Болашақтың сарқылмас энергиясы

2369

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы бола отырып, энергияның баламалы түрлерін дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз.

Бұл үшін барлық мүмкіндік бар» деп баса айтқан болатын. Осы ретте елімізде баламалы энергия көздерін өндіру ісі жолға қойылып келеді. Бұрын «жасыл энергия» деген түсінік ертегі секілді көрінсе,  қазір бұл қалыпты құбылысқа айналып, күнделікті тұрмысқа енуде. Себебі, көмірсутегі шикізаты ауаны ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізуде. Бұл тұрғыда тек Қазақстан ғана емес, әлем елдері де энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін күн тәртібіне батыл қойып отыр. Ғаламдық маңызға ие болған баламалы энергия көздерінің басты  артықшылығы – экологиялық тұрғыдан тазалығы әрі сарқылмайтындығы. Сондай-ақ, күн энергиясы қолжетімді және қоршаған ортаға қауіпсіз.

Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті аса зор. Аймақтың өзінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Мәселен, Шиелі ауданында «Байқоңыр Solar» электр станциясы сағатына 50 мВт-қа дейін баламалы қуат бере алады. Жобаның жалпы құны 26 млрд теңгені құрайды. Нысанның жалпы ауданы – 150 гектар.  Жылдық жоспарлы электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 72 млн кВт/сағ. Өткен жылы пайдалануға берілген станцияның  инвесторы – «Байқоңыр Solar» ЖШС. Жаңа жобаның іске асуының арқасында 23 адам тұрақты еңбекпен қамтылды.

Қазіргі күні күн электр станциясында 150 мың фотоэлектрлік панель, 14 орталық инверторлық электрстанциясы және «Бай­қоңыр» қосалқы станциясы жұ­мыс істеп, одан 9,5 МВт электр энер­гиясы Ұлттық электр торабына берілуде.

Дәл осындай күннен қуат алатын станция Жалағаш ауданында да жұмыс істеп тұр. Кенттің шығыс жақ бөлігінде орналасқан электр станциясы сағатына 30 мВт-қа дейін қуат береді. Бұл жоба «Nomad Solar» ЖШС бас­тамасымен 2018 жылы басталып, өткен жылы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 гектар жер учаскесі бөлінсе,  күн электр станциясы 75 гектар жер учаскесін алып жатыр. Құны 19 млрд теңгені құрайтын станцияда 60 адам жұмыспен қамтылған.

Энергетика министрлігі 2018 жылы ұйымдастырған көктемгі аукционда Жаңақорған ауданында қуаттылығы 10 МВт күн электр станциясының құрылысын салу жоспарлануда.  «Hydroenergy company JSC» компаниясы инвестор болуға ниетті. Қазір жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жобаның құны 3,2 млрд теңге болса, жылдық жос­парлы электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 19 млн кВт/сағ. құрайды.

Оған қоса, 100-ден астам шаруа қожалығы қуаттылығы ­2 кВт-дан асатын кіші күн электр станцияларын тұрақты пайдалануда.

Бұл жобалар өз кезегінде электр энергиясына деген тәуел­діліктен арылуға және «Жасыл экономикаға» көшу тұжы­рым­дамасындағы көзделген мақ­­саттарға қол жеткізуге мүм­­кіндік береді. Сондай-ақ, күн электр станциялары елдің стра­­тегиялық құжаттарында қарас­­тырылған жаңартылатын энергия көздері саласындағы ныса­налы индикаторларға жетуге үлес қосады. Аймақтарда қосымша  жұмыс орындарын құруға және шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады.

Жалпы электр станциясының іске қосылуы – еліміздегі жаңар­тыл­ған энергия көздерінің үлесін арт­тырудың негізі ғана емес, «жасыл» технологияларға көшу бағы­тында жасалған зор қадам.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<