Көлік бағасы көкке ұшты

827

0

«Сатсаң төмен, алсаң қымбат». Автокөліктерге айтылған бұл тіркес қазіргі жүргізушілердің ұранына айналғандай. Жаңасы тұрмақ, ескісін алудың өзі жыр. Себебі баға аспандап, көліктер ақысы көкке ұшқан.


Дәуірінде сұраныстан түспеген Reno Duster автокөлігі 2015 жылы 4 млн теңгеге жетпес сомада сауда­ланған еді. Ал қазір 8 миллион теңге­ден асып жығылды. Өткен жылы ғана жаңа Nissan Qashqai 12 миллион теңге тұрса, биыл 16 миллион теңгеге жетпек сыңайда. Мұндай мысалды көптеп келтірсек болады. Темір тұлпарлардың саты­лым­дағы құнын білу үшін Қызыл­ордадағы автобазарға бардық. Халық­тың сөзінше, көлігін сатам деушілер, бағаны бір-біріне қарап қоятынға ұқсайды.


Көлік саудалауға келген тұрғын­дардың бірі жүріп тұрған, жылтырап тұрған автокөлікті 1,5 млн теңгеден төменге табу мүмкін емесін айтты. Айтуынша, баға екі есе өсіп кетті. Автосалоннан шығып жатқан көлік­тердің де бағасы соңғы жылдары екі есе қымбаттаған. Отандық көлік­тердің орташа бағасы 7,5 млн теңге.


Автобазардағы қолданыста болған көліктер бағасын сұрап білген едік. Ескі Mitsubishi Galant – 850 мың теңге, ескі Volvo 1,5 млн теңге, Datsun – 2,65 млн теңге, Mercedes-Benz W124 – 1,4 млн теңгеге сатылымда тұр. Ал, Daewoo Nexia (2010 ж.) орташа бағасы – 1,3 млн теңге. Мұндағы бірден көзге ұратыны – барлығы дерлік әбден ескірген көліктер. «Ескіні алмасқа амал жоқ. Жаңаны алуға қалта көтермейді, қаржы жетпейді» дейді көлік саудалауға келген жұрт.


Жүргізушілердің сөзінше, бағаның қымбаттауы өзге елден көлік әкелудің машақаты көптігінен. Сондықтан ел ішінде жүрген ескі көліктер бағасы жыл санап артып жатыр.


– Айталық, шетелден қозғалтқыш күші ең аз көлік алдыңыз. Келген бойда кедендік алым төлеп, рәсімдеу керек болады. Одан соң Кедендік Одақ талаптарына сай міндеттенген Euro 5 стандартына сәйкес келетіндігін дәлелдейтін сәйкестік сертификатын алу қажет. Олай болмаған жағдайда, көлік есепке қойылмайды. Бұдан кейін мамандандырылған ХҚКО-ға барып нөмір алмастан бұрын утиль алымын төлеу керек. Бұдан бөлек нөмір мен көлік құралын тіркеу куәлігі үшін де алым қарастырылған, – дейді сырттан көлік әкелудің қиындықтарын өз басынан өткерген қала тұрғыны Талғат Махамбетәліұлы.


Оның айтуынша, Еуразиялық Одақтан тыс шет елдерден келетін көліктер маркасынан гөрі екі негізгі параметр бойынша рәсімделеді. Біріншісі – шыққан жылы. Басқаша айтқанда, көлік неғұрлым жаңа болса, оған төлер алым соғұрлым арзан болады. Екінші параметр – қозғалт­қыш көлемі. Талап бойынша, қозғалтқыш көлемі неғұрлым кішкен­тай болса, соғұрлым аздау алым төленеді.


Қорыта айтқанда, осы алғын-шығынның барлығын төлеген соң, сырттан әкелген көліктің өз бағасына кемінде 1-1,5 млн теңге үстеме қосы­лады екен. Сондықтан көпшілігі ресей­лік арзан көлік алуға тырысады. Кейбір кісілер бір емес, бірнеше көлік кіргізіп, нәпақа табуға асығады. Өйткені сырттан келген жеңіл көлікке утилизация алымын төлеудің қажеті жоқ.

Заң бойынша машинаның иесі бол­масаң да, халықаралық қозға­лыста жүрген көлікке сақтандыру қағазы­ның өзі жеткілікті. Сақтандыру бағасы 22 мың теңге. Қазір облысы­мызда ресейлік көліктер қаптап жүр. Мысалы, 1998 жылы шығарылған ресейлік тіркеудегі Toyota Camry автокөлігі автобазарда 2,25 млн теңгеге саудалануда. Ал, Қазақстанда тіркелгені 6 млн теңгеге бағаланған.


Негізі жеке қолданыс үшін шетелде тіркеуде тұрған көлікті елімізге әкелген азамат жыл сайын 30 тәулікке мемлекет аумағынан шығаруы керек. Әйтпесе қазақстандық номер тағуға тура келеді. «Жол жүрісі туралы» заңның 63 және 65-бабына сәйкес талап сондай. Заңға сәйкес, ел азаматтары шетелден әкелген жеке көлігін он күн ішінде тіркеуге қоюы керек. Бұл халықаралық қозғалыстағы көліктерге қатысты емес.

Олар «Жол жүрісі туралы» заңның 65-бабына сәйкес бір жылға дейін жүруге ғана мүмкіндігі бар. Бірақ мұны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Тұрғындар заң талабын біле тұра, арзан көлікті тізгіндеуге асығуда.
Халықаралық қозғалыстағы авто­көлік иелері – шетел азаматтары.

ҚР азаматтары оны сенімхат арқылы бас­қарады. Оларға қойылатын талап­тар – жүргізушілер көлік құра­лын тіркеу куәлігін (техпаспорт), мемле­кеттік тіркеу нөмірін, сонымен қатар мемлекеттің айрықша белгісі мен көліктің техникалық байқаудан өтке­нін растайтын құжаттары болуы керек. Бейресми дерекке сәйкес, ел ау­мағында шетелдік тіркеумен жүр­ген кө­ліктер саны 200 мыңнан асады. Бұл көр­сеткіште өңіріміздің де үлесі бар.


Тағы бір алаңдатарлық мәселе – бейресми дерек бойынша тиісті бақылаудың жоқтығынан ресейлік есептен шығарылған он мыңға жуық көлік елімізде жүр. Басқаша айтқанда, еш жерде тіркелмеген, «ауада қалқып тұрған» көлік көбейіп барады. Бұл көліктермен жол-көлік оқиғалары орын алса немесе біреудің мүлкі зақымдалса, кінәліні анықтаудың өзі қиындық туғызуы мүмкін. Өйткені көліктің иесі жоқ.


Бұл ретте ескеретін жайт көлік бағасы арзандаған емес. Мұнымен де тұрақтанып қалмайды. Сарапшылар биыл да 15-20 процентке қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Қазір жаңа импорттық көліктер ең азы 17 проценттік мөлшерлемемен несиеге беріліп жүр. Бірақ несиеге көлік алу жұрт үшін тиімсіз. Көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді.

Елде құрастырылып жатқан көліктерге де жаппай сұраныс байқалмайды. Қымбатшылық салда­рынан ескі көліктер көбейіп, жаңаға қол жеткізу күннен күнге қиындап барады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<