Түркістан – екі дүние есігі ғой

1809

0

Түркістан және Қызылорда облыс­тарының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының қолдауымен ­С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері» музейінің қорынан жасақталған «Түркістан тарихы» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің мақсаты – Сыр жұртшылығы мен қала қонақтарын Түркістанның тарихи шежіресімен, жаңа бағытта түлеген тыныс-тіршілігімен таныстыру. Өткен мен бүгінді  бейнелеген суретшілер туындыларын кеңінен таныстыру. Көршілес екі облыс суретшілерінің шығармашылық байланысын нығайту, өнерді насихаттау. Сондай-ақ, музейаралық тәжірибе алмасу, бейнелеу өнері мен жылжымалы көрме қызметін дамыту. Шара барысында облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева түркістандық өнер ұжымына   Сыр жұртшылығы атынан алғысын білдірді.

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – ежелден тарихи жәдігерлер мен дәстүрге бай өлке. Еліміздің оңтүстігіндегі мәдениеті дамыған екі облыс арасындағы қылқалам шеберлерінің бұл көрмесі біздің өңірге рухани-мәдени азық сыйлайтыны анық. Түркістан мен ортағасырлық Отырар, Сауран және  Шымкент қалаларының тарихи-мәдени орындарын, көркем табиғатын, фото және пейзаж тілінде сөйлетіп, бейнелеу өнерін, қолөнершілерді, фотосуретшілерді көп­шілікке таныту мақсатында Сыр өңірінде ұйымдастырылған көшпелі көрмеге көпшіліктің  атынан ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.

Көпшілікті тәнті еткен көрме «Бейнелеу өнері» музейінің құнды жәдігерлерінен жасақталған. Талантты суретшілер  ежелден ер түріктің бесігі болған Түркістан өлкесінің тарихи шежіресін  шабытпен өрнектеген. Көрме экспозиция­сында Түркістан облысында орналасқан киелі орындар, ұлы тұлғалар, табиғат көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы баяндалады.

Тарихтың әр кезеңін суретші көзімен баяндайтын көрмеге 63 кескіндемелік шығарма, 24 ауқымды көлемдегі фотосурет қойылған. Көрме 8 тақырыптық бөлімнен тұрады. Олардың қатарынан жер кіндігі болған Қазығұртты, хандық, кеңестік дәуірді бейнелейтін туындылар мен танымал тұлғаларды, облыстың өндіріс орындарын, оның дамуы мен өркендеуін көрсететін, Түркістанның табиғатынан сыр шертетін көркем туындыларды көруге болады. Сондай-ақ, Ө.Шоранов, Ұ.Қыстаубаев, Қ.Қалқабаев, Ұ.Көшкін­баев, А.Тұрсынов, Т.Тоғысбаев сынды бейнелеу өнерінің қас шеберлерінің қолынан шыққан еңбектерді де осы көрмеден табасыз.

– «Бейнелеу өнері» музейінің ашылғанына 6 жылдай болды. Осы уақыт аралығында қорымыз түрлі құнды жәдігерлермен толығып, еліміздегі алдыңғы қатарлы бейнелеу өнері музейлерінің біріне айналдық. Бүгінде Сыр халқымен қауышып жатқанымызға қуаныштымыз. Екі өңірдің суретшілері ұдайы шығармашылық байланыста болғандықтан, облыстар экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени-рухани жағынан, одан әрі де бір-бірімен толысып отырса деген ниет бар, – дейді «Бейнелеу өнері» музейінің директоры Айнабек Оспанов.

Айта кету керек, Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері» музейінің 2000-нан аса қоры бар.  Онда  Батыс, Шығыс өнері, кеңестік дәуір мен егемендік алғаннан бергі қазақ елінің тарихын бейнелейтін туындылар қамтылған. Аталған қордан Сыр өңірінің 20 шақты суретшісінің еңбектерін де көруге болады.

Жиын соңында Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары  Асылхан Темірханұлы қызылордалықтарға алғысын білдіріп, мәдени байланыс мұнан әрі де өз жалғасын табатындығын жеткізді. Сонымен қатар, тарту-таралғы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші А.Оспановтың картинасы мен Түркістан облысының тарихын сипаттайтын кітапты сыйға тартты.

Жалпы екі облыс арасындағы мәдени ынтымақтастық пен байланысты нығайтуды көздеген көрме киелі Түркістан мен Сыр жұртшылығы үшін тың серпіліс болды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<