Тың бастамалар дамуға дем береді

412

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына орнықты жауап берді

Модератор: – Сырдария өзенін­дегі су тапшылығы біраз тірлікке салқынын тигізе бастады. Әсіресе, егінмен күн көріп отырған шаруа­лардың алаң көңілі басылар емес. Мәселе шырмалып бара жатыр. Мұны қалай шешесіздер?

Облыс әкімі: – Қазіргі кезде сумен қам­тамасыз ету – ең өзекті мәселенің бірі. Өздеріңіз білесіздер, аймақ Сыр­дария өзенінің төменгі ағысында орна­ласқан. Сондықтан су деңгейі, су­мен қамтамасыз ету жағдайы көрші Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан ел­деріне байланысты. Жалпы жағдайды қарасақ, биыл көршілес елдер де қиын жағдайға тап болып отыр. Мысалы, Қырғызстандағы сыйымдылығы 15 млрд текше метр «Тоқтағұл» су қоймасында бар-жоғы 7-8 млрд текше метр су бар. Сондықтан осы мемлекеттердің әр­қайсымен жеке келіссөздер жүргізумен Үкімет, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысып жатыр. Бірақ су транзит арқылы өте­тіндіктен үшжақты  келісім­дер де жос­парланып отыр. Сондықтан бұл жөнінде ұсыныстар бердік. Бү­гінде облыс аумағына секундына 555 текше метр су келіп жатыр. Судың мұн­дай мөлшері күрішті бірінші бас­тыруға мүмкіндік берді. Әрі қарай Үкімет, министрлікпен дақылдарды су­мен қамтамасыз ету үшін жұмыс істей­тін боламыз. Облыста арнайы штаб құрылды. Күнделікті менің бас­қаруыммен жағдайды бақылап отырмыз. Аудандардағы ахуалды жіті назарда ұстап, шаруашылықтарға суды кезекпен берудеміз. Бұл жерде ең бастысы – суды шаруашылықтарға бірқалыпты бөлу.

– Байқоңыр қаласындағы Қа­зақ­­стан азаматтарының өмір сапа­сын жақ­сарту үшін қанша тұрғын үй са­лынады? Халықты әлеуметтік тұр­ғыда қорғау мәселесі қалай шешілуде?

– Кейінгі уақытта Байқоңыр қала­сын дамыту жұмыстарына Қазақ­стан жағы да үлес қосуда. Қаланың дамуына Ресей тарапы қолдау көрсетеді. Дегенмен, кейінгі жылдары Қазақстан тарапы белсенді қатысуда. Мысалы, ел қаражаты есебінен жаңа мектеп, аурухана салын­ды. Сондай-ақ, қалада 5 тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Нысан­ның негізгі жұмыстары биыл жүргізіліп, келесі жылы да жалғасады. Мұнан бөлек, қалаға жақын орналасқан Ақай ауылы мен Төретам кентінің әлеуметтік мәселелеріне де көңіл бөлудеміз.

Нұршапағат Несіпбаев, Хабар-24 арнасы:  – Менің сұрағым «Қайсар» фут­бол командасына қатысты бол­мақ. Қазір облыстарда футбол клуб­тарына қандай қолдау көрсетіліп жат­қанынан хабардармыз. Бірақ соған қарамастан, «Қайсар» клубы Премьер-лигада соңғы орында. Салыстырмалы түр­де айтсақ, бюд­жеті әлдеқайда аз «Ақжайық» коман­дасынан да төмен нәтиже көрсетіп келеді. Осыған байла­нысты қандай да бір шаралар қолданыла ма?

Облыс әкімі: – «Қайсар» клубына пандемияға дейін 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Команда құра­мында мықты легионерлер болған. Бірақ пандемия кезінде біраз өзгерістер енгіздік. Біріншіден, бөлінген ақшаны 1,2 млрд теңгеге дейін төмендеттік. Көп­теген легионермен келісімшарт тоқта­тылып, отандық жаттықтырушы, менед­жерлердің жұмыс істеуіне рұқсат бердік. Команданың 60 проценті жергілікті фут­болшылардан жасақталды. Енді қаржы мәселесіне келетін болсақ.  Бірін­шіден, облыстық бюджеттен қарал­ған 1 млрд 600 миллион теңгенің 400 миллион теңгесі «Қайсар» коман­да­сының былтырдан қалған тренерлер мен ойыншыларының қарызына бе­рілу­де. Айта кету керек, «Қайсар» ко­ман­дасы ғана емес, «Байқоңыр» ко­ман­дасы да жаттығу жүргізіп жатыр. Бір ғана «Қайсар» футбол орталығында бүгінде 500-ден аса бала футболмен шұғылдануда. Сонымен қатар әйел­дер футболын дамыту барысында ор­та­лық жанынан қыздар командасы құрылып, жарыстарға қатыса бастады. «Қайсардың» көрсеткіші төмендегені белгілі. Команда құрамы жас, бірақ потенциалы бар. Жергілікті мықты жат­­­тықтырушы, менеджерлермен бір­ге әрі қарай да жұмыс істей береміз. «Қайсар» барлық командамен ойнаған жоқ, әлі де қарсыластарын басып озып, жанкүйерлерін қуантады, жақсы көр­сеткішке жетеміз деген ойдамын.

Асхат Ниязов, «Хабар-24» арнасы: – Соңғы рет Арал ауданына жұмыс сапарымен қашан бардыңыз? «Хабар-24» телеарнасында «Әкім» бағдарламасы бар. Ауданға бар­ғаны­мызда, жергілікті тұрғындар малының қырылуына байланысты мәселелерін айтқан болатын. Биыл қуаңшылық пен мал азығының жетіспеуіне байланысты 500-ге жуық мал шығыны болды. Тағы бір мәселе, Арал ауданынан 60 шақырым жерде Жамбыл ауылы бар. Бірнеше жыл бұрын аудан орталығынан ауылға дейін жол салуға қаржы бөлінгені айтылды. Қаржы бөлінді. Жұмыс басталғанымен, бірақ аяғына жетпеді. Бүгінде жолдың сапасыздығы жолау­шылар қатынасына айтарлықтай кедергі келтіруде. Бұған аудан әкімінің шамасы жетпейді. Сондықтан бұл мәселеге өзіңіздің араласқаныңыз дұрыс болар…

Облыс әкімі: – Биылғы сәуір, мамыр айларында Арал ауданына 4 рет жұмыс сапарымен бардым. Әр сапар сайын барлық ауылға бару мүмкін емес. Малдың қырылуына байланысты мәселемен таныспын. Білесіздер, биыл қыс ұзақ болды, аудан аумағына қыста қар, көктемде жаңбыр аз жауды. Сондықтан жайылымдық жерлердегі шөптің шығымы да төмен. Соған байланысты, наурыз, сәуір айларында 300-ден астам жылқы, 150-ге жуық ірі қара малдың өлім-жітімі тіркелді. Осы жағдай орын алған Беларан, Аманөткел, Райым секілді жеті ауыл өкілдерін жинап, Қамбашта кездестім. Бұл жағ­дайға байланысты тиісті шаралар қабыл­дануда. Кейінгі 2-3 аптада Жалағаш, Қармақшы аудандарынан, Ақтөбенің Ырғыз ауданынан қажетті жем-шөп тасымалданып жатыр. Қазір жағдай тұрақталып, малдың өлім-жітімге ұшырауы тоқтады. Бүгінде осы жағдай бойынша тиісті шаралар жасалуда.  Егер жылына 700 мың тонна қор дайындау қажет болса, біз одан да көбірек дайындау керек екенін түсіндік. Енді миллион тонна қор жинау жоспарлануда. Осы мәселеге байланысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен келіс­сөздер жүргіздік.  Малды жеммен қамта­масыз ету мақсатында «Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы жемдік дақылдар сатып алу бағы­тында келісімшарттар жасалуда.

Жолға қатысты жағдайға келсек, бұл орайда бөлінген қаржыға сәйкес жұмыстар жоспар бо­йынша орындалып келеді. Жол мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес. Жауапты сала басшысы бірнеше рет жол жағдайымен танысты. Мәселе қазір бақылауда.

Модератор: – Биыл ауыл әкім­дерін сайлауы өтеді. Саяси науқанға дайындықтарыңыз қа­лай? Сайлау неше ауылда өтеді?

Облыс әкімі: – Өңір бойынша облыстық маңызы бар қала, кент және ауылдық округтерде 146 әкім қызмет атқарады. Оның біразында өз уақытымен сайлау өткен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарда тікелей сайлау болады. Аймақ аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің жаңа форматтағы тікелей сайлауын өткізуге толық дайын. Барлық аудандарда ауыл әкімдерін сайлау жүргізіледі. Әсі­ресе, ең көп сайлау өтетін аудан­дарға тоқталсам, Аралдағы 13, Жаңақорғандағы 13 ауылда саяси науқан өтеді. Басқа аудандарда 3-тен 6-ға дейінгі аралықта сайлау өтетін ауылдар болады. Қазіргі кезде санитарлық нормаларды сақ­тау, сайлау болатын жердегі стандартты заң­дылыққа сәй­кестендіру бойынша да да­йындық жүргізілуде.

Айнур Коскина, Vesti Kg: – Шыны зауыты құрылысының 70 проценті аяқталғаны туралы ақпарат айтылып жүр. Зауыт құрылысы қалай жүргізілуде? 

Облыс әкімі: – Шыны зауы­тының стратегиялық ма­ңызды жоба екенін білесіздер. Зауыт іске қосылған кезде шетелге шыны экспорттау мүмкіндігі туындайды. Құрылыс өте ауқымды. Сандар бойынша түсіндіретін болсам, зауыттың құрылыс жұмыстары 81,4%-ке, қондырғыларды монтаждау 34,5%-ке орындалды. Біз өз тарапымыздан зауытқа инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша барлық жұмыстарды орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау жұмыстары. Бұл жұмыстарды орындау елімізде жоқ, жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Қазіргі уақытта алғашқы 49 шетелдік  маман зауытқа келді. Өкінішке қарай, карантинге байланысты былтыр жабдықты монтаждау үшін шетелден мамандар келе алмады. Биыл мамандар елінен шығу үшін 2 кезеңнен тұратын COVID-ке қарсы вакциналау про­цесінен өтті. Қазір жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Құры­лыс барысы үнемі бақылауда. Қалған жұмыстар аяқталуы үшін 4 ай уақыт қажет.

– Зауыттың алғашқы өнімі қашан­нан бастап шыға бастайды?

Облыс әкімі: – Жұмыстың аяқ­тал­уына 4 ай бар десек, біздің ойымызша, қазан, қараша айларында алғашқы өнімдер сынақтан өткізіліп, кейін зауыт толықтай іске қосылады.

– Вакциналау туралы да сұ­рағым келеді. Неліктен вакци­наның бірінші компонентін ал­ғандар саны толықтай екпе алған­дардан әлде­қайда көп?

Облыс әкімі: – Вакциналау жұмыстары бүгінде кесте бойынша жүргізілуде. Бірінші компонентін алғаннан соң арада 21 күн өткесін ғана екіншісі салынады. Өздеріңіз білесіздер, Спутник V вакцинасының екінші компонентін алу мерзімі 45 күнге ұзартылды. Жалпы барлығы автомат­тандырылған жүйе, кесте бойынша жасалуда.

– Сіз облыстың басшы­лы­ғына келгелі 1 жылдан аса уақыт өтті. Осы кезге де­йінгі жұмысыңызды қалай баға­лайсыз?

Облыс әкімі: – Менің ойымша, жұмысты дұрыс жолға қойып, нақты мақсат пен жоспарға сай еңбек етсек, сондай-ақ, кәсіби білікті мамандардан құралған команда барда барлығын жасауға болады. Қазір бірқатар саланы дамытуға бағытталған кешенді бағдарламалар, Жол карталары қабылданды. Облыс логистика жағынан өте ыңғайлы. Теміржол желісі барлық аудандардан өтеді, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі облыс үстін кесіп жатыр. Өткен жылы 6 көрсеткіш бойынша төмен нәтиже болса, биыл қазірдің өзінде дамуда динамика бар. Әзірге тек мұнай өндіру саласы бойынша көрсеткіш төмен. Бізде бұған қатысты жоспар дайындалды, 79 жаңа ұңғыма қазылатын болады.

Дарын Сағитов, «Qazaqstan» ұлттық арнасы: – Әлеуметтік же­лілерде Қызылордада араб­тар­дың аң аулап жүрген видеосы тарап кетті. Тіпті аң аулау үшін жерді сатып жіберіпті деген де әңгіме бар. Заң бойынша бұл мүмкін емес, әрине. Жалпы аң аулауға арабтар рұқсатты қайдан алған?

Облыс әкімі: – Сауалыңызға қатысты айтарым, бұл жерде бейнежазба арқылы негізсіз ақпараттар тарап кетті. Бірақ, мамандар қа­уесет ақпаратты жоққа шығарды. 

Тәртібіне келсек, жеке және заңды тұлғалар аңшы­лық шар­уа­шылықтары су­бъек­тілерінен жолдама алғаннан немесе аң аулау шартын жасасқаннан кейін жануарлар дүниесiн пай­далануға рұқсат ала алады. Ал, шетелдiктер үшін ел аумағында аң аулау құқығы аңшылық шар­уашылығы субъектісімен жа­салған аң аулау шартының және жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаты негізінде жасалады. Ал арабтардың аң аулауына қатысты ақпаратқа келсек, бейнежазбаны мамандар арнайы қарап, егжей-тегжейлі тексерді. Бейнежазбаның Қы­зыл­орда облысының төңі­регінде түсі­рілгені анық­талмады, дәлел жоқ.

–  Көршілеріңіз Түркі­стан облысында «Арыс-Түркістан магис­тралін» то­лықтыру бо­йынша 7 млрд теңгеге арна салынады» деген ақпарат бар. Түркістанға екінші су қоймасы салына ма? Егер ол салынатын болса, Қызылорда облысына қауіп бола ма, жоқ па?

Облыс әкімі: – Осыдан бір апта бұрын Түркістан облысының кешенді жобасы Үкіметте қа­ралды. Бірінші қаралуы болды, жоба әрі қарай министрліктерде қаралатыны айтылды. Су қой­масы бойынша ескертпені бердік. Түркістан облысының басшы­лы­ғымен сөй­лестім. Соңғы жыл­дардағы судың аздығын, жалпы проблемаларды ескере отырып, бұл мәселе қазір жобаға кірмейтін болды деп ойлаймын. Соған барлық тарап келісіп отыр.

Нұргүл Тапаева, Азаттық радиосы: – Түркістанда салы­натын су қоймасына Сыр­дариядағы судың тартылуы қалай әсер етеді?

Облыс әкімі: – Түркістан облысының 2021-2025 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эко­но­микалық даму кешенді жос­­пары жобасында Арыс-Түр­­кістан магистральді каналын суландыру үшін Сырдария өзенінен Машина каналының құры­лысын салу көзделген болатын. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан жо­балар міндетті түрде бізбен келісіледі. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бұл каналдың құрылысын салу жобасына келісім берілген жоқ. Қазіргі кезде жобаға кірмейді.  Көрші облыстағы екінші су қоймасына келсек, мысалы, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жоба бойынша салыну жоспарланған Сарқырама су қоймасының Сырдария өзенімен байланысы жоқ. Біз зерттедік. Негізгі мақсаты – су қоймасы Бөген өзені арқылы Қаратаудың бөктеріндегі тау суын және көктемгі тасқын суын жинақтайды.

– Сырдария суының тартылуы күріш өнімділігіне қалай әсер етеді? Биыл күріштің көлемі азайғанын айтып өттіңіз. Бұл бағасына әсер ете ме? Сырдарияның суын толықтыру үшін жоспар бар ма?

Облыс әкімі: – Биыл жалпы егістің көлемі – 188 мың гектар. Оның ішінде күріш былтыр 89 мың гектар болатын, биыл шаруашылықтармен келісіп, кө­лемін 83 мың гектарға дейін төмендеттік. Егістің көлемі әрі қарай төмендетілмейді, әртарап­тандыру бағыты бойынша жұ­мыс жүргізілуде. Ал, жалпы су мәселесі бойынша айтып өттім, көрші мемлекеттермен келіс­сөздер жүргізілуде. Бұл туралы ақпараттар хабарланып тұрады. Бізде облыста күнара су мәселесіне байланысты баспасөз конференциялары өтеді. Егжей-тегжейлі әр аудан бойынша жағ­дайды жеткізіп отырмыз. Қазір «Шардара» су қоймасынан секундына 70 текше метр су келіп жатыр. Ол белгіленген жоспардан төмен. Бірақ «Көксарайдағы» жиналған суды пайдалануға мүмкіндік туып тұр. Бұл мәселе бойынша тиісті шаралар атқарылуда.

Маржан Сәбет, Nege kz: – Қы­зыл­орда облысында құрғақ­шы­лық пен мал азығының жетіс­пеуіне байланысты тө­тенше жағдай жариялануы мүмкін деген ақпарат тарады. Ұсынысты Арал ауданының әкімдігі жасаған. Өңірде төтенше жағдай жариялау үшін бірнеше органдардың келісімін алуы керек дейді. Осыған байланысты пікір білдірсеңіз. Төтенше жағдай жария­лана ма?

Облыс әкімі: – Табиғи жағ­дайдың Арал ауданында ғана тір­келуіне байланысты облыс бойынша төтенше жағдай жария­ланбайды. Қазір ауданда мал шығыны тоқтады. Алайда, Арал ауданының әкімдігі тарапынан аймақта орын алған қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдайлар жариялаудың заңдылықтары  туралы мәселе қаралуда. Бүгінде практикалық іс-шараларды қолданып жатырмыз. Арал ауданына 500 тоннадан астам мал азығы жеткізілді. Ендігі мәселе – келесі қысқа дайындық. Төтенше жағдайға қатысты шешім бір аптаның көлемінде шығады. Егер малдың шығын болуы тоқтаса әрі  көмектің жеткілікті деңгейде екені анықталса, төтенше жағдай жарияланбауы да мүмкін.

Азамат Тілепов, Шалқар радио­сы: – Гүлшара Нау­ша­қызы, біраз аймақта корона­вирус инфекциясынан емдеуге арналған модульдік ауру­ханалар ашылып қойды. Сіздің өңірде де салынып еді, неге әлі күнге пайдалануға берілмей отыр?

Облыс әкімі: – Өңірде мо­дульдік аурухана келісім­шартқа байланысты 60 күнде толық салынып болды. Бірақ кез келген нысанды іске қосу үшін арнайы органдардың келісімі керек. Қазіргі кезде мердігер техникалық құжаттамасын ал­ды, енді сметалық-жобалық құ­жаттамасын қарастырып жатыр. Олардың айтуынша, бір ай ішінде толық құжаттама дайын болады. Бұл жерде мердігер тарапынан құжатты уақытылы дайындау мәселесі тұр. Ал инфраструктура бойынша  жарық, су жеткізіліп, барлық жұмыс жасалды. Құжаттамалар толық да­йын болғанда қабылдауға әзірміз. Ал қазір облыс орталығында жұқпалы аурулар ауруханасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы жөндеу жұмыстары жасалды, оттегі станциялары қосылып, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен жарақталды.

Азамат Әуезхан, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тіл­шісі: – Бізге жеткен ақпа­раттардан білетініміз, Қазалы ауданының тұрғындары Қар­лан учаскесіндегі понтон кө­піріне қатысты мәселені бір­неше жылдан бері жазып келеді. Тіпті дарияда сең жүрген тұста қатынас үзіледі екен. Көпір қашан салынады?

Облыс әкімі: – Бұл мәселемен жақсы таныспын. Жақында Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қарлан» көпіріндегі жағдайды зерделедім. Тиісті мамандарға тапсырма бердім. Бүгінде көпірдің техникалық-экономикалық негіз­де­месі жасалып, сараптамадан өткізілді. Бас жобалаушы – «Тека project» серіктестігі. Биыл көпірдің жоба-сметалық құжаттарын әзір­леуге облыстық бюджеттен 95 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың қара­уына ұсынылып, маусым айының 25-не дейін қорытындысын алатын боламыз. Әрі қарай қар­жы­ландыруға республикалық бюд­жетке ұсыныс беріледі. Мем­лекеттік сатып алу конкурсын өткізіп, мердігерін анықтап алсақ, келер жылдан құрылыс жұмыстарын бастаймыз деген жоспар бар. Өздеріңіз білетіндей, барлығы қаржыға байланысты. Біз тұрғындар үшін маңызды мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Өткен жылы дәл осы ауданда «Әлсейіт» көпірін пайдалануға бергенбіз. Енді «Қарлан» көпірінің құрылысын бастауға жұмыс істеп жатырмыз.

Бекболат Сатуов, «Астана» арнасының тілшісі: – Гүлшара Наушақызы, жер дауына байланысты мәселені көп естиміз. Шу шығарып жүрген шаруалар бір келісімге келіп, егіндерін егіп үлгірді ме? Бұдан бөлек, мал азығына бөлінетін субсидияның жетпей қалуы да тығырыққа тіреп отырған көрінеді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?

Облыс әкімі: – Соңғы 3-4 жыл кө­лемінде облыс шаруа­шылық­та­рында жер үлестеріне қатысты даулы мәселе көбейген. Биылдың өзінде өңірдің Қармақшы ауда­нының III Интернационал ауы­лында, Сырдария ауданының Тоқмағамбетов, Сейфуллин, Қо­­ғалыкөл, Шаған, Ақжарма ауыл­­дарында  келіспеушіліктер орын алды. Бүгінде тұрғындар мен шар­уашылық басшылары арасында тиісті түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Дау туындаған шар­уа­шы­лық­тарда жағдай тұрақты, наразы тараптар келісімге келіп, барлық шаруашылықтар жұмыстарын жүр­гізуде. Заңға сәйкес барлық даулы мәселелер егін науқаны аяқталғаннан кейін шешілуі тиіс. Бұл мәселелер бо­йынша мен хабардармын, жеке бақылауымда.

Өңірде атакәсіпті жалғап, төрт түліктен табыс та­уып отырған шаруалар көп екенін білеміз. Олардың жұмысының жанданғаны бізге  қажет. Сон­дықтан да субсидия мәселесіне қатысты қажетті шараларды іске асырып келеміз. Өткен жылдан тауарөндірушілердің малын азықтандыруға жұмсаған шығындарын субсидиялауға облыс­тық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді бастадық. Де­ген­мен, мал азығына жұм­салған шығындарды өтеуді суб­сидиялауға облыстық бюджеттен қосымша бөлінген 730,5 млн теңге қаржы жетпей қалып, тауарөндірушілердің бір­шама на­разылығы туындады. Осыған байланысты Ауыл шар­­уашылығы ми­нистрлігінің келі­сімімен мал азы­ғын субсидиялау нормативі 50 процентке дейін төмендетілді. Ал, бөлінген қаржыдан 576 шаруашылық субсидияға қол жеткізді. Алайда, осы бағыт бойынша тағы да 321 шаруашылыққа қаржы жетпеді. Барлық жем-шөпке қажетті сома – 394,2 млн теңге. Олардың берген тапсырыстары субсидиялаудың ақпараттық базасының резервіне қабылданбай қалды. Бұл үшін қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізуді күтіп отырмыз, яғни жаңа бұйрық бекіп, күшіне енген соң резервке түскен өтінімдер толықтай өтеліп, шаруалардың мәселесін шешеміз. Маңызды мәселе бақылауымда, бүгін де Қаржы министрлігіне осы сұрақтармен жүгінетін боламын.

Әлібек Байшуленов, облыс­тық «Кызылординские вес­ти» газетінің тілшісі: – Татарстан Рес­пуб­ликасының Қа­­зан қала­сын­дағы қайғылы оқи­ғадан кейін барлығы елі­міздегі мектептердің қауіп­сіздігі туралы ойлана бастады. Аймақтағы білім беру ұйым­дарында балалардың қа­уіп­­сіздігі, бейнекамера орнату мә­се­лесіне қаншалықты назар ау­дарылған? Сондай-ақ, биыл жазғы лагерьлердің жұ­мысына рұқсат етілді. Балалар демалысын қалай өткізбек, лагерьлердің қызмет сапасына тоқталып өтсеңіз.

Облыс әкімі: – Облыста кон­тингенті 169 мың оқушы болатын 304 мектеп, оның ішінде 10 жеке­меншік мектеп жұмыс істейді. Барлық мектептер 100 процент бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Сонымен қатар терроризмге қар­сы талаптарға сәйкес, бейне­бақы­лаумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен  жылы облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, 70 мектеп бейнебақылаумен жаб­­дық­талды. Оның ішінде 14 мектеп Қызылорда қаласының жедел басқару орталығына (ЖБО) қосылған, ал аудан орта­лық­тарындағы 56 мектеп поли­ция­ның кезекші бөлім­ше­леріне. Сондай-ақ, биыл облыс орталығының 30 мектебін жедел басқару орталығына қосу арқылы жабдықтауға қаржы бөлінді. Осылайша, мәселені толық шешу жос­парлануда.

Пан­демия кезінде балалардың жазғы демалысы, олардың қауіп­сіздігі мен денсаулығын қам­тамасыз ету мәселелері өте маңызды екені сөзсіз. Әрине, демалысты ұйымдастыру өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес жүргізіледі. Биыл облыста 10 мыңнан астам баланы қамтитын 7 демалыс лагері (облыс бойынша 9 лагерь) жұмыс істейтін болады. Қармақшы ауданында жыл бойы қызмет көрсететін 120 орындық сауықтыру орта­лы­ғының құрылысы жүруде. Нысан құрылысы жыл соңында аяқталады деп жос­парланған және келер жылдан бастап балаларды қабылдауға дайын болады. Ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар қамтылады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 158 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 275 мектепте мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп туризмін жандандыру мақсатында өңірдегі тарихи-мәдени орындарға танымдық турлар ұйымдастырылады. Жаз­ғы уақытта балалардың бос уа­қытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 25 мың бала бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ қосымша білім беру орталықтарында шеберлікті да­мыту бағыттары бойынша қам­тылады.

Жанар Сердалина, «Bestnews.­kz» ақпарат агент­тігінің тілшісі: – «ҚазАвтоЖол» «Шымкент-Қызылорда»  тас жолының ақылы жолға өту жайын хабарлады. Көлік үшін балама және ақысыз жол жүру мүмкіндігі бар ма және сіз жолдарды жаппай коммерцияландыруды қолдайсыз ба? Келесі сауалым, жақын арада Сыр өңірінен Нұр-Сұлтанға қандай азық-түлік түрлері, қандай көлемде және қандай баға бойынша жеткізіледі деген жоспар бар?

Облыс әкімі: – Бұған дейін ІІ және ІІІ санаттағы автомобиль жол­дарының ақылы жүйеге ауы­суына байланысты ауыр жүк көлігі жүргізушілері арасында наразылық туды. Жүр­гізушілердің ұсыныстарын пы­сықтау үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Ақылы жол­дарды енгізу және тарифтік мөл­шер­лемелерді белгілеу үшін автомобиль жол­дарының учаскелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша «Қызылорда-Шымкент» автомобиль жолының учаскесі ақылы жүйеге көшу-көшпеуі белгілі болады. Ал, бүгінге дейін дәстүрге айналған астаналық жәрмеңкеге жыл сайын диқандар мен шаруалар нарықтық бағадан 10-20% немесе одан да төмен бағамен ұсынылатын күріш, бақша, балық секілді өнімдерін әкеледі. Жыл сайын жәрмеңкеге 300-400 тоннаға жуық өнім жеткізіледі. Өңірлердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізудің әзірленген кестесіне сәйкес, биыл шілде-қазан айлары аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерінің қатысуымен жәрмеңке өткізу жоспарлануда.

Мадина Жатқанбаева, «4Vlast.kz» интернет журна­лы­ның тілшісі: – Статистикаға сүйенсек, Сыр өңірінде 1 жыл ішінде 6008 адам қайтыс болған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айымен  салыс­тырғанда көп. 1 жасқа дейінгі сәбилердің 224 өлімі тіркеліп отыр. Адам өлімінің өсуіне не себеп?

Облыс әкімі: – Маңызды мәселе бойынша арнайы штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүруде. Өткен жыл ішінде көрсеткіш өскені рас. Оған коронавирус пандемиясы өз әсерін тигізбей қоймады. Аурудың асқынған түріне шалдыққан, қосымша созылмалы аурулары бар аналар жайы қиындады. Бірақ, биылғы көрсеткіш төмендеуде. 2 ана ауыр халде түскен деген дерек бар, алайда мамандар бар күшін салып, денсаулығын тұрақты жағдайға келтірген. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасы түйт­кілді мәселені күн тәртібінен түсір­ген емес. Жалпы, ана мен бала саулығы – ел болашағының кепілі. Сол болашақты сауықтыру біздің үлесімізде болмақ.

Марат Башимов, «Человек и Закон» газеті: – Облыста сыбайлас жемқор­лықпен күрес бағытында қандай шаралар атқарылуда?

Облыс әкімі: – Жақында облыс­та сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жө­ніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәрті­бінде «Бизнес қоғам­дастығы мен мемлекеттік органдар арасында тиімді әріп­тестікті дамыту үшін қо­лайлы жағдайлар жасау» және «Құрылыс қызметі саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу туралы» мәселелер қаралды. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді азайтуда кәсіпкерлік және туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін айтудамыз. Өңірде көрсеткіш төмендеген, профилактикаға, яғни алдын алуға ерекше мән берілуде. «Antikor Live» жобасы аясында әкімдіктердің, басқармалардың ашықтығы, есеп­тілігі және қол­жетімділігі де қам­тамасыз етілуде.

Ердәулет Ыбырайұлы, «Ха­бар» арнасының тілшісі: – Жергілікті халық Арал ауданында салынатын кальций­лендірілген сода өндіру зауы­тының құрылысына қарсы болып жатқан секілді. Оның себебі неде? Эколог мамандар қандай шешім шығарды?

Облыс әкімі: – Кальций­лен­дірілген сода өндіру жобасы Мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Аймаққа 93,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Зауыттың өзінде 700 жаңа жұмыс орны және сервистік компанияларда 500-ден аса жұмыс орны ашылады. Мұны қоспағанда шамамен 1000 жұмыс орны ашылады. Бұл – қаншама отбасыға мүмкіндік. Жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықтың 75% қажеттілігін өтейтін импорт алмас­тырушы ірі өндіріс орны болмақ, яғни 300 мың тонна кальцийленген өнімнің қаржылай мәндегі құны 30 млрд теңге сыртқа кетпей, өзіміздің Арал ауданында қалатын болады. Аудан тұрғындары зауыт құрылысына наразы болу себебі, зауыт пен одан шығатын қалдықтарға арналған полигонды Арал теңізінің құрғаған бөлігіне салуға байланыс­ты. Көпшілік бұл кәсіпорынның салынуы экологиялық жағдайды одан сайын күрделендіреді деген пікірде. Аталған қалдық кіші Сарышығанақ шатқалында салынатын шлам сақ­тау қоймасына тасталады. Шлам сақтау қой­ма­сының құрылыс жобасы экология департаментінен мемлекеттік экологиялық сараптамадан өт­кізілген.

Атап өту керек, қойма салынатын учаске Арал ауданының босалқы жерлерінде орналасқан және су объектілерінің су қор­ғау аймақтары мен бел­де­уіне кірмейді. Сонымен қатар бел­гіленген учаске ауыл шаруа­шылығына пайдалануға жарамсыз. Жоба мемлекеттік эко­логиялық сараптамадан өткізу барысында департамент жанынан құрылған сарапшылық кеңесте қаралды. Кеңес құрамында мем­­­лекеттік орган өкілдері, қо­ғамдық бірлестік өкілдері, практик эколог мамандар және тәуелсіз сарапшылар енгізілген. Өткен жылы шлам қоймасының жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілді. Сондай-ақ, мамандардың ұсынысымен Сарышығанақ шат­қалын дамбымен қоршау жөнінде жобалық шешім қабылданды. Жоба бойынша қоршау бөгет­терінің биіктігі 6 м, бөгеттің ұзындығы 52,50 м топырақпен көтеру құрылыстары қаралды. Қойма биіктігі 1,8 метр болатын қоршаумен қоршалатын болады. Аталған жұмыстар жүзеге асырылса, теңіз суы Балтық жүйесі бойынша 52 метрге дейін көтерілген жағдайда шлам қоймасын су басып қалу қаупі болмайды. Мәселен, дәл осындай сода өндіретін зауыт көршілес Өзбекстан Республикасының Қара­­қалпақстан территориясын­да 2006 жылдан бастап іске қо­сылған. Зауыттың орналасу аймағы да Арал теңізінің шекаралас аумағында. Бұл зауыт жылына 200 мың тонна сода өндіреді, 1300 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта белсенділерді тарта отырып, Өзбекстандағы осы зауыттың жұмысымен таныстыру ұйымдастырылады. Сондықтан, Арал ауданы аумағында ашылатын сода зауытының экологиялық зардабына алаңдауға негіз жоқ деп санаймын. Керісінше, инвес­торлардың мүмкіндігін пайдаланып, әлеуетімізді арттыру қажет. Зауыт ашылған жағдайда құзырлы мекемелер ауаның құрамына және ластану жағдайына тұрақты түрде лабораториялық сынамалар алып, нәтижесін ашық жариялап отыратын болады.

Асан Аралбайұлы, «The Qazaq Times»  редакциясының тілшісі: – Гүлшара Наушақызы, «Қы­зыл­орда-Жезқазған» автожо­лы­ның мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Көптен күт­кен құрылыс қашан басталады? Нақты мер­зімін айта аласыз ба? Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында былтыр 270, оның алдыңғы жылы шамамен 230 отбасы тұрғын үйге қол жеткізді деген дерек бар. Ал, Қызылорда облысында он мыңдаған әлеуметтік осал топ өкілдері, көпбалалы аналар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар бар. Олар баспана бақытына тезірек қол жеткізсем деп армандайды. Осы мәселені Алматы қаласындағы тәжірибенің үлгісінде балама нұсқамен шешуге бола ма? Мәселен, Алматыда «Алматы жастары»  бағдарламасы бар. Сіздер осындай шешім қабылдауға қалай қарайсыздар және оған облыс әлеуетінің қауқары қаншалықты?

Облыс әкімі: – Бұл жол құ­рылысы – Қызылорда облы­сының өзекті мәселелерінің бірі. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жез­қазған» автомобиль жолы учаскесінің жалпы ұзындығы 424 шақырымды құрайды, оның ішінде Қызылорда облысының аумағында 216 шақырым және Қарағанды облысының аумағында 208 шақырым. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тындысын алды. Жоба Инфра­­құрылымдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дарламасына енгізіл­ген. Автомобиль жолын жөндеу жұмыстары биылғы жылдың төр­тінші тоқ­санына жоспарланып отыр. Келесі сауалға келетін болсам, облыс бойынша мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тағы 342 пәтер жеке құрылыс иелерінен сатып алынады. Сондай-ақ, 965 пәтерлік 44 ипотекалық үй және жеке инвесторлар тарапынан 248 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылыс салушылар, банктер және өзге де мүдделі ұйымдармен тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағыттарын, оның ішінде жеке тұрғын үй қорында кезекте тұрғандар үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізуді талқылаудамыз. Қазір кезекте 30 690 адам тұр. Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 291 отбасыға баспана беріледі. Алматы қаласының тұрғын үймен қамту бойынша тәжірибесіне келсек, арадағы мүмкіндіктер, бюджет салыстыруға келмейді. Дегенмен, алдағы уақытта оны зерттеп-зерделеу­ге дайынбыз.

Дайындаған

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Биболат СӘТЖАН,«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<