Шаттықтан шуақ тараған күн

1053

0

НӘЛҚОЖА ЕРГЕШБАЕВТЫҢ ЕСКЕРТКІШ-МҮСІНІ
АШЫЛДЫ

Мерейлі мерекенің сұлу Сырға бұл жолы да толайым тартуы аз болған жоқ. Елдік іс бұқараның игілігін толыстырып, жаңашылдық салтанат құрды. Дүйсенбіде бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың ескерткіш-мүсінінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, өткенге құрметпен қараудың жарқын үлгісі паш етілді.

– Әр тарихи кезеңнің халқымыз үшін орны бөлек. Сол қоғамның дамуы мен өркендеуіне, ел іргесінің берік болып, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағының сақталуына еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, есімін ардақтау – парызымыз. Сондай ардақты азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаев. Нәлқожа Ақбалаұлы – Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған қайраткер азамат. Ол «Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы» облыстық бірлестігіне төраға болған тұста техниканы сақтайтын, жөндейтін арнаулы орындар ашу мәселесін ал­ғашқы болып көтеріп, оны жүйелі жүзеге асырған басшылардың бірі ретінде ел есінде қалды, – деді облыс әкімі.
Шараға облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен мемлекет және қоғам қайраткерінің баласы Әбдіқадыр Ергешбаев қатысып, ізгі лебізін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткіш-мүсіні Тасбөгет кентіндегі Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектептің ауласында орнатылған. Авторы – суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер ода­ғының облыстық филиал төрағасы, «Мә­дениет қайраткері» Аманкелді Кененбаев.

КЕЛЕШЕКТІҢ КІЛТІ – ЗЕРДЕЛІ ҰРПАҚ ҚОЛЫНДА

Мұнан кейін облыс әкімі «Зерде» интеллектуалды мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Кейінгі жылдары жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның бір айғағы – осы білім ұясы.

– Қазір өңірімізде мемлекет пен жеке бизнес секторының арасында тығыз байланыс орнағаны белгілі. Осы орайда жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен жұмыс белсенді жүруде. Өткен жылы 1300 орындық 3 мектеп ашылды, биыл 300 және 500 орындық тағы 2 мектеп салынуда. Міне, 500 орындық «Зерде» интеллектуалды мектебін пайдалануға бергелі отырмыз. Осы жаңа мектептен тәуелсіз еліміздің дамуына аянбай үлес қосып, Сыр елін әлемге танытар зияткер ұрпақ білім алып шығады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар салтанатты шарада аймақтағы 120 мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істейтіні, 180-і қашықтан оқыту форматында білім беріп жатқаны айтылды. Бүгінде 40 мыңға жуық бала оқитын 2 мыңнан астам кезекші топ ашылған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер беріліп, бюджет қара­жаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника алынған.
– Апатты мектептерді жою бағытындағы жұмыс еңсерілу үстінде. Жыл басында 140 орындық бір мектептің құрылысы аяқталып, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Ал, келесі жылы үшінші мектептің құрылысы басталады. Жалпы, өңірде 293 мемлекеттік мектеп бар, жеке мектептер саны 8-ге жетті, – деді ендігі сөзінде облыс әкімі.
Мұнан әрі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламановпен бірге жаңа мектептің лентасын қиып, оқушылармен кездесті. Мектептің құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев заманауи үлгіде салынған интеллектуалдық білім ұясының ерекшеліктерін баяндады.
Айта кетейік, мектепті салған мер­дігер мекеме – «Нұр-Ай» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс құны 1 млрд 250 млн теңге. Жаңа ғима­раттың аумағы – 8000 шаршы метр, жалпы алаңы – 1600 гектар. Мектеп құрылтайшысы алдағы уақытта оқу ордасында 120 қызметкер жұмыспен қамтылатынын айтады.

БАСПАНА БАҚЫТЫ БҰЙЫРДЫ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы бір қуанышты жаңалық болды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің кілтін табыстады. Пәтер иелерін жаңа қонысымен құттықтап, өңірдегі құрылыс саласындағы жетістіктер айтылды.

– Еліміз тәуелсіздік жылдарында қандай да бір табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биыл облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы бас­талды. Қалада жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз, жыл аяғына дейін қалада 680 пәтерді құрайтын 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылданады. Қазір 1741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің 14-і осы жылы табысталмақ. Келер жылы «СПМК-70» тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді өңір басшысы.
Баспана бақыты бұйырғандар арасында №3 қалалық емхананың мейірбикесі Айжан Ізтілеуова бар. Енді ол да сол жағалаудың тұрғыны атанды, қуанышында шек жоқ.
– Мереке қарсаңында осындай жақ­сылыққа қол жеткіздік. Аймақ басшылығына, құрышқолды құры­лыс­шыларға ризашы­лығымды білдіремін. Бұл – кез келгеннің арманы. Сол арманды арқалаған жандардың тілегі орындалсын, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген біздің қуанышымыз барша жерлестеріме бұйырсын, – деді ол ерекше толқынысқа беріліп.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<