Отыз жылдың жемісі

336

0

Жалағаш кентінде кеш батып келе жатты. Біз екеуміз сауықтыру кешенінен шығып, үйреншікті тротуармен үйге қайтып келеміз. Құр келе жатқан жоқпыз. Өткенді еске алып, бүгінгі күнді, бүгінгі өмірді мақтан тұтып келеміз. Қасымдағы жол серігім – кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Құлмаханов. Әңгіме арасында әріптесіме:

– Қожеке, жаңағы журналистер қатысқан мәжілісте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап мақала жазыңдар деп жатыр. Осы жөнінде не айтпақсыз? – дедім.

– Жазу оп-оңай дүние емес, ойланып көрерміз. Ал, өзің ше?

– Өзім  де  ойланып  келем.  Енді  бұл  бастаманы  аяқсыз қалдыруға болмас, – дедім. Сол сәтте маған «Отыз жылдың жемісі» деген мақала жазсам деген ой келді.

Осы кезде күн райы өзгеріп шыға келмесі бар ма? Жаңа ғана тыныш тұрған табиғат күрт қабағын түйіп алды. Наурыздың суық желі де еселене түсті. Ұйытқыған жел өзімен бірге батыстан қаптаған қара бұлтты ала келді. Әп-сәтте күн күркіреп, найзағай ойнап, аспанның түбі тесілгендей шатыр-шұтыр ете қалды. Наурыздың жаңбыры толассыз құя бастады. Біз әңгімемізді айтып, Желтоқсан мен Әйтеке би көшелері қиылысына келіп те қалдық. Сонымен «ертеңге дейін» деп қол алысып, екі айырылдық. Ол аудандық әкімшіліктің кеңсесіне қарай бұрылды. Мен үйіме бет алдым.

II

Тұңғыш Президенттің бас­ты мақсаты – Қазақстанды теңдесі жоқ ұлы елге айналдыру. Ол үшін шөл даланы жандандырып, жаратылыстың адамға керегінің бәрін де қамтып, туған жердің бар аймағын игілікке толтыру. Бүгінде еліміздің қай түкпірін алып қарасаңыз да, жаңаша жаңғырып жатқанын көресіз. Осындай шұғылалы шақтың өз мекенімізде де болып жатқанын мақтанышпен айтсақ артық бола қоймас. Әрине, мұның барлығы – егемендіктің құдіреті.

Өмір деген қандай көрікті болып барады. Осыдан 30 жыл бұрын кент көшелері тозып, жарық дұрыс жанбайтын. Ал қазір ше? Барлық көше түн болса электр жарығы жарқырап тұр. Көшелер түгелге жуық асфальт төселді. Келбеті келіскен кенттің жапырақ жайған талдары жаз айларында жасыл желекке бөленіп, жайқалып тұрғаны.

Бүкіл елде қала берді өзіміз өмір кешіп жатқан жерде адам үшін қаншама жақсы істер атқарылып жатыр десеңізші. Соның бел ортасында жүріп, соны кейде аңғармайтынымызды жа­сыруға болмайды. Алдыңғы буын ағалардың жастарға «Жақсы қасиетіне қасиет қос» деп тілек айтуы осындайдан болар. Енді бүгін туған аймағыңа қарашы. Бұл араны «тоғыз жолдың торабы» десек, мүлде қателеспейміз. Мынау, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі.

Жылдар өтер, айтулы трас­саның екі қапталындағы құры­лыстар да одан әрі жалғасын тауып, ашық дала тіршілік көзіне жарап, елді мекенге айналар-ау деген ой келеді. «Ойды ой қозғайды» демекші, осы орайда аудан аумағынан өтетін теміржолды халықтың ырыс-несібесі, сарқылмас қа­зынасы деуге әбден болады. Оның үстіне екі алып жолдың ортасында ағып жатқан Сыр­дария өзенін айтпасақ, кеуі­лі­­міз көншімейтіні тағы бар. Оны айтпасақ тағы болмайды.

Сырдария өзенін табиғат­тың бізге сыйлаған байлықтың көзі десек жарасар.

Енді біз ғасырлардың қабатында қалған жайларды қоя тұрып, егемендігіміз жайлы сыр шертпекпіз. Соңғы жылдардың өзінде аудан ор­та­лығы танымастай болып өз­герді. «Астана», «Қызыл­орда», «Сейтнәби Мұқашев», «Жасөспірімдер», «Жеңіс» ат­ты парктер жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Аталған демалыс орындарының бар­лығы да қазіргі өмір талабына сай жабдықталған. Жаз айларында қай демалыс паркіне бара қалсаңыз да бос орын таба алмайсыз. Онда әңгіме-дүкен құрып отырған ардагер ағалар мен әжелерді, кішкентайларын қоларбаға са­лып алып қыдырып жүрген ерлі-зайыпты жастарды кө­ресіз. Жүргіншілер де аз емес.

III

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа өмір, жаңа кезең басталды. Кәсіпкер деген атау дүниеге келді. Мәселен, соңғы             30 жыл ішінде аудан бойынша 1179 кәсіпкер тіркеліп, еңбек етуде. Оларда 6170 адам жұмыспен қамтылған. Оның 218-і шаруа қожалығы болса, 74-і кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлға. Қалған ­887-сі жеке кәсіпкер. Мәселен, Жалағаш кентінің өзінде халыққа 278 дүкен қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, автобусы бар, таксисі бар 142 түрлі маркалы көлік тұрғындардың алыс-жақын сапарға шығуына мүмкіндік туғызып отыр. Бұған қоса «Жібек», «Әділет» базарлары, «Бәйтерек» сауда орталығы жұмыс істейді. Соңғы 4-5 жылдың ішінде кенттің өзінде алды 50-ден 500 адамға дейінгі сыйымдылығы бар 17 кафе-тойхана салынып, қолданысқа берілді. Бұл да – егемендіктің жемісі.

IV

«Әркімнің туған жері –  Мысыр шаһары» деген емес пе?! Туған жерін кемсіткен бір сөзді естісе намыстанбайтын жігітті көр­ген емеспіз. Жалағаш кен­ті көшелерінің оқтаудай түзу­лігімен жасыл-желегімен облыстағы үл­кенді-кішілі ­ауылдар мен кенттердің алдыңғы қата­рында тұрғандығын мақ­танышпен айтуға болады. Мәселен, орталық алаңды алып қараңызшы. Ондағы әсем арканы бұрын үлкен қалаларға барғанда көретінбіз. Жаңа фонтан, тұғыры биік көк байрақ туымыздың тұрғаны анау. Әрі қарай жүрсеңіз, автовокзал мен теміржол вокзалының алдындағы биік тұғырдағы  сағат та айналаға көрік беріп тұр.

Осы орайда Тұңғыш Президентіміздің «100 мектеп, 100 аурухана» атты бағ­дарламасы аясында аудан орталығынан 1200 орындық зәулім мектептің пайдалануға берілгенін, мұнда озық ойлы шәкірттер білім алып жатқанын  үлкен мақтаныш екендігін айтудың реті келіп тұрғаны.

Бұған қоса кенттегі №123 орта мектеп бұзылып, орнына жаңадан салынды. Сондай-ақ, Аламесек, Мырзабай ахун, Далдабай, Шәменов ауылдарынан салынған жаңа мектептер, сол сияқты Мә­дениет және Бұқарбай батыр ауылында уақыт талабына сай салынған спорт кешендері де бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Аққұм мен Мәдениет ауылынан жаңадан салынып, іске қосылған Мәдениет үйлері де – бүгінгі күннің жақсы жаңалығы.

Кент орталығындағы жа­ңар­тылып салынған, адам­ның көз жауын алатын үлкен стадионды қалай айтпай­сыз?! Оның жасыл алаңында толассыз жарыс өтіп жатса, қалай мақтанбасқа?! Жастарға керегі де осы емес пе?! Сол сияқты ауданның барлық ауылдарында дерлік балаларға арналып, шағын стадиондардың салынғандығын айтуға тиіс­піз. Бүлдіршіндерге арнап, бүгінгі заман талаптарына сай салынған «Ақмаржан», №19 санаториялық балабақ­шаларды, ауданның бар­лық елді мекендерінде бала­бақ­шалардың жұмыс істеп тұрғаны – соңғы жылдар­дың жемісі. Бұл айтып отыр­ғанымыз жетістік емес пе? Әрине, жетістік. Бұның барлығына да азаттықтың арқасында қолымыз жетіп отыр.

V

Біз тіршіліктің қай саласын алсақ та ілгерілеп өсудеміз, өркендеудеміз. Соның бір дәлелі – көшелер. Иә, өзіміздің күнделікті жүріп өтетін көшелеріміз. Мысалы, 1991 жылы кенттегі көше саны 54 болатын. Егемендік алған жылдар ішінде екі жүзден астам жаңа үй салынып, жаңадан 18 көше пайда болды. Басты көшелердің барлығына дерлік тротуарлар салынған.

Көпшілік жағдайда көше атауын атағанымыз болмаса, оған терең үңіліп, мән  бермейміз. Шын мәнінде, көше – өмір ағысы. Көшені тереңірек танитындар – почтальон, таксист, онан соң журналист.

Міне, біз М.Шәменов атындағы көшемен жүріп келеміз. Көше атауының өзі көп нәрсені еске түсіреді. Атам қазақтың «Жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөзінің астарында адал ойдың ақиқат шындығы жатқаны еріксіз еске келеді. Өмірде жақсының аты ісімен, өне­гесімен, адалдығымен, адам­гершілігімен, іскерлігімен өл­шенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да, қандай іске болса да, халық өзінің адал бағасын береді. Бүгінгі таңда, еліміз егемендікке қолы жеткен кезде бұл өмір шындығына айналып отыр. Ал, мынау еске алып отырған атауды соның мыңнан бір мысалы десек те болады.

Осы айтып отырғаны­мыз­дың өзі жалғаса берер өмірдің өнегелі сабағы жазылып қалар кітабы сияқты…

VI

Еге­мендік таңы атқаннан бері 30 жыл ішінде еліміз қай жағынан болса да тек өсу жағында екенін көреміз. Эко­номикалық та, мәдени-әлеу­мет­тік те, рухани жағынан да өрлеу дәрежесінде. Бұл – еліміздің бағы, хал­қы­мыздың бақыты. Сон­дықтан да талап та, тақырып та еге­мен­дік жайлы болуы тиіс. Жал­пы журналис­тер әрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезіп отыратын мазасыз халық қой. Олар – қоғамның белсенді және жаңалықты, әділдікті, жасам­паздықты жақтаушы қолқанаты. Сондықтан өмір тілегінен туған осындай мәсе­лелерді баспасөз бетінде еркін көтеріп, жұртшылық пікірін ұйымдастырсақ, құба-құп емес пе?

Халық пікірін тыңдау, көпшіліктің ойын ортаға салу, жақсысын жақсы деп айтып, олқылықтарды болдырмаудың алдын алу елдің ауызбірлігін сақтауға баратын тіке жол десек, қателеспейміз.

Ойымызды ашық айтып, ақты ақ деп, қараны қара деп, елеусіз қалғандарды қайта жаңғыртып, елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымызды мәңгі есте сақтайтындай, жастарға тәлім-тәрбие беретіндей алып ескерткіштер салып, ел тарихын естен шығармайтындай шаралар өткізіп, өркениетті елдермен иық тіресе көтеріліп келе жатқанымыздың өзі – егемендіктің арқасы. Ендеше қазіргі ұлы байлық – Егемендік.

VII

Бұл жылдар ішінде озық дамыған 30 елдер қатарына қосылуды межелеген «Қа­зақстан – 2050» стратегиясы қабылданды. Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұр­лы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдар­ламалар жүзеге асырылды. Сонымен бірге бұл мерзім ішінде саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға да баса мән берілді. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты.

Егемендігіміздің 30 жыл­дығы бүгінде тарихқа айналып, болашағымыздың не­гізін қалады. Отыз жылдың шуақты күндері кентті мүлдем басқа түрге бөлеген. Үйлері жаңа түрге енген, көшелері көбейген, аумағы артқан. Аудан орталығынан шығып, 14 ауылға баратын жолдың барлығына да асфальт төселген. Тамаша емес пе?!

Осы жылдар ішінде кент­тегі жаңадан бой көтерген имандылық үйін, жаңадан салынып, пайдалануға берілген жұқпалы аурулар ауруханасын, емхана мен жүз орындық аурухананы қалай айтпаймыз. Бұл жұрттың көптен күткен арманы еді. Ол да орындалды. Сондай-ақ, бұларға мәдениет және өнерді дамыту орталығының ғимараты мен күрделі жөндеуден өткізілген аудандық кітапхананы да қосуға болады.

Биылғы жыл аудан тарихында, көпшілік жұрттың жадында ұзақ сақталатын жыл болғалы тұр. Себеп – «көгілдір отын» аудан орталығына келді. Биылғы күзден бас­тап тұрғындар жылуды газды пайдалану арқылы алады. Қуаныштарында шек жоқ.

Осы жақсы жаңалықты естіген он балалы Батыр ана Ұл­данай атты қарт әже: – Біздің жас кезімізде дарияның арғы беті де, бергі беті де сыңсыған тоғай болатын. Бертін келе  отынға пайдаланудың салдарынан әлгі айтқан тоғайлы алқап ашық алаңға айнала бас­тады. Енді оған тоқтау болатын шығар-ау, – деді.

Шіркін, табиғат та жас бала сияқты ғой, тимесең, аяласаң түрлі түске еніп, көрік береді.

VIII

«Заман біздікі» Қандай тамаша, ұтымды сөз. Бұл қазіргі жастардың көкейіндегі сөзі. Шындығы да солай. Бұған біз, қариялар қызыға қараймыз, іштей әттең деп те қоямыз. Біз де жастық шағымызда ел үшін, Отан үшін еңбек еткенбіз. Бүгінде де солаймыз. Егемендіктің қадір-қасиетін жүрген жерімізде, жиын-тойларда, үлкен-кішілі отбасылық кездесулерде шамамыз келгенше жастарға жеткізе айтамыз, оны қадірлей білуге шақырамыз.

Бұл күндері барлық дең­гейде, барлық жерде егемен­діктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар қызу жүргізілуде. Оған ардагерлер де белсене қатысып, өз үлесін қосуда. Жер мен ел тарихын, шежіресін көкірегіне тоқып алған қарияларымыз Аққұм ауылынан Қосым Жүсіпбеков, Ақарық ауылынан Әлтай Пірманов, Мәдениет ауылынан Қалдыбек Сарбасов, Бұқарбай батыр ауылынан Қапыланбек Нұрмағанбетов, Шәменов ауылынан Сағыналы Құланбаев, Ақсу ауылынан Тынымбай Берлібеков, Еңбек ауылынан Мархабай Балханов, Жаңадария ауылынан Сапабек Тұрмаханов, Аққыр ауылынан Шора Қалдыбеков, Таң ауылынан Нұрадин Жұбанов, Мақпалкөл ауылынан Қ.Мұстафин, аудан орталығынан Оспан Жан­ұзақов, Амангелді Ма­қатаев, Байұзақ Іздібаев, Тұрмағанбет Сығайбаев сынды ардагер ақсақалдар мектеп оқушыларымен кездесу жиын­дарына қатысып, егемендік жайлы әңгіме етуде. Әрине, мұны үлкендердің жастарға көрсетіп отырған үлгі-өнегесі деуге болады.

Біз, алдыңғы буын ел егемендігінің 30 жылдығына, осынау ұлы замана шежіресіне куә болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Уақыт осылай өте бермекші. Ал, егемендіктің даңқы да зор, ісі де зор. Толғана отырып мақаламды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауап­кер­шілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіс­пен­ші­ліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру ке­зінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен се­зінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың бір­туар перзенті Әлихан Бөкей­ханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсі­ресе, жастарға айтарым: кең-байтақ Қазақстанды ас­қақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табы­сыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патрио­тизмінің жасампаздық құ­діретіне сенемін. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тә­уелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен,  үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз  мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақ­таламыз. Осы айнымас ақи­қатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деген сөзімен аяқтауды жөн санадым.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<