Ата Заңымызды оқып тұрасыз ба?

884

0

Құрметті оқырман! Сіз еліміздің Конституциясын оқып тұрасыз ба?  Ол не үшін керек? Ол әрбір азамат пен мемлекет арасындағы қарым қатынасты, қандай құқығымыз бен міндетіміз бар соны біліп жүруіміз үшін керек. Өзіміздің құқығымызды пайдалану үшін Ата заңымызды білуіміз қажет. Бар болғаны осы.

 Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық міндеттері Конституциямыздың бес бабында нақты көрсетілген. Олар көп емес, бар болғаны жетеу ғана. Иә, демократиялық мемлекет көп талап етпейді де.  Сонымен Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматқа келесі міндеттерді жүктейді

1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi. (34 бап)

2. Әркiм Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. (34 бап)

3. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әр мiндетi болып табылады. (35 бап)

4. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi. (36 бап)

5. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады. (36 бап)

6. Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi. (37 бап)

7. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi. (38 бап)

Ал енді  Ата заңымыз кепілдік берген азаматтардың жеке құқығы мен бостандығы туралы оқып шығайық. Олардың біздерге жүктелген міндеттерден көп екенін атап өтуге болады.

  1. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар (15 бап)
  2. Әркiмнiң өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар (16 бап).
  3. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды. (17 бап).
  4. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар (18 бап).
  5.  Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (19 бап).
  6. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi (20 бап).
  7.  Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар (21 бап).
  8.  Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар (22 бап).
  9. Тұрғын үйге қол сұғылмайды (25 бап).

Міне осы жоғарыда келтірілген Конституциямыздың баптарын бәріміз біліп жүруге тиістіміз.

Ата заңымыз осыдан 25 жыл, нақтырақ айтқанда 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданып, бекітілді. Оған дейін Конституция жобасы елімізде кеңінен талқыланды. Талқылауға 33 мындай еңбек ұжымы мен 3 миллионнан аса азаматтар қатысты.

Конституцияны әзірлеу кезінде Президент Н. Назарбаев конституцияны құру саласындағы шет елдердің тәжірибесін зерттеді. Әртүрлі елдердің 20 шақты заңын қарастырылды. Нәтижесінде Конституцияда мемлекеттік билікті ұйымдастыру және бөлу саласындағы АҚШ-ның тәжірибесін пайдаланды. Тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы айтқанда, негізгі заңымыз француздық Конституцияға жақын.

Барлықтарыңызды біздің бостандығымызға кепілдік беретін негізгі заңдар жинақталған Конституциямыздың 25 жылдығымен құттықтаймыз. Елімізге ашық аспан, бейбіт өмір,  келісім мен тұрақтылық және әрбір отбасына бақыт тілейміз!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<