Тұрғын үй нарығын не күтіп тұр?

518

0

Адам үшін баспананың маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. «Үйің болмай, күйің болмайды» демекші, кез келген отбасы үшін бірінші кезектегі мәселе – баспанаға қол жеткізу. Баспаналы болу – бір бақыт. Алайда, ол оңайлықпен келмейді.

Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы өсу үстінде. Өткен жылы жаңа тұрғын үйдің бағасы 15,2%-ке, ал қайталама нарықтағылардың бағасы 23,1%-ке өскен болатын. Баспаналы болғысы келгендерді тұрғын үй нарығының жағдайы қызықтыратыны түсінікті. Оның бағасы түсуі мүмкін бе? Сарапшылар пікірінше тұрғын үй қоры жетімсіз кезде баға арзандамайды.

Еліміздегі тұрғын үй қорының жалпы ауданы 373 млн шаршы метрді құрайды. Басым бөлігі қалалар үлесіне тиетінін атап өту керек. Ал қалалардағы жылжымайтын мүліктің 40%-ке жуығы еліміздегі үш мегаполиске – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына топтасқан. Ал өңірлерде тұрғын үйлер жеткілікті көлемде салынып жатқан жоқ.

Тапшылықты статистикалық мәліметтерден көруге болады. БҰҰ бекіткен халықаралық стандарттар бойынша тұрғындардың баспанамен қамтылуын анықтайтын көрсеткіште елдегі бір тұрғынға 30 шаршы метрден келу керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 22,6 шаршы метр шамасында. БҰҰ бекіткен нормаға жету үшін тағы 180-200 млн шаршы метр баспана салынуы тиіс. Ал біздің Үкіметтің жоспарында 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр баспана тұрғызу көзделген. Егер бір жылдағы халықтың өсімі 1,3% деп алсақ, қазіргі тұрғын үй құрылысы нарығының даму динамикасына сәйкес алдағы 15-20 жылда тұрғын үй қоры дефициті сақталады. Мемлекет құрылыс компанияларының тұрғын үйлерді көптеп салуына ықпал ететін жағдайларды қарастырғаны жөн. Сонымен қатар, тұрғындардың жеке баспана сатып алуына мүмкіндік беретін іс-шараларды ойластыру қажет. Мұндай шараға мәселен ипотека кіреді.

Зейнетақы жинағы көмекке келді

2021 жыл отандық жылжымайтын мүлік нарығы күрт көтерілген кезең болды. Сатып алу көрсеткіші де, үй бағасы да өсті. Оған зейнетақы жинақтаушы қорынан қаржы алуға мүмкіндік берілуінің әсер еткені анық. Нәтижесінде 2022 жыл басында тұрғын үй алуға берілген несие көлемі 3,3 трлн теңгеден асты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1 трлн теңгеге артық.  Ал кейінгі он жылдағы өсім 2,6 трлн теңгені құрады. Жинақтаушы зейнетақы қорынан қаржы алу бастамасы жылжымайтын мүлік нарығына қозғау салғаны белгілі.

Аталған бастаманың арқасында тұрғын үйге сұраныс артқанын байқаған  құрылысшылар мен тұрғын үй иелері бағаны көтеріп жіберді. Енді зейнетақы қорынан ақша алудың жаңа шектеулерінен кейін баға өсімі тұрақталады деп күтілген болатын.

БЗЖҚ-дан ақша алу қарбаласы кезеңінде салымшылар баспана жағдайын жақсарту үшін 2,5 трлн теңге ақша алған. Қор мәліметі бойынша 2022 жылдың 1 ақпанына дейінгі уақытта баспана мәселесі бойынша 781,7 мың өтініш орындалыпты. Жаңа шекті мөлшер енгізілетін болғандықтан қазақстандықтар үйлерді қымбаттағанына қарамастан сатып алып жатты.

Жалпы 2021 жылы ел азаматтары жылжымайтын мүлік сату бойынша 606 мыңдай келісім-шарт жасасқан. Бұл 2020 жыл көрсеткішінен 96,8%-ке артық. Тек желтоқсан айының өзінде 95 мың келісім-шарт тіркелген. Жыл көлемінде ел тұрғындары 75,5 мың пәтер және 19,5 мың үй сатып алды.

Баға неге арзандамайды?

Салынып жатқан үйлер жеткілікті болмағаннан кейін тұрғындар қайталама нарықтағы үйлерді сатып алуға бағыт ұстайды, ал олардың иелері жасанды түрде бағаны көтереді. Баға төмендейді деген үміт жоқ.

Біріншіден, сұраныс көп.   «7-20-25» бағдарламасы биыл аяқталуы мүмкін. Тұрғындар зейнетақы қорындағы қаржысы жеткілікті мөлшер шегінен артса, пайдалануға тырысатын болады. Алайда, өткен жылғы қарбаластан кейін ұсыныс азайып отыр. Салынып жатқан үйлердің көпшілігі құрылысы бітпей жатып сатылып кетті.

Қайталама нарықтағы тұрғын үйлерге деген сұраныс та жоғары болып тұр. Бұл бағытта «Отбасы банк» бағдарламасы жұмыс істеуде. Тұрғын үй бағасының жартысын жинай алса жеткілікті.

Екіншіден, тұрғын үй дефициті жоғары. Бұл – бағаның түспеуіне әсер етіп тұрған негізгі факторлардың бірі.

Үшіншіден, құрылыс материалдарының басым бөлігі импорттың үлесіне тиесілі. Қазақстандық кәсіпорындар өнімдері ішкі рынокты жабуға қауқарсыз. Кейбір құрылыс материалдары бойынша импорт көлемі 80%-тен асып отыр. Мәселен, шыны толығымен шетелден жеткізілуде. Сөз жоқ, бұл жағдайдың экономикаға тигізетін кері әсері жеткілікті, өйткені импорт үлесінің жоғары болуы – елдің сауда балансына, бизнеске, тұрғындарға және ұлттық валютамызға қосымша ауыртпалық.

Инвестиция: екі проблемабір шешім

Құрылыс секторы – ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі. Оны ынталандыру мақсатында елімізде 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда, еркін экономикалық аймақтар ашылып, қызметтерді цифрландыру жүйелері енгізіліп жатыр. Өткен жылы еліміздің ЖІӨ-де құрылыс саласының үлесі 6,25% шамасында болып, 4,6 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 6,2%-ке артық.

Былтыр құрылыс секторының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсіп, 155,4 млрд теңгені құрады. Құрылыс секторының негізгі капиталына инвестицияның басым бөлігі қазақстандық ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындары тарапынан келуде. Мысалы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ 2022-2024 жылдары жаңа өндірістер құру және импорт алмастырушы құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды жаңғырту бойынша 23 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобалардың жалпы құны 395 млрд теңгеден асады.

Шетелдік инвестиция тарту мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қазақстанда шетелден тікелей инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанын атап өткен болатын.  Экономиканың нақты секторын дамытуға Еуразиялық даму банкі, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Қазақстан даму банкі және басқалар өз қаржыларын салуда. Үкімет жанында инвестиция мәселелері бойынша кеңес жұмыс істейді. Тікелей инвестция тартудың тың қадамдарын ойластырып табу үшін «Kazakh Invest» базасында арнайы «Task Force» бөлімшесі ашылған.

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы алаң арқылы Қазақстан экономикасының түрлі секторларына 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Оның 3,6 млрд доллары – тікелей шетелдік инвестиция болса, 1,4 млрд доллары – портфельді инвестиция.

Қазақстандық құрылыс компанияларына жеке инвесторлар тарапынан қызығушылық артып келеді. Былтыр қарашада BI Group  «Мегастрой» холдингінің еншілес компаниясы Astana International Exchange халықаралық биржасына 6 млрд теңгеден асатын купонды облигация шығарды. Бұл – АІХ биржасына үшінші рет орналастырылып отырған облигация. Бұған дейінгі наурыз және шілде айларында орналастырған облигацияларға сұраныс жоғары болған еді.

Табысы төмендерге қолдау

Биыл Қазақстанда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарды үймен қамтамасыз ету, оның ішінде жалға алған пәтерақысының бір бөлігін өтеп беру механизмі жаңартылды. Мемлекет басшысы тұрғын үйге мұқтаж жандарға арналған бағдарлама әзірлеуді жүктеген еді. Сол тапсырмаға сәйкес бүгінде жаңа бағдарлама іске қосылды. Қазіргі таңда 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 215 мыңы – көпбалалы отбасы, І және ІІ топтағы мүгедек, жетім балалар және мүгедек баласы бар отбасылар. Одан бөлек, баспана кезегінде тұрған 70 мың азамат табысы төмен санатқа жатады. Осы аталған санаттағы азаматтарға мемлекет тұрғын үй жалдауға субсидия береді.

Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысовтың мәліметінше, жалға берілетін пәтер ақысының 50%-н мемлекет көтереді, қалғанын азаматтың өзі төлейді. Бұл бағдарлама үшін мемлекеттік бюджеттен 50 млрд теңге қарастырылған. Аталған соманың 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 10 млрд теңге жергілікті бюджеттен беріледі. Жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға өтінімді «Отбасы банк» АҚ қабылдауды бастап кетті. Ол үшін цифрлық платформа әзірленді. «Отбасы банк» АҚ басты оператор ретінде баспанаға мұқтаж отбасыларды анықтайды және олардың табысын тексереді. Бүгінде азаматтардан өтінім қабылданып жатыр. Субсидиялау бағдарламасының 17 мың қатысушысы «Отбасы банк» АҚ-нан өтінім беру процесін тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту алды. Сәуір айының ішінде олар онлайн режимде өтінім тапсырып, банк мақұлдауын алуы қажет. Бюджеттен қаржыландыру мамыр айында күтілуде. Жаңа бағдарлама шамамен 70 мың адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50%-н алады. Қысқа мерзімде, кезексіз өтінім беру үшін бүкіл процес онлайн режиміне аударылған.

Болжам қандай?

Елімізде тұрғын үйлерді сатып алуды жеңілдететін бағдарламалар жұмыс істеуде, барлық процесстер цифрландырылуда, құрылысшылар жаңа үйлерді пайдалануға беруде, БЗЖҚ салымшыларының белсенділігі қалыпты жағдайға түсіп келеді. Әйтсе де тұрғын үйлердің шаршы метрінің бағасы түсер емес.  Қаңтар айында жаңа үйлер бағасы 2,1%-ке, ескі үйлер бағасы 2,8%-ке өсті. 1 сәуірден бастап 2022 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі күшіне енді. Дегенмен, сарапшылар алдағы екі айда баспана бағасы қымбаттамайды деген болжамдарын айтуда.

Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюковтің пікірін келтіре кетелік. «Жалпы тұрғын үй нарығында ахуал оңалып келеді. Доллар бағамының төмен де, жоғары да құбылмай, айтарлықтай тұрақты деңгейде сақталуы нарыққа жағымды әсер етіп жатыр. Сондықтан біз дәл қазір баспана бағасы өспейді деп айта аламыз. Құрылыс материалдарының бағасы төмендей бастады. Бұл – әрине, қуантарлық жаңалық. Құрылыс компаниялары баспана бағасын түсіре бастады. Өйткені, кейбір болжамдар нақты тәуекелден артық есептеліп, баға қажетті деңгейден тым артық көтеріліп кеткен болатын» деген қауымдастық басшысы алдағы екі айда баспана бағасы қымбаттамайды деген болжамын айтты.

Біріккен риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко баспана нарығында баға қашан тұрақтанатыны туралы пайымын  жеткізді. «Бәрі келешекте мемлекет жылжымайтын мүлік саласына қандай қолдау көрсететініне байланысты. Әлем экономикасында болып жатқан жайттар Қазақстанға қалай әсер ететіні де маңызды. Күтпеген тосын жайттар болмаса, баға тұрақтануы керек. Дегенмен баға күрт түсетіндей алғышарттар жоқ, болмайтын да шығар».

Сонымен тұрғын үй нарығында баға тұрақтылығы күтілуде. Бірақ, инфляцияның өсуі мен адамдардың жинаған ақшаларының құнсызданып кетуі көңілді жайландырмасы белгілі.

***

Сыр елінде Тәуелсіздік алған жылдардан бастап 2021 жылдың соңына дейін 7 млн 527 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өткіміз келеді. Егемендік алған 30 жылда облыста мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 443 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9960 отбасы баспаналы болды. Ал облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңадан 16 шағын аудан ашылып, бес тұрғын үй кешені салынды. Бұл көрсеткіш 1991 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық.

Жыл сайын тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлініп, жүздеген отбасы баспаналы болуда. Өткен жылы облыста барлық қаржыландыру есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 2408 пәтерді құрайтын 110 тұрғын үй. Құрылысқа мемлекеттік бюджет есебінен 13,4 млрд теңге қаржы жұмсалды. Биыл тұрғын үйлерді пайдалануға беру индикаторы 683 мың шаршы метр болып бекітілді. Тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 32 мыңға жуықтаса, оның ішінде Қызылорда қаласында кезекте тұрғандар саны 26 мыңды шамалайды. Осы көрсеткіштердің өзі аймақта тұрғын үй қорының жеткіліксіздігін білдіреді.  Демек, бұл бағытта  жұмыс қарқынын үдете түсу қажет.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<