«Мемлекеттік қызметте мүлт кетуге болмайды»

811

0

Мемлекеттік қызмет – тек белгіленген уақытта жұмысқа барып келу емес, 24 сағат бойы жауапкершілік арқалап, қоғамның сеніміне селкеу түсірмеу. Бұдан бөлек, салаға таңдауы түскендердің білімді-білікті, тәжірибелі, әдептен аспайтын, тәртіптен аттамайтын қасиеті тағы болу керек. Олай болмаса, қызметкерді тезге салатын Әдеп кеңесінен шығуы әбден мүмкін.


Жақында қызметтік әдепті бақылауды көздейтін кеңесте бірқатар мәселе қылаң берді. Бірінші кезекте Арал ауданы, Райым ауылдық округінің әкімі Рүстем Қарауымбетовтің тәртіптік ісі қаралды.

Тарқатып айтсақ, ауыл әкімінің көлік жүргізуге құқығы жоқ бола тұра қызметтік көлікті басқарып, басы дауға қалған.

Зерттеу нәтижесінде Р.Қарауымбетовтің куәлігі болмағаны белгілі болып, оған 58340 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ, бұл кезде ол уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама алып, Ақтөбе қаласынан жүргізуші куәлігін алады.

Медициналық анықтама бойынша ем-дом алмаған.

Әкім өз түсініктемесінде «Көлік жүргізушісі ақы сақталмайтын еңбек демалысында болған кезде көлікті жүргіздім. Бұл – жұмыстан қажетті құжат алуға барғанда орын алған оқиға. Құқықбұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, төледім. Ал, денсаулығым сыр бергені рас, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашып, Ақтөбе қаласында тексерілдім. Қолым босағанда мамандандырылған ХҚКО-да емтихан тапсырып, куәлік алған болатынмын» деген жауап берді.

Кеңес мүшелері тәртіптік істі жан-жақты қарап, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін сөгіс берді.


Мұнан соң Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Оңталап Мүсілімнің әлеуметтік желідегі орынсыз пікіріне құқықтық баға берілді.

Аталған факт мемлекеттік қызметшілерді барлығы әлеуметтік желіге байланған тұста аңдамай сөйлесең, опық жеуің әп сәтте екенін ұмытпауға шақырады.

Қорытындысында ауыл әкіміне ескерту берілді.

Сонымен қатар жиында Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуы бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысын арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева тарқатты. Ал, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Айгүл Мырзағалиева атқарылған жұмыстарды баяндады.

Жиын қорытындысында тиісті хаттамалық тапсырмалар беріліп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов бақылау бағытындағы жұмыстарды ширатуды жүктеді және жауапты қызметте мүлт кетуге болмайтынын тағы бір қаперге салды.

Мөлдір СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<