Премьер-Министр Қызылорда мен Жаңатас қаласындағы өртке қатысты пікір білдірді

624

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Петропавл қаласында тұрмыстық газдың жарылуы мен Жамбыл облысының Жаңатас қаласында және Қызылорда қаласында өрт шығу фактілеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл қаласында тұрмыстық газдың жарылуы, сондай-ақ Жамбыл облысының Жаңатас қаласында және Қызылорда қаласында өрт шығу фактілері бойынша Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады, тиісті сараптамалар (өрттехникалық, сот-медициналық және жарылыс-техникалық сараптамалар) тағайындалды», – делінген Үкімет басшысының депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы өрт бойынша Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрттерді зерттеу жөніндегі маманының алдын ала қорытындысына сәйкес, өрттің техникалық себебі ашық оттың жанғыш материалдарға (ағаш, қағаз, материя, пластик және т.б.) таралуынан болған. Өрт пәтердегі балалар бөлмесінен шыққан, бұл балалардың отпен ойнауының салдары (сіріңке, оттық және т.б.) болуы мүмкін.

«Тергеу іс-қимылдары аяқталғаннан кейін (өрттің себептерін анықтау) тиісті лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне баға беріледі және олардың жауапкершілігі анықталады. Өрттер бойынша қылмыстық істерді тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына тұр», – деді А. Мамин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар адам өліміне әкеп соққан Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Петропавл қаласында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

Осы орайда депутаттар Прмеьер-Министр Асқар Маминнен Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көпқабатты үйлерге, әсіресе уақытша баспана мен саяжайларға, басқа да жайлы емес тұрғын үйлерге әрбір нақты жағдайда көмек көрсету тұрғысынан толық жұмыстарды жүргізуді сұрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<