Елбасы есімін қойған Ерсұлтан

1428

0

…Осы сәтте Елбасы жанына жақын жеткен Қосжар ауылының ардагері Бақтыбай Шораев:

– Нұреке, сіздің келу қарсаңыңызда қуанышты болып жатырмыз. Немеремнің есімін өзіңізге қойдырсам деген ниетпен келдім, – деді.

–  Өзіңіздің жас шамаңыз қандай? – деді Президент.

– Қырқыншы жылғымын.

– Бір жылдың төлі екенбіз. Құрдастың немересінің есімі Ерсұлтан болсын!

Содан бері он бес жыл өтті. 2005 жылдың сәуірінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген болатын. Сол жолы Елбасы Арал қаласындағы Кувейт қорының есебінен қайта жарақтандырылған су құбырын пайдалануға беру рәсіміне қатысып, ардагерлер, тұрғындармен болған кездесуде қалаішілік су тарату желісін өз қолымен ашқан еді. Аралдың экологиялық ахуалы, сол кездегі жағдайы көпке белгілі. Таза судан тапшылық көрген тұрғындар үшін көптен күткен күн туып, мәре-сәре күй кешті.

«Аралға көмек көр­сетсем деген арманыма  жеткеніме қуаныш­ты­мын» деген еді сол сапарында Нұрсұлтан Назар­баев. Өйткені теңізді қайта қалпына кел­тіру ісі – әлемде бұрын-соңды болмаған жұмыс, ғаламат жоба. Көп­шілікпен кездесуінде көп ұзамай «Көкарал» бөгетінің іске қосы­лып, теңіз суының Аралға жақын­дайтынын да айтқан болатын.

Сапар кезінде Елбасы Қосжар елді мекеніне келіп, «Қамыстыбас» балық питом­нигінің балық өсіру тәсілдерімен, уылдырық шайқау цехының жұмы­сымен танысты. Ал, тұр­ғын­дармен кездесуінде ауыл тұрғыны Бақтыбай Шораев­тың өтінішіне орай сол кезде дүние есігін ашқан сәбидің есімін Елбасының өзі қойды.

Сонау жылдардағы басылым беттеріне қарап, он бестегі Ерсұлтанды табу қиын болмады. Ол – қазір Қосжар ауылындағы №67 орта мектептің 10-сынып оқушысы. Алайда, ұлт көш­басшысына ұқсасын деп үміт еткен атасы осыдан алты жыл бұрын өмірден озыпты.

Бүгінде Ерсұлтан мектепте белсенді оқушы. Сөзге шешен, өзі сабырлы жасөспірім көркемсөз оқу байқауларында көзге түсіп жүр.

– Дүниеге келге­нім­нен-ақ маған үлкен сенім артылды, абыройлы азамат атансын деген ата тілегін сезініп, ержетіп келемін. Есімімді Елбасының қоюы – жақсылықтың нышаны. Мен де болашақта ел тілегін ескерген тұлға болғым келеді. Тұңғыш Президент болу, елдің еңсесін көте­ріп, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен тең ету оңай емес. Тәуелсіз ел атану қиын, тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын екені белгілі. Отыз жылға жуық уақыт Елбасының көш­бас­шылығымен бейбіт әрі берекелі күн кешіп келеміз. Мен де тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында еңбек етемін, – деді Ерсұлтан.

Алдағы уақытта әлем бойынша сұранысқа ие ІТ маманы болуды мақсат еткен Ерсұлтанның биіктен көрінетініне сенімдіміз. Өйт­кені қазірден-ақ, сөзі нық, арманы биік.

Ал, Аралдың қазіргі жағдайы әлемге белгілі. Кіші Аралдың суға толуы балық қорын молайтып, теңіз жағалаған елдің тұрмысын түзелтті. Бір күндері болашағы бұлыңғыр тартқан ауданның ахуалы адам танымастай өзгерді. Әрине, ғасыр жобасы атанған алпауыт жобаның өмірге келіп, іске асуы Тұңғыш Президенттің тәуекелге толы ерлігі екені анық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<