Ермегі бөлек, арманы ерек

627

0

Бүгінде балалар арасында робототехникаға қызығушылар саны артып келеді. Зерек те талантты балғындар ой мен қиялға ерік берген. Олардың ермегі  бөлек, арманы  ерек. Техника жасаудан көш басында жүрген өнертапқыштармен теңессем дейді. Ойлап тапқан дүниелері мақтануға тұрарлық. Жемісті еңбектерін түрлі байқауларда сынап, жетістікке жетуде. Елімізден бөлек, халықаралық додаларда топ жарған шәкірттерді де көріп жүрміз. Солардың бірі – қаладағы №1 мектеп гимназиясының 8 сынып оқушысы Өркен Молдахмет.

Ол 7 сыныптан бастап «Робототехника» үйірмесіне қатысып келеді. Алғашында мектептегі үйірмеге барды. Оған робот құрастырған ұнайтын. Бос уақытын техника тілін меңгеруге арнады. Ақпарат көздерінен әлемде жасалып жатқан роботтарды, оны қалай жасағанын, не қызмет атқаратынын іздеп оқитын. Қызығушылығы оны  Оқушылар сарайындағы үйірмеге жетеледі. Өркен бастапқыда өзге балалар секілді үйірмеде «Лего» жиынтығын жасап үйрен­ді.  Дарынды бала әу бастан-ақ ұстаздарының көзіне түсіп, талантымен ерекшеленді. Екі айдан бастап жарыс­тарға қатыса бастады. Ең алғаш роботтардың «Сумо», «Киберлинг» спорттық жарыстарының облыстық кезең­дерінде топ жарды. Енді ол жобалық жарыстарға дайындалу үстінде. Сонымен қатар жақында өтетін республикалық «Қазроботекс» байқауына қатысуға қызу дайындық үстінде. Оның ғылыми-жобалық түрінде бақ сынамақ.

Бұдан бөлек, жеткіншек жүк тасымалдаушы робот ойлап тапты. Онан кейін піл мен жылан роботын жасады. «Лего» жиынтығын еркін меңгерген оқушы енді күрделі жиынтықтармен жұмыс жасауды қолға алмақ. Өркеннің жетекшісі – Бейбарыс Раушанбек. Ол қалалық білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Робототехника негіздері» үйірмесінің жетекшісі. Өзі де талай жоба жасап, жастайынан осы салаға бейімделген маман. Ол авиация саласы бойынша квадракопты дрон құрастыру арқылы республикалық өнертапқыштар сайысында І орынды иеленген.

– Әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Кеше ғана фантастика болған робот, робототехника жаһандану дәуірінде «ақылды» құрылғылар ретінде өмірімізге еніп, қолданыста. Сондықтан бұл саланың болашағы зор. Оқушылар үйінде «Робототехника» үйірмесі 2015 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.  2016 жылдан бастап оқушылар облыстық, республикалық жарыстарға қатыса бастады. Осы уақыт аралығында қаншама шәкірт тәрбиеледік. Талантты балалар өте көп. Қазіргі кезде ата-аналар да балаларын үйірмеге беруге асық. Өйткені, балалардың кішкентай кезінен бастап креативтілігі, логикасы мен жан-жақты ойлау қабілеті дамиды. Бастысы, болашақта мамандық таңдауда да өз пайдасын тигізетіні анық,– дейді Бейбарыс Раушанбек.

Жетекшінің айтуынша, робототехниканы кез келген бала таңдай бермейді. Себебі, бастысы оқушыда қызығушылық болуы тиіс. Өркеннің талабы таудай. Болашағынан зор үміт күтетін бала. Ол робот тілін тез үйреніп, жиынтықтармен жұмыс істеуді еркін меңгерген. Ұстазы шәкіртінің бабын жасап, алдағы республикалық додаларда ғылыми жобаларын ұсынуды жөн санап отыр. Сонымен қатар ізденімпаз шәкіртінің болашақты мықты ІТ саласының маманы боларына сенімді. Талай жарыста облыстың намысын қорғап жүрген өнертапқыш түрлі номинациялармен марапатталды.

Өңірімізде жас ұрпақтың жаңа технологияны меңгеруіне жан-жақты қолдау артып келеді. Жас жеткіншектердің ақпараттық-техникалық бағытта шығармашылығын дамыту мақсатында мектептерде үйірме ашылып, қаншама өрен жаңа саланы игеруге талаптануда. Нәтиже жоқ емес. Өркен сынды таланттардың тың жобасы күнделікті өмірде қолданысқа да енетін күн алыс емес.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<