Туған жер жыл сайын түлеуде

701

0

Елге барғанда өңірдің жаңа кейіпке енгенін көріп қуанып жатамыз. Жыл сайын жаңа бағытқа өзгеріп келеді. Ол – елдің жағдайының жақсарғандығын, алға жылжудың бар екендігін көрсетсе керек. Облыс әкімінің баспасөз конференциясындағы көптеген толымды істердің қолға алынып, жүзеге асқандығын білдік. Қай салада болмасын серпін бар. Маған ерекше ұнағаны – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды ауыл балалары үшін жоғарғы оқу орнына түсуге берілетін грант санының көбеюі, еріктілер мен кәсіпкерлер тарапынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға 11 баспананың салынуы. Бұл – үлкен жетістік.

Сондай-ақ, мәдени шараларда өз деңгейінде жүзеге асуда. Мәселен, Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, «Ұлық ұлыс – Алтын орданың» 750, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175, Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойлары өңірімізде жоғары деңгейде аталып өтті. Жыл басынан бері мерейтойлар аясында 2 мыңға жуық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Сыр елінде тұңғыш рет «Абай» операсы сахналанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ежелгі Бәбіш-Мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарында тарихи-археологиялық зерттеулер жүргізілді. Мұның барлығы мәдениет саласының өркендеуіне айрықша ден қойғандықты білдірсе керек. Мәдениетін, әдебиетін, ұлттық салтын дәріптеген елдің келешегі кемел болатыны сөзсіз. Сондықтан туған жердің әлі талай белестерді бағындырып, өрелі істердің алдында жүретініне сенемін.

Ғани ҚҰЛЖАНОВ,

театр және кино актеры,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<