Тәу етер жалғыз киеміз

643

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз екені айтылған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаты мен көшбасшылық қасиетінің арқасында бүкіл әлемге танымал, іргесі біртұтас, жаңа мемлекет құрылғанын тілге тиек етті. «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес, біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы, оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп, алдағы уақытта да барлық бастаманың осы бағытта жалғасатынын атап көрсетті.

Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығында баршамызға жүктелген жауапкершілік пен көтерілген мәселелер Мемлекет басшысының жыл басындағы «Тәуелсіздік  бәрінен қымбат» атты мақаласымен үндесіп жатыр. Бір айдан астам уақыттан соң Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыздың аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен, қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Бізде осындай жолмен өтіп келеміз.

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған мақаласында «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз керек» деді. Президент айтқандай, біз үшін ол аса қымбат.

Тәуелсіздік – халықтың таңдауы. Тәуелсіздік – біздің ұлттық идеямыз! Жер бетіндегі ірі-ұсақты халықтардың өз алдына мемлекет құра алғандары онша көп емес. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің саны – 193. Абыз Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киең» деген сөзі бостандықтың бағасын бергендей.

Азаттық үшін арпалысқан бабаларымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында орындалды. Әлем көгінде Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа тұрпатты мемлекеттің Туы көтерілді. Тәуелсіздікті орнықтыру оңай болған жоқ. 300 жылдан астам бодандықта болған халықтың бостандыққа, азат рухқа деген арпалысының нақты жемісі – бүгінгі ұрпақ тәуелсіз мемлекетте, бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде өмір сүріп жатыр. Өз тағдырымызды өзіміз айқындап алдық, енді жарқын болашағымызды өз қолымызбен жасаудамыз. Баға жетпес құндылықтарымыз – бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктерді негізге алып, Тәуелсіздігіміз нығая түсті. Мәңгілік ел болуға бет бұрдық. Тәуелсіздік – бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Тәуелсіздік – бірегей тарихы мен мәдениеті бар, мемлекеттік тілін және барлық қазақстандықтардың этностық тілдерін құрметтейтін халқымыздың мызғымас бірлігі.

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында, 2014 жылы «Тәуелсіздік толғауы» кітабында баяндалған идеялардың стратегиялық сабақтастығын көреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік және Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» деді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында мемлекет пен қоғамның басты ұраны, идеологиялық ұстанымы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» болуы тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – осы ұранды нақты экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, ағартушылық және мәдени істермен толықтыру және халықтың бірлігін тәуелсіздігімізді сенімді қорғай алатындай жаңа деңгейге көтеру керек деп ойлаймыз.

Әлемдік ауқымдағы саяси қайраткер – Елбасының аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы үлесі зор. Айта кету керек, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропалық одақ, көрші елдермен өзара  ынтымақтастықтың  орнауы, БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ және тағы басқа ұйымдарға Қазақстанның кіруі, Семей полигонының жабылуы үлкен қадам болды. 2010 жылдың 3 тамызында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлер Кеңесі тарихи шешім қабылдады. Бұл ұйымға мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша, 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиға – ЕҚЫҰ саммиті өтетіні жарияланды. Азия және ТМД мемлекеттері арасынан Қазақстанда тұңғыш рет аталған саммит өткізілді. Бұл – қазақстандықтардың 1991-2010 жылдар арасындағы жүргізілген іс-қимылдары нәтижесінде қол жеткізілген табыс пен халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға жоғары құрметінің белгісі еді.

Қазақстан сын-қатерлерге, әсіресе терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы ЕҚЫҰ ұйымының рөлін арттыру қажеттігін мәлімдеді. Ауғанстан мен Орталық Азиядағы (Қырғызстандағы саяси дағдарыстар) қауіпсіздік мәселесін бейбіт түрде реттеу күн тәртібінде тұрған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана саммитіне көп үміт артты. Бұл тарихи шара Қазақстандағы толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтармен таныстырудың мүмкіндігі болатын. Әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» табысты эволюциясы» жария етілді. Қазақстандықтардың беделін асырған бірлік пен патриотизм нығая түсті. Ішкі экономикадағы және әлеуметтік өзгерістерді жүргізуде Оңтүстік Шығыс Азия елдері үлгілеріне мән берілді.

Қазақстандағы тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктердің бастысы – халықаралық стандарт бойынша Қазақстанның білім беру саласының дамыған елдер тобына енгені. 2000-2010 жылдар аралығында білім саласына бөлінген қаржы еселеп өскен.

Мұның нәтижелері – «Болашақ» бағдарламасы, инновациялық-зияткерлік мектептер, Назарбаев Университет, Халықаралық университеттер және басқалар.

Еуразия ғажайыбы – жаңа елорда бой көтерді. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласы түрлі бағыттағы идеялардың және Қазақстан экономикасының, мәдениеті мен саяси өмірінің орталығына айналды. Дәл осы қалада ЕҚЫҰ саммитінен кейін әлемдік саясатта жаңа «Астана рухы» ұғымы пайда болды. Тұңғыш Президент «Алматы – тәуелсіздік бесігі, ал Астана – болашақтың бесігі» болатынын айтқан еді.

Қазақстан – өңірлік ықпалдастықтың тұрақты жақтаушысы. Біздің еліміз өңірлік көлік инфрақұрылымын құруға белсенді түрде инвестиция салуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жол бағыты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін халықаралық күштерді шығаруға арналған Солтүстік тарату жүйесіндегі Қазақстанның көлік инфрақұрылымы, «Жаңа жібек жолы» бастамасы аясындағы жаңа идеялар – Қазақстанның өңірлік ықпалдастыққа қосқан үлесі.

Дүние жүзінің назарын аударған оқиғалардың бірі – 2016 жылы Вашингтонда өткізілген Ядролық қауіпсіздік жөніндегі  IV саммиті аясында, Карнеги қорының штаб-пәтерінде Н.Назарбаевтың Жаһандық ядросыз әлем стратегиясын жариялауы болатын. Адамзатқа «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттілігі заңдылыққа айналуда. Елбасының тарихи мәлімдемесі, жаһандық сын-қатерлер аясында бұрынғыдан да ең қажетті құрал ретінде ел бірлігі басты құндылыққа айналып отыр.

1992 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерді, нәтижесінде 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Жарлық шықты. 1997 – «Ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» болып жарияланды. Тұңғыш Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын сұхбат алаңына тоғыстыру идеясын көтерді. Нәтижесінде, Қазақстан дінаралық үн қатысу орталығы ретінде елордамызда діндер көшбасшыларының съездері өтті. Саясаттағы осындай сабақтастық еліміздің «Қазақстан – 2050» стратегиясында айқындалған сара бағытпен серпінді дамуына кепілдік береді. Тұңғыш Президент бастамаларының маңыздысы – шетелдегі қандастардың елге оралуына қатысты жүйелі көші-қон мәселесін қолға алып, халықаралық қатынастар мен ішкі әлеуетті үйлестіре нәтижелі іс-қимылдар жүргізуі. Бүгінгі күні қандастардың үлесі жалпы тұрғындардың 6 пайызын құрайды. Атажұртқа оралған қандастарымыз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосуда.

Тәуелсіздік тақырыбын қозғасақ, Елбасының ерен еңбегін қоса айтамыз, себебі екі ұғым ұштасып жатыр. Елбасының «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларындағы ұлы ұғымдар айналысқа, Тәуелсіздік, мемлекеттілік, жер, тіл мен діл, отбасы және салт-дәстүр біздің заңнамамызға енгізіліп, нақты көрініс табуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ. Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт!» дей отырып, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, Елбасы бастаған, Мемлекет басшысы жалғастырған сарабдал саясатты қолдап, рухымыз биік, жолымыз нұрлы болсын.

Қ.ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<