Нұрлы жол

905

0

Жол… Мектеп табалдырығын алғаш аттарда атам мен әжем: «Жолың болсын, зейінің ашылсын» деп, ақ батасын беріп еді. Жолаушы сапарға шығарда туыстары оған «ақ жол» тілеп жатады. Жаңаша бір бастаманы жүзеге асыру алдында «Іске сәт, жол болсын» деп, жанашыр жандар жаныңнан табылады.

Әр адамның өз өмір жолы болатыны айқын. Хакім Абай төртінші қара сөзінде «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» дейді. Сол аралық – адамның өмір жолы болса керек.

Әр дәуірде жеке бір өзінің ғұмыр жолы бүкіл қоғамның, бүтін елдің даму жолын айқындап беретін тұлғалар болады. Еуразия кіндігіндегі елімізді ширек ғасыр ішінде өркендетіп, әлемге танытқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмір жолы жастарға өнеге болары хақ. Қырық бес қара сөзін қараша халыққа арнаған Абайдың жолы қалың жұртқа әлі күнге азық. Абай айтпақшы, «адамды заманы өсіреді». Ал Елбасын өз заманынан оқ бойы озық туған жан деп есептеймін.   

Шағын ауылда қарапайым әулетте дүние есігін ашқан бала Сұлтанның арманы асқақ болды, аспанда самғап ұшу мақсатына айналды. Нәтижесінде, көптеген жылдан соң арманы орындалып, өзі ғана емес, бүкіл халқымен бірге өркениеттің даму сатысымен көкке өрлеп самғады.

Әр кезеңде ел басқарған тұлғалар жүзеге асырған ел билеу және төрелік ету заңдары Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, Абылайдың ақ жолы деп ел ішінде аталғаны белгілі. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш қадам басқан сәтінен бастап әлі күнге дейінгі бүкіл өмір жолы – тұтас тарих. Жер бетінде халқы ұйыспай, өркендеу жолына түспек түгілі күнделікті күнкөрістің өзі мұңға айналған елдер қаншама. Бір тудың астына жүзден астам ұлт өкілін біріктіріп, әр азаматтың кемел өмір сүруі үшін бірнеше ондаған жылдарға арнап жасалған бағдарламаларды жүзеге асыру кемеңгер тұлғаның ғана қолынан келері анық.

Мен дүние есігін ашар жылы, яғни 2005 жылы көктемде Елбасы  Арал қаласына келіп, толқынды теңізді қалпына келтіру жобасына серпін берді. Осы сапарында Арал халқына таза ауыз су жіберудің ашылу лентасын қиып, екі алақанымен судың дәмін татып, жергілікті жұртқа Таза, мөлдір судай ақ жол тілепті. Әлі күнге таза судың игілігін көріп келеміз, лайым ұзағынан болғай! «Арал халқына көмектесем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деп, Елбасы сол сапарында ағынан жарылып айтқан ақ сөзі менің және қатарластарымның жолына тура бағыт сілтегендей.

Иә, жол! Біз бәріміз де бұл өмірде жолаушымыз. Әжем солай деп айтып отырады. «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» дейді халық мақалы. Елбасының дара жолы Қазақстан мен әлем арасын жалғайтын тарау-тарау жолға ұласты, көп мүмкіндіктерге жол ашты. Өмір ағашы іспетті, Елбасы жолы бүкіл халықтың жолын тоғыстырып, түзу арнаға бұрды, бағыт берді. Қилы кезеңде тығырықтан шығар жол тапты.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазып, алғашқы кітабы басылып шыққан тұста Елбасы Н.Назарбаев жарық дүниеге шыр етіп жаңа келген сәби болатын. Жас күнінде «Абай жолын» жастана оқыған жас Сұлтан өзінің «Нұрлы жолын» салды, салып қана қоймай, жетістікке жетуге жұмылдыра білді, нұрлы болашаққа нұсқады.

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек». Бұл – Елбасының ой толғамы. Өткенсіз келешек болмақ емес. Рухымызды жаңғыртып, рухани әлемімізді жаңартып, қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда көштен қалмай, көш ілгері озу, жетілу, даму – бұл біздің мақсатты жолымыз, бұл Қазақстанның тура жолы деп білемін.

Нәзгүл БАЛТАБАЙ

Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің,

9 «В» сынып оқушысы,

Лиза ҚҰРМАНТАЕВА,

қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<