«Барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз»

416

0

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты.

– Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ре­тін­де бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құры­лым­ға айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Тұрғын үй мәселесі
әлі де өзекті

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес ұсынған шаралар мен бастамалар жайында өз ойымен бөлісті. Ең алдымен, тұрғын үй және экономика саясатын жетілдіру бағытына қатысты пікір білдірді. Бүгінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Айналасы бір айдың ішінде ғана мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Дегенмен, тұрғын үй мәселесі әлі де өзекті болып отыр.


– Мен Үкіметтің қаңтар айын­дағы кеңейтілген отырысында тұр­ғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсыр­дым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсы­ныстар берді. Жалпы бұл ұсы­ныс­тарды қолдаймын. Дегенмен, на­рықтың өз ережесі бар. Нақты эко­номикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни, алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесін шешу үшін кәсіп­кер­лер өз жұмысшыларына арнап үй салса, оған кеткен шығынның 50 про­центіне дейін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізіп, экономикалық белсенділікті арттырып, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрі­гер­­лерді, мал дәрігерлерін тартуға мүм­кіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек.


Мемлекет басшысы аймақтардағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­­лардың жұмысын қайта рефор­малап, оларды толыққанды инс­ти­тутқа айналдыру қажет деп са­найды. Олардың жұмысы ашық әрі қоғамның толық бақылауында болуға тиіс. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қыз­метін үй­лес­тіру үшін Ұлттық экономика министрлігінің құзыретін күшейту керек. Экономиканы әрта­рап­тандыру және оның энергия сыйымдылығын төмендету шараларымен қатар, «жасыл технология» бағытына қадам баса беру керек.


– Дәл осындай стратегиялық маңызды салаға қатысты мемлекеттік саясаттың ұстанымдары мен шаралары белгісіз күйінде тұр. Сондықтан баламалы энергетиканы дамыту мәселелері бойынша жаңа заң әзірлеу қажет. Онда жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, барлық баламалы қуат көздерін реттеудің тәсілдері мен нормаларын да көрсету керек. Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Білім мен денсаулық
басымдыққа ие

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту қажеттігін атап өтіп, Үкіметке 600 қазақстандық білім беру ресурстарына лимитсіз қол жеткізе отырып, «Білім» ұялы операторларының тарифтік жоспарын мерзімін шектемей ұзартуды, сондай-ақ, мектептердің отандық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуін қамамасыз етуді тапсырды.


– Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе. Оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбей­тіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педа­гоги­калық жоғары оқу орын­дарын­да оқитын студенттердің сти­пен­дия­сын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны кө­бей­ту қажет, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев инклю­зивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұ­мысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолда­ныстағы нормалар ескірген.


– Өңірлердің ерекшеліктерін жә­не қазіргі заманғы стандарт­тар­ды ескере отырып, аталған са­ла­дағы нормативтерді жаңарту қа­жет. Бүгінде бір психологиялық-ме­дициналық-педагогикалық ко­мис­сия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бас­тап скринингтен өткізу ісін жақ­сарту, алғашқы медициналық-са­ни­тар­лық көмек көрсету ұйым­дары жа­нын­дағы әлеуметтік қыз­мет­тердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажет­тіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қи­мылдардың түсінікті алгоритмін жа­сауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құ­қықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

ҰТЫМДЫ БАСТАМА

Президент мүгедектікті анық­тау рәсімдерін жеңілдетуді тапсыр­ды. Ол үшін Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру ке­рек. Осылайша азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алу­ға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шіл­деден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысан­дарға кіріп-шығуын және көлік­тер­ге мініп-түсуін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.


– Іс жүзінде жүріп тұруы қиын азаматтардың өздігінен үйден шы­ға алмай қалатын кездері болады. Бұл жерде олардың қандай да бір нысанға баруы және оның ішінде өздігінен жүріп тұруы туралы ай­тудың өзі артық. Мұндай күрделі әрі қолайсыз жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табал­ды­­рыққа» қағидаты бойынша жұ­мыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қа­былдау қажет. Осыған байла­нысты жергілікті атқарушы орган­дар Қажетті нысандардың тізімін немесе картасын әзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында ха­лыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мекемелер болғаны жөн. Соның негізінде әкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сәй­кестендіруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы адам құқық­тарын қорғауға қатысты Үкімет, жұ­­мыс берушілер мен кәсіп­одақ өкіл­дері әзірлеп жатқан Қа­зақ­стандағы еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз ету­дің 2025 жылға дейін­гі іс-қимыл жос­па­рының ма­ңыз­дылығын атап өтті.


Сонымен қатар БҰҰ адам құ­қықтары жөніндегі Жоғарғы комис­сарының басқармасы әзірле­ген 14 жаһандық индикатор негізін­де адам құқықтарын сақтау бойын­ша бағалау жүйесінің Ұлттық ин­ди­каторларын кезең-кезеңімен ен­гізуді жолға қою ұсынылды. Өскелең ұрпақтың ден­саулығын «әлеуметтік кеселдерден» қорғау мақсатында кәмелетке тол­ма­ғандарды құмар ойындарға тарт­қан немесе сон­дай жағдайға жол берген заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкер­шілікке тарту ұсынылды. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зор­лық-зом­былық көрсету мәселесі де өткір әлеуметтік проблема ретінде ай­тылды.


– Жыл сайын елімізде әйел­дерге қатысты 2,5 мыңнан астам қыл­мыстық іс тіркеледі. Оның ішін­­де адам өліміне алып келетін жағ­дайлар да бар. Бұл өткір мә­селені шешу үшін мемлекеттік ор­гандар мен үкіметтік емес ұйым­дардың күш біріктіруі қажет.

Бұл ретте, Ішкі істер министрлігіне қа­расты 1999 жылы құрылған Әй­ел­дер мен балаларды зорлық-зом­былықтан қор­ғау жөніндегі ар­найы бөлімшелер маңызды рөл ат­қарады. Аталған бөлімшелер по­­­ли­ция мен азаматтық қоғам­ның ара­сында дә­некер болуы керек. Алайда кезін­де олар­дың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зор­лық-зом­былық фактілері жиі тір­­ке­­летін ай­мақтарда екі есеге де­­­йін қыс­қартылды. Ішкі істер ми­нистр­лігіне Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жө­нін­дегі ар­найы бөлімшелердің шта­тын қайта қалпына келтіруді тап­сырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз Жолда­уында түзеу мекемелері мен по­лицияның арнайы ғимаратта­рын­дағы «көзден таса» учаскелерді бей­небақылау жүйесімен толық қам­­тамасыз етуді тапсырған бо­латын. Енді аталған мақсатты іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және құқық қорғаушылармен бір­лесіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұдан бөлек Пар­ла­ментке адвокаттардың кәсіби әдеп сақтамағаны және заң көмегін көр­сету қағидаттарын бұзғаны үшін өмір бойына лицензиясынан айы­ру туралы норманы алып тастау мә­селесін қарастыру ұсынылды.

КЕНТ, АУЫЛ, АУЫЛДЫҚ
ОКРУГ ӘКІМДЕРІ
САЙЛАНАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды дәйекті іске асыруға баса мән береді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тап­сырылды. Биыл кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі.


– Бұл еліміздің қоғамдық-сая­си өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізі­летін барлық өзгерістер мен то­лық­тырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауыл­дар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз то­лы­­ғымен қалыптасты деп айта ала­мыз. Бірақ, біз мұнымен шек­теліп қал­маймыз. Келесі ма­ңыз­ды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға жә­не жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, ау­дан­дарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ, – деді Мемлекет басшысы.


Президент қос азаматтығы үшін жауапкершіліктің күшейтілуі мүм­кін екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінен бұған дейін берілген мемлекеттік қызмет­шілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары арасында қос азамат­тығы бар адамдарды жұмыстан шы­ғару туралы тапсырмасының есебін сұрады.

ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ
САТЫЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы жер мәсе­лесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салды.


– Бұл мәселеге қатысты қауе­сеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдік­терге және шетелдік заңды тұл­ға­ларға ауыл шаруашылығы жер­ле­­рін сатуға, жалға беруге заң жү­­зінде біржола тыйым салуды тап­­сырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қа­тысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы же­дел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкім­шілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екін­шіден, бір айдың ішінде Жер ре­формасы жөніндегі комис­сияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кі­рі­суді тапсырамын. Комис­сия­­ның құрамына аграрлық сектор­дың беделді өкілдерін және жер мә­­се­лесін жетік білетін сарап­шы­ларды қосу керек. Үшіншіден, Үкі­метке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мә­селелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабыл­данды, – деді Мемлекет басшысы.


Жиын соңында Президент Ұлт­тық кеңестің маңызды міндетте­рі­нің бірі мемлекет пен қоғам ара­­сында тиімді байланыс орна­ту екенін атап өтті. Оның айтуын­ша, қоғамдық жұмыс – ең алдымен, азаматтарымыздың алдындағы үл­­кен миссия әрі жоғары жауап­кер­­шілік. Ұлт­тық кеңес үйлесімді қоғамдық ор­таның дамуына, өр­кениетті диалог нормаларының тү­бегейлі қа­лыптасуына септігін ти­гізуі тиіс.


Сонымен қатар жиында Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің Көмекшісі Ерлан Қарин, Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің мүше­лері: Марат Шибұтов, Қайыр­бек Арыстанбеков, Эмин Аскеров және Максим Рожин сөз сөйледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<