Елбасымен жүздесу

446

0

2003 жылдың сәуір айы­ның 13-жұлдызында Ел­басы іссапармен  біздің об­лысқа келді. Сол кезде «Ауыл жылы» бағдарламасы қабыл­данып, жүзеге асып жат­қан. Мен Бұқарбай батыр ауылының әкімі едім. Елбасы сол уақыттағы облыс әкімі  С.Нұрғисаевпен  «Құмкөл» мұнай  кенішінде болып,  түске таяу  Қараөзектегі  салынып жатқан су тоспасын  көрді. Қалжан ахун  ауылына келді. Ауылдың шағын клубына облыстың іс басында жүрген  басшылары, түрлі деңгейдегі әкімдері, іскер кәсіпкерлердің шағын тобы  шақырылыпты. Жиналғандармен еркін амандасып, президиумға жайғасып, елдің амандығын, көңіл-күйін сұрады.

– Қазақтың қаймағы бұзылмаған, бірлігі мен тірлігі жарасқан «Алаштың анасы» атанған Сыр еліне,  оның ішінде  имандылық пен ағартушылықты  халықтың бойына дарытқан ислам дүниесінің  өркениетін өңірге  жая білген,  мешіт салып, жастарды білім нәрімен сусындатқан, артында  өш­пейтіндей із қалдырған,  шарапатын  бүгінгі ұрпақ  көріп отырған ғұлама  Қалжан ахун негізін қалаған ауылға келіп, сіздермен дидарласып, сұхбаттасып «Ауыл жылын» бастаудағы істерімізге ғұлама әруағының шарапаты тисін деген  тілекпен келіп отырмын – деп сөзін бастады Елбасы.

Өңірде атқарылып жат­қан жұмыстар жайлы облыс әкімінің хабарламасынан соң елдегі шаруаларды ішкі және сыртқы саясаттан хабардар етіп, қойылған сауалдарға жауап беріп, сыртқа беттеді. Біз де орнымыздан тұрып, Елбасымен  сәлемдестік.  Нұре­кең менің  төсімдегі бейд­­жімді көзі шалып қалып: 

– Ал, ауыл әкімі жағдай қалай? – деп бірден сұрақ қойды.

Мен өзімді  таныстырдым.

– Нұреке, жылдың ал­ғашқы айында  Сыр еліне  келіп, өзіңіз айтқандай, ғұлама Қалжан ахунның ауылына  ат басын  тіреп,  «Ауыл жылында»  басталып жатқан  игі ісіңіз  берекелі, елге айтқан тілегіңіз қабыл болсын, – деп  қос қолыммен  сәлем бердім. 

– Өзіңе де соны тілеймін, – деді Нұрекең. – Елдің жағдайы қалай? «Ауыл жылы» қалай жүзеге асырылып  жатыр? Түптеп келгенде, соны жүзеге асыратын сендерсіңдер ғой, – деп әңгімеміз жалғаса берді.

– Нұреке, өтпелі кезең­дегі көрген азды-көпті қиын­дықтарды жеңіп, арт­қа тастадық. Бұған дейін Денсаулық, Мәдениет жылдары өз нәтижесін беріп, жақсы аяқталды. «Ауыл жылы» бағдарламасын  ха­лық түсіністікпен қабыл­дап, жүзеге асыруда. Бірін­шіден, халық  бұрын­ғыдай «мемлекет асырайды» де­ген масылдықтан  арылып, жаппай  еңбек етуге  кі­рісті. Мал ұстап,  егін егіп тіршілік жасауда. Майда шаруа  қожалықтары  бірігіп, серіктестіктер құруда. Елде кіші кәсіпкерлік дамып келеді. Іскер азаматтар мен инвесторлар ауылға бет бұрды, олардың арасын­да өзара іскерлік ахуал қалыптасуда. Мемлекет тарапынан оларға субсидия берілуде. Жанар-жағармайға, тыңайтқыштарға  жеңілдік жасауда, – дедім.

Елбасы:

– Бұл – жасалып жатқан қолдаудың басы. Егіншілерге де, мал ұстаушыларға да жеңілдетілген  несие, үлкен көлемде  субсидия  беріледі. Шағын,  орта кәсіпкерлердің салығы жеңілдетіліп,  жұ­мысына  кең өріс ашылатын болады. Осыны өздерің түсініп, жеткізіңдер. Сендер – істің нақты орындалатын  жерінде елдің тіршілігіне бас-көз болып жүрген, сенімге ие болған азаматсыңдар. Елдің хал-жағдайы, ­ахуалы, жастар тәрбиесі, тәр­тібі, ауызбіршілігі сен­дердің тү­сініктерің мен іс-әре­кет­теріңе байланысты, осы істердің  ұйытқысы  бола білулерің керек, – деп ақыл-кеңес берді.

– Нұреке, халқыңыз, еліңіз сізбен бірге, біз сіздің салиқалы саясатыңызды қол­­даймыз. Ел үшін жасап жат­қан игі істеріңізді жүзеге асыруға  аянбай еңбек етеміз, – дедім.

Елбасы да тілегіме риза болып:

– Ал, суретке түсейік, – деді. Осы кезде Болат Омаралиев суретке түсіріп жатты.

– Нұрекең  әңгімесінің соңында:

– Еліңе сәлем  айт, бүгін осында ұққаныңды халқыңа жеткіз, – деді.

Сол жолы ауылдағы жұмыстың барлық ауырт­палығын иықтарымен кө­теріп, халқымен бірге жүр­ген ауыл әкімдеріне су жаңа автокөліктердің кілтін тапсырды. Халық игілігі үшін қызмет атқаруымызға тілектестігін білдірген еді.

Рысбай КӘРІМОВ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<