Индустрияландырудың қарқыны қандай?

492

0

Экономиканы әртараптандыра отырып, шикізат шылауынан шығуға индустрияландырудың бесжылдықтарында жүзеге асып келе жатқан жаңа жобалардың ықпалы зор. Соның арқасында экономика ілгері басып, тұтынушылар да өзімізден шығатын өнімдерге көбірек қол соза бастады.

Өндіріс көлемі артты

Өткенге көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдарында облыста 400-ден астам шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылған. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд теңгеден 648,8 млрд теңгеге дейін өскен. Өндіріс үлесі 11 проценттен 38 процентке дейін өсті деген дерек те қай салада болмасын жаңашылдық орын алғанын байқатады. Өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын жаңғыртуды көздейтін индустрияландыру бағдарламасы бойынша өңірде құны 82 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асып, 12 өнім түрі шығарылған. Оның ішінде сүт, балық, ас және техникалық тұз өнімдері, мия сығындысы, электр энергиясы, өңделген газ, химиялық реагенттер, күкірт қышқылы, асфальтбетон, кірпіш бар.

Жұмысын жандандырып, шаруасын дөңгелентіп отырған іргелі ұжымдардың алдыңғы легінде Индустрияландыру бағ­дар­ламасының белсенді қа­тысушысы «Рза» акционерлік қоғамы тұр. Бүгінде кәсіпорын сүт өнімдерін «Дәмді» сауда маркасымен облыс аумағына және көршілес өңірлерге жет­кізеді. Тәулігіне 30 тонна сүт өң­дейтін зауыттан еуропаның озық технологиялық құрал-жаб­дықтарын кездестіресіз.

Мұндағы дәмі тіл үйір­ген пастерленген және ультра­пастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдеріне тұтынушылар дән риза. Зауыт өнімдерінің қол жеткізген жетістіктері аз емес.

2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша дипломмен мара­патталған. Араға сәл уақыт салып «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ҚР Пре­зидентінің «Алтын сапа» сыйлы­ғының лауреаты атанды. Бұдан бөлек, тоқсан жылдан астам тарихы бар «Аралтұз» АҚ еліміздегі йодталған ас тұзын шығарумен қатар, оның негізгі өндірушісі саналады. Ин­дустрияландыру бағдарламасы аясында компания тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін екі есе арттыруға, 1200-ден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік берді. Өндірілген өнім мен сатылған өнім көлемі 3 есеге артты. Экспорттық өнім үлесі – 75 процент. Осыған байланысты компания биыл қуаттылығы жылына 180 мың тоннаны құ­райтын тұз өндіретін ІІІ испан цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба бастамашысы өткен жылы «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық банкі» АҚ филиалы арқылы 4 млрд теңге несие қаражатын алған. Құрылыс жұмыстары 80%-ке орындалды. Қазір испандық технологиялық жабдықтар өңірге толық жет­кізілді. Тұз қазу мен оны өңдеу бойынша республикада алдыңғы лекте тұрған кәсіпорындағы тірлік түзу. Бір сәтке де тыным таппаған жандарды көріп, олардың еңбек­қорлығына тәнті боласыз. Ең бастысы, тұздың дәмін Алтай мен Атырау арасындағы жұртпен қоса алыс-жақын мемлекеттердің бәрі татқан және сапалы өнімге сұра­ныс еш уақыт толастаған емес.

7 мыңнан аса жұмыс орнын құру көзделуде

Бұған қоса 2010 жылы «Казгермұнай» біріккен кәсіпорны қуаттылығы жылына 300 млн текше метр газ өңдеу зауытын іске қосты, бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қала кәсіпорындарын арзан бағадағы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті. Ақшабұлақ кен орнындағы ілеспе газды толыққанды игеру мақсатында «Кристалл менеджмент» серік­тес­тігінің ірі инновациялық си­паттағы қуаттылығы 87 мВт-тық электрстанциясы да іске қосылды. Сонымен қатар «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Торғай Петролеум» АҚ секілді ірі мұнай компаниялары қуаттылығы 50 мВт-тық газтурбиналық стан­цияны іске қосып, кәсіпорын қа­жеттілігін 40%-тен 100% толық жауып, облыстың энергия тап­шылығын төмендетуге айрықша үлес қосуда.

«Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқанына маңыз берер кез жетті. Адамзат тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаң­ғыр­тылатын көздеріне негіз­де­ле­тін жаңа дәуірге қадам басады» деген болатын Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стра­­тегиясын жария еткен Жол­­­дауында. Облыста осыған негіз­делген және үлес салмағы басым кәсіпорындардың қа­тарында «Гежуба Шиелі цемент» тампонажды цемент зауытының орны ерекше. Серіктестік бас дирек­торының орынбасары Алмас Сұраншиев биыл өндіріс қар­қынын бес есеге ұлғайтқан зауыт жарты жылда 531 мың тонна өнім өндіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, басқа зауыттардан ерек­шелік мұнда цемент кебу тәсілімен өндіріледі және де жүз процент автоматтандырылған. Ол дегеніміз сапаны бақылауда адами фактор болмайды. Арнайы тек­серілетін құрылғылардың арқасында цементтің сапасы сағат сайын бақылауда болады. Қазір зауыт тәулігіне 4 мың тоннаға дейін цемент шығаруда. Жұмысшылар төрт ауысыммен 24 сағат тынымсыз еңбекке көшкен. Өйткені, құрылыс маусымының қызған шағы. Шиелі цементіне елімізден және көршілес мемлекеттерден сұраныс көп. Іске қосылған уақыттан бері 6 түрлі цементтің 1,5 мың тоннасы шығарылса, оның 333 мың тоннасы Өзбекстанға экспортталған.

Сондай-ақ, тақырыпқа тұздық ретінде айта кетсек, облыста биыл 48,5 млрд теңгеге тағы төрт жоба іске қосылмақ. Жалпы саны 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін бұл жобалардың үшеуі азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталып отыр. Олар – Қармақшы ау­данындағы құс фабрикасы, Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ сүт дайындау өндірісі. Төртінші жоба, стратегиялық маңызға ие аймақтың құрылыс индустриясындағы ірі нысанның бірі – шыны зауыты. Бұл орайда облыстық индустриялық-инно­вациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев зауыт құрылысы 85%-ке, мон­таждау жұмыстары 37%-ке орын­далғанын айтты.

– Облыста индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде қызылордалықтар үшін 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда үшінші бесжылдық аясында ауқымды істер атқарылуда. Айталық, 7 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 543 млрд теңгеге 41 жоба бойынша жұмыс жасалуда. Ал, шыны зауытына тоқталсақ, қазір құрылыс алаңына 107 жұмысшы жұмылған. Оның ішінде 56 ҚХР азаматы, 51 ҚР азаматы жабдықтарды монтаждау жүргізуде. Негізгі жұмыс – балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау. ҚР Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жұмыстарды жүр­гізетін 147 қытайлық маманға рұқсат алынды. Бүгінгі күні ҚХР-дан 56 жоғары білікті мамандар келді. Айта кету қажет, бұл жұмыстарға 4 ай уақыт және жылы режим қажет. Зауытты іске қосу осы жылдың II жартыжылдығына жоспарлануда, – деді Р.Сұлтангереев.

Ал, «Қармақшы құс» серік­тестігіне келетін болсақ, ин­дустрия­ландыру бағдар­лама­сы­ның екінші бесжылдығы аясын­да басталған жобаның құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытты орналастыру үшін 20 гектар, егістік үшін 727 гектар жер телімі берілген. Бүгінде фабрика бойынша құрылыс жұмыстары 94%-ке аяқталған. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданда азық-түлік өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар жем қорын дайындауға, қажетті дақылдар егіп, көлемін арт­тыруға, сол арқылы егінді әртараптандыруға ықпал тигізеді. Мәселен, кешенді нысанның жұмысы үшін құс азығына күніне 20-22 тонна дақыл керек. Айына 600 тонна құс жемінің қажеттілігі туындайды. Әдетте құс шаруашылығына соя, зығыр, жүгері секілді өнімдер қажет. Фабрика пайдалануға беріл­геннен кейін солай жеммен қам­­тамасыз ету мәселесі өзді­гі­нен туындайды. Сондықтан серік­тестік құрамы жем зауытын салу­ды қолға алған. Бұл жоба жем да­йындауға қажетті дақылдарды егуге де жол ашады. Серіктестік төрағасы Нұрлан Іздібаев құс фабрикасының әкімшілік және бақылау-өткізу пунктінің, 6 құс цехының және инкубациялық цехтың құрылыс жұмысы, құс сою цехының металл конструкциялық жабынын монтаждау жұмыстары жүргізіліп, құс фабрикасының аумағы қоршалғанын алға тартты. Сондай-ақ, биыл құс фабрикасын іске қосу мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында электр және сумен жабдықтау желілері, кәріз су желілерін жүргізу үшін 400 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, тиісті жұмыс атқарылған.

Бұдан бөлек, енді аралдықтар балығымен және астың дәмін кіргізер тұзымен ғана емес, түйе сүтінен дайындалатын құрғақ ұнтағымен мақтана алатын кез келеді. Мамандар бұл өнімді қолға алу жайы бұған дейін бірнеше мәрте көтерілгенін айтады. Алайда оған бел буып кірісе қояр кәсіпкер болмаған. Бірақ, өткен жылы Арал қаласының №1 республикалық маңызы бар индустриялық айма­ғында орналасқан «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құр­ғақ ұнтақ дайындау цехы» жобасының іргетасын құю жұ­мыстары басталды. Жоба құны 1,5 млрд теңге, қуаттылығы жы­лына 130 тоннаны құрайды. Бү­гінгі таңда зауыт құрылысы 85 процентке аяқталған. Серіктестік директоры Нұғырбек Абулғазин жобаның қуаттылығын жылына 130 тоннадан 700 тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Тау-кен өнеркәсібін дамыту мақсатында да «Шалқия» кен орнын игеру жобасы жүзеге асуда. Шахта құрылысын жүргізетін мердігер анықталған, қыркүйек айында құрылыс басталмақ. Британдық компаниямен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жұмыстары да аяқталған. Өткен жылы кәсіпорын аммоний метаванадатын Ұлыбритания мен Ресейге 464 тоннадан астам экспорттаған көрінеді. Сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасындағы қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет комбинаты және сүт өңдеу кешеніне ин­же­нерлік инфрақұрылым жет­кі­зіліп, құрылыс жалғасуда. Мұ­­нан бөлек, Жаңақорған ауда­­нындағы «Қызылорда агро­плюс» серік­тестігінің томат пас­та­сын шығару жобасының құрыл­тай­шысы «Orbis-Agro» ком­пания­сы болып ауысты. Тәжіри­белік қы­­занақ тұқымдары 2 гектар жерге егілген. Сумен жабдықтау жүйесінің жобалау-сметалық құ­жат­тары әзірленіп, мемлекеттік сарап­таманың қоры­тындысын алу­ға дайын. Межелі міндеттердің орын­далу көр­сеткіштері осындай, көңіл көншітеді. Бұл өз кезегінде жо­ғары еңбек өнімділігі, тиім­ді­ліктің жоғары дәрежесіне қол жеткізіп, шикізатты барынша те­реңдете өңдеу, экономиканың бар­лық салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп.

10 мың маман оқытудан өтеді

Жалпы алғанда, өткен жылы еліміз бойынша ин­дустрия­лан­дыру кар­тасы және өңірлер кәсіп­­керлігін қолдау карталары шеңберінде 916,8 млрд теңгеге 201 жоба іске асып, 18,6 мың жаңа жұмыс орны құрылған деген дерек бар. 2010-2020 жылдары өңдеу өнеркәсібінде шамамен 4,8 трлн теңгеге өнім өндірілсе, оның ішінде салалық бөліністе металлургия 2,4 трлн теңге немесе 43%-ке, құрылыс индустриясы 159 млрд теңге немесе 24%-ке, химия 281,8 млрд теңгеге, жеңіл өнеркәсіп бойынша 46,6 млрд теңгеге өнім өндірілген. Мұны ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Атал­ған жұмыстардың барлығы айтарлықтай ауқымды қаржы шығынын қажет еткені де түсінікті. Сондықтан елімізде дайын өнім шығарып, қосылған құн көлемін арттыра түсетін өңдеу саласына инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, облыстың өзінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1993 жылы 310 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 292,3 млрд теңгеге дейін жеткен. 1991 және 1992 жылдары негізгі капиталға салынған инвестицияларды есеп­ке алу рубльмен жүргізілгенін ескерсек, 1991 жылы ол 1,3 миллион рубль, 1992 жылы 17 миллион рубльді құраған. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвес­тиция көлемі 1999 жылы 378 млн теңгеден 2019 жылы 18,0 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл – ауқымды жұмыстардың жемісі, ел Тәуелсіздігінің жетістігі дер едік. Осы тұста айта кетерлігі, индустрияландыру ісін Корея, Малайзия, Қытай секілді елдер 30-40 жыл ішінде жүзеге асырған. Ал, олармен салыстырғанда Қа­зақ­стан мұндай нәтижелерге жо­ғары қарқынмен қол жеткізіп келеді. 2019 жылы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та төртінші өнеркәсіптік рево­лю­цияның жұмыскерлердің білімі мен біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейтетінін атап өтті. Сондықтан 2025 жылға дейін негізгі салалар бойынша Индустрия 4.0 дамыту үшін қажетті 10 мың маманды оқыту жоспарын әзірлеу тапсырылды. Өйткені, іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына индустрия мен инновация болып қала бермек.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<