте бұл көрсеткішті 80 мың гектарға дейін қысқартамыз. Қазір күрішті суға бастыру 100 процентке орындалды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін ылғал сыйымдылығы аз соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қазір ылғал үнемдеу технологияларын енгізу қолға алынуда. Өткен жылы пилоттық режимде аквагельдерді қолдану сынақтан өткізілді. Биыл бұл тәжірибені кеңейтіп, жүгері мен жоңышқа өсіру үшін жаңбырлатып суаруды енгізудеміз, – деді Г.Әбдіқалықова.

Облыста мал шаруашылығын дамыту мақсатында да жүйелі жұмыстар жүруде. Мал басының барлық түрінен өсім байқалып отыр. Бұл ретте, жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға айрықша басымдық берілуде. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі аймақтық бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл тауарлы балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, әрі қарай көбейтуге, ал, балық өнімдерінің экспортын 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы атап өткендей, алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кеше­нінде жалпы құны 58 млрд теңгеге 76 инвестжоба жүзеге асырылады. Оның 42-сі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу, өсімдік, мал және балық шаруашылығы бойынша 8,7 млрд теңгеге 21 жобаны жүзеге асыру көзделсе, жыл басынан бері 8 жоба: егін шаруашылығында – 4, бал арасын өсіруде – 2, мал шаруашылығында – 2 жоба жүзеге асты. Сонымен бірге, азық-түлік қауіпсіздігін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді, 35 әлеуметтік дүкен және ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар бар.

– Азық-түлік тауарларын өндіру­шілер және сауда субъектілерімен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде 272 меморандумға қол қойылды. Өндірушілер, көтерме жеткізушілер және ірі сауда желілерімен 12 монополияға қарсы келісім жасалды. Жыл басынан 15 азық-түлік жәрмеңкесі өтіп, онда 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі нарықтық бағадан 15-20%-ке төмен немесе өндірушілер бағасына сатылды. Азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін жыл соңына дейін тарифтерді көтермеу жөнінде су, жылу, электр энергиясын тасымалдаушылармен меморандумдарға қол қойылды, – деді облыс әкімі.

Облыста жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталуда. Бағдарламаларды іске асырудың арқасында жыл басынан 13,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 4 мыңнан астамы тұрақты. Соның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 468 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылып, оның 57-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы қабылданған 2023 жылға дейінгі облыстың экономикалық даму картасы шеңберінде бизнеске 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 400 жоба ұсынылды. Былтыр 7 миллиард теңгенің 89 жобасы іске асырылып, 1047 жұмыс орны құрылды. Қазір құны шамамен 14 миллиард теңгені құрайтын тағы 96 жоба іске асырылып, 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, карта аясында 16 тойхана бизнесін өзге бағытқа ауыстырған. Бұл да өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін ұстап тұруға және төмендетуге септеседі.

Айта кетерлігі, шағын және орта бизнес үшін несие ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы құрылған «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы 2000-ға жуық кәсіпкерлік жобаларына 8 миллиард теңгеден астам несие берген. Оның 90%-і – әдетте банктер қызығушылық танытпайтын ауылдық жерлердегі стартап жобалар. Үстіміздегі жылы орталық ауыл кәсіпкерлерінің 660 млн теңгеден астам сомаға 143 жобасын мақұлдады. Сондай-ақ, облыс әкімі Үкімет қолдауының арқасында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де шешімін тауып жатқанын атап өтті.

–  Бүгінгі таңда облыс тұрғындары­ның 97%-і орталықтандырылған ауыз­сумен қамтамасыз етілген, 65%-і табиғи газ пайдаланады. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті 67,4%-ке дейін жеткіземіз. Сондай-ақ су, кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. 400 шақырым шамасында жол, көпір өткелдері мен көшелерді жөндеуге және салуға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал әлеуметтік нысандардың ішінде оқу ошақтарына келсек, 2021 жылы 2600 орындық 6 мектепті пайдалануға береміз. Оның екеуі – 800 орындық жеке мектеп. Бұған қоса 3750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз және 48 мектеп қайта жаңғыртылады, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, 550 орындық үш қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүруде. Колледждердің мате­риалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Елбасының тап­сырмасымен 2021 жылы 475 орындық 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 47 балабақша мен 44 мектепте арнайы инклюзивті кабинеттер ашылады. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерлерде 5 спорт кешені салынады. Сондай-ақ, корпоративтік қор қолдауымен тағы бір көпфункционалды спорт кешені салынып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 жоба іске асады деп күтілуде.

Өңірде Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғына орай 266 іс-шара өткізілмек. Соның ішінде Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығына арналған іс-шаралар, республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына жыраулар мен жыршылар байқауын өткізу жоспарланып отыр. Атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың – 130, КСРО халық артисі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтары атап өтілмек. Сонымен қатар Бәбіш молла, Жанкент, Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<