Армандарым орындалған қала

508

0

2013 жылдың шілдесінен бас­тап бас қаланың тұрғыны атандым. Арадағы сегіз жыл ішінде Елорда тынысына сіңісіп кеттім деуге болады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде білім алып, магистратурада оқып жүріп-ақ, Білім және ғылым министрлігінде, азаматтық бірлестіктерде жұмыс істедім.

Ал қазіргі уақытта кәсіпкерлік бағытында, яғни «АМТ АРД» ЖШС-да байланыс бөлімінің жетекшісі болып қызмет етемін. Мұнда жеке сауда орталықтары бар мекеменің имиджін қалыптастыру, коммуникация, кері байланыс орнату, келушілер санын арттыру мақсатында еңбек етеміз.

«Астананың ауа райы да, адамдары да суық» деген пікірмен келіспеймін. Қазақстанның бірқатар бас­ты және шағын қалаларында болдым. Ауа райы суық, десе де мұнда адамдар жағаңнан алып, әр қызметіңе ақы сұрағанын көрген жоқпын. Егер потенциалың асып тұрса, қызметте жоғарылайсың, еңбек етесің. Астананы «іскерлік қаласы» деуге де болады. Әрине, қыста қытымыр, бет үсірер суығы, белден келер қары бар. Бірақ сонысымен күшті әсер қалдырады. Әр адам қаласа, бас қаладан өзінің жолын таба алады. Мұнда қазір жерлес, аз-кем туыс тауып, суық ауа райында жылылық сыйлайтын жақсы орта қалыптастыра алдық.

Студент кезімдегі мына оқиға әлі есімде. 2014 жылдың ақпан айы болуы керек. Бірнеше бала болып, пәтер жалдап тұрамыз. Жұмыста жалақыны кешіктіріп жатыр, ал үйде жейтін түк қалмаған. Өзіміз еңгезердей төрт жігітпіз. Жұрттан ақша сұрауды ұят санайсың. Содан «Сұлтан» спагеттиінің бір бумасын тауып алып, суға қайнаттық. Қалтамызда қалған 15 теңгеге бульон алып, қостық. Әжем марқұмның айтуымен, нанды бұзылмау үшін қыста терезенің алдына қоятынбыз. Бұрындары желінбей қалған сол нанды спагеттидің сорпасына батырып жеп, шайдың орнына кранның суын ішіп, бұл жағдай үш күнге созылған.

Астана қателікті кешірмейді. Мұнда әр қадамыңды аңдап басуға тырысасың. Біз сәл қателескеннен, яғни қаржыны дұрыс жоспарлап, үнемдемегендіктен сондай оқиға болды.

Қазір осында түтін түтетіп, үйлі болып, ата-анамды жаныма көшіріп әкелдім. Елордаға алғаш келгенде осы қалада шаңырақ көтеріп, қоныс аударып, ата-анамды көшіріп аламын деген ой болған емес. Ең бастысы, еңбек етуден, шақырулардан, тәуекел етуден қашқан емеспін. Алдағы он жылдықта да Нұр-Сұлтаннан алыстап кету ойда жоқ.

Сәті түсіп жатса, Сыр елінің мәртебесін асқақтатуға үлес қосқым келеді. Ол үшін әлі де мол білім мен тәжірибе керек. Алдағы жылдары докторантурада білім алып, ғылым, мемлекеттік қызмет саласында бағымды сынасам деймін. Бәлкім, тәжірибем әбден толысқаннан кейін ғана Сыр еліне барып еңбек ететін болармын.

Бекарыстан АМАНЖОЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<