Көбейген жәрдемақынының көлемі қандай?

797

0

Елімізде I топтағы 66 мың мүгедектің әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшімен де қамтамасыз  етілмеген.

Жуырда қолданысқа енген  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бо­йынша жәрдемақымен қосымша қамтылатын болды. Сонымен қатар, заңда 7 мен 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтарға бөлу арқылы, оларға көрсетілетін әлеуметтік көмек ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақы мөлшерін саралауға мүмкіндік береді. Барлық топтар үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін көбейеді.

Облыста мұндай жәрдемақыны әзірге нақты қанша адам алатыны туралы ақпарат жоқ. Себебі өзгерістерге байланысты оларды топтарға бөлу, қайта қарау сынды жұмыстар әлі жүріп жатыр. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департамент   басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Маханова жаңа толықтырулар  туралы түсіндіріп берді.

Бұған дейін аталған жәрдемақы  18 жасқа дейін мүгедек бала тәрбиелегені үшін ата-анасына, қам­қоршысына  және  бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға ең төмен күн­көріс деңгейінде  1,40 мөлшерінде та­ғайындалып, төленіп келген еді. Осы кезге дейін мүгедек балалар 16-дан 18 жасқа дейін топтарға бөлінсе, енді 7-ден 16 жасқа дейінгі балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне қарай топқа  бөлінеді, – дейді ол.

Мүгедектігі бойынша ай сайынғы жәрдемақы 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға  48 023 теңге мөлшерінде беріледі. I топ 7-ден 18 жас аралығындағы мүгедек балаларға  65860, II топ үшін 54541, III топқа 48023 теңге көлемінде. Ал бала кезінен бірінші топ мүгедектеріне 65860, екінші топтағыларға 54541, үшінші топтағы мүгедектерге 41163 теңге жәрдемақы тиесілі. Ересектер үшін бірінші топтағылар  65860, екінші топ 52483, үшінші топтағы мүгедектерге 35675 теңге  тағайындалады.

Сонымен қатар, заңда мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығы  көзделген. Бұл өзгерістер  асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек бала бар отбасылардың табыс деңгейін арттырады.

Асыраушысынан айырылу бойынша 1 балаға жәрдемақының мөлшері 29500 теңгені құрайды, ол бала санына қарай өзгереді.

Бұдан басқа, мүгедек балаларды топқа  бөлуге байланысты Байқоңыр қаласындағы мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәр­дем­ақы көлемінің мөлшері  арта­тын болды. I-II топтардың жәрдемақысы  4346 теңге (2479 теңгеге көбейеді), III топтағы мүгедек балалардың жәр­демақысы  «0,64»-тен «0,96» АЕК-ке артады (1867 теңге – 2801 теңге).

Бұрын зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасау кезеңі 16 жасқа  дейін алынатын еді. Енді мүгедек  балаға күтім жасау кезеңі 18 жасқа дейін ұзартылды, яғни, мүгедек баланы   күтім жасаған жылдар  еңбек өтіліне есепке алынып, зейнетақы төлемін тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<