Президент өңір әкімдерімен кездесті

453

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.

Жиын барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Президент Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру стратегиясы аясында саяси реформалардың кезекті топтамасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, әкімдер азаматтармен жұмыс істеу тәртібін қайта қарауы керек, сондай-ақ аудан және ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді шешуі, қоғам сенімін арттыруы қажет. Үкімет пен әкімдіктерге жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде жүйелі шаралар қабылдауға тапсырма берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне бүгінгі Қазақстан халқына арналған Жолдауда жүктелген міндеттерді сапалы жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

***

Президент Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевты, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновті, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинді және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтарда былтырғы атқарылған жұмыстар мен 2022 жылдың алғашқы екі айындағы даму көрсеткіштері туралы баяндалды. Әкімдер аталған облыстарға және Шымкент қаласына қатысты Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде мәлімет берді.

Президент халықпен жиі кездесудің, қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізудің маңыздылығын атап өтіп, өңірлердің басшыларына тұрғындарды мазалаған мәселелерді уақытылы шешу қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын күшейтуді және өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жобаларды жалғастыруды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<