Қасіретті қаңтар: құқықтық баға берілді

350

0

Бас прокуратура қаңтардағы тәртіпсіздіктер бойынша қазіргі таңда 3 770 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов қасіретті қаңтар оқиғасына құқықтық баға беруді сұраған болатын. Кеше Мәжіліс отырысында Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов алдымен қысқаша бейнеролик көрсетіп, депутаттық сауалға жауапты оқиға хронологиясынан бастады.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болып отыр. Митингілер бастапқыда бейбіт болғаны белгілі. 1 қаңтардан бастап батыс өңірлері газ бағасын төмендетуді талап етті, яғни, ешқандай саясат болған жоқ. Таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жіберілген үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты қойылған талаптарды қанағаттандырды.

Осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Олардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі Алматыда. Басында жиындар бейбіт сипатта болып өтті. Алайда жағдайдың бақылаудан шығуы сағат сайын арта бастады. 3, 4, 5 қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдады, заңды сақтауға және деструктивті күштерді арандатуға жол бермеуге шақырды. Алайда, бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақырылғанымен, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшкен. Қазақстанның бас прокуроры 4 және 5 қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өткенін айтты.

– Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті, WhatsApp және Telegram арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап, қаруландырды. Кейін топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тоналғаннан кейін қылмыстың ізін жасыру үшін, тіпті көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Басқа қарулы топтар мақсатты түрде әкімшіліктерге, президент резиденциясына, полиция және ҰҚК ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға шабуыл жасады. Аңшы дүкендерін тонады.

Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді. Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратқан.

Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауызсуды жеткізу ұйымдастырылған. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни бейбіт азаматтарды “тірі қалқан” ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде пайдаланды, – деді Берік Асылов.

Бас прокурор осы күндері қауіпсіздік күштерінің ішінде 3,5 мыңға жуық адам жарақат алғанын, бұл жарақат алғандардың 80 проценті екенін айтты.

– Бірақ сол кезде де шабуылдаушыларға оқ атылмады! Сол қиын жағдайда полиция қызметкерлері, Ұлттық Ұлан мен Қарулы күштердің әскери қызметшілері соңына дейін зорлық-зомбылықты тоқтатуға тырысты, жауынгерлік қаруды қолданбады. Олар өлімге әкелмейтін арнайы құралдармен шектелді – резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ және жарық шулы гранаталары. Бірақ бұл әлсіздік ретінде қабылданды, – деді ол.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға, қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырған болатын. Берік Асылов аталған деректер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану деректері бойынша 234 істі жүргізіп жатыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне “өте құпия” деген белгі берілгені де айтылды. Осыған байланысты тергеу нәтижелері жан-жақты жария етілмейді.

Берік Асылов бүгінде 35 мыңнан аса жедел-тергеу іс-қимылдары, оның ішінде 20 мыңы – тексерулер, жауап алу, тінту жүргізілгенін, 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалғанын айтты.

– Барлық орган бойынша қамауға алынғандар саны – 766. Олар көбіне 30 жасқа дейінгілер, жұмыссыздар мен жоғары білімі жоқ адамдар. Оның ішінде деструктивті діни ағымның 19 өкілі бар. 27-сі тыйым салынған экстремистік ұйым өкілі, 24-і ұйымдасқан қылмыстық топ өкілі. 113 адам бұрын адам өлтіргені үшін, ұрлық жасағаны үшін сотталған. Мысалы, қамауда Жұмагелдиев, яғни “Дикий Арман” мен оның тобының 14 мүшесі бар, – деді бас прокурор.

Бүгінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 44 қылмыстық іс, терроризм актілері бойынша 46 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Осы істер бойынша 527 адам күдікті. 278 адам қамауға алынды.

Күш құрылымдары басшыларының іс-әрекетіне де құқықтық баға берілді. Берік Асылов 5 қаңтарда 2 полиция департаментінің және ҰҚК-нің Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 3 департаменті өз ғимараттарын, соның ішінде қарумен қалдырып кеткенін айтты.

– Осы деректер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды, тергеу әрекеттерінің негізгі көлемі аяқталды. Алматы қаласы ҰҚКД бастығы Мажилов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдемелерді жинау және талдау жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығының өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұрынғы Қорғаныс министрі қамауға алынды. Тергеу жалғасады, – деді Берік Асылов.

Ел бойынша барлығы 230 адам қаза тапқан. Оның ішінде 19 әскери және қауіпсіздік күштері. Ең көбі Алматы қаласында – 139 адам. Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылшының көзі жойылғаны анықталды. 53 қайтыс болған адам бойынша өлімнің мән-жайы анықталып жатыр. Олар қала аумағында әртүрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 – атыс, 2 – пышақ жарақаттарымен, 3 адам басқа жарақаттармен және күйіктермен табылды.

– Басқа 7 өңірде 63 шабуылдаушыны құқық қорғау күштері әкімшілік, полиция және ҰҚК департаменті ғимараттарын қорғау кезінде жойды. Бүгінгі таңда біз кездейсоқ оққа ұшқан 20 адам қайтыс болғанын нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында. Олардың ішінде айқас оттың астына түскендер, погромшылардың қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ блокбекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар, – деді бас прокурор.

Берік Асылов прокуратура органдары жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты, заңнама талаптарын ескеріп, мен, тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі, деректерді ғана келтірдім. Естеріңізге салайын, тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты. Мұндай ауқымды, трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін, бұл уақыт жеткіліксіз. Көп жағдайда куәлар жоқ. Кешенді сот сараптамалары және баллистикалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижелерін күтудеміз. Осының барлығы: фигуранттардың қатысу дәрежесі мен рөлін дұрыс саралау, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды анықтау және ұрланған қаруды табу үшін қажет. Дейтұрғанмен, барлық қылмыстық істер бойынша, түпкілікті шешімдер, міндетті түрде, халықтың назарына жеткізілетін болады, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<