«Агро-Өркеннің» адымы

1514

0

Қазалы – ауыл шаруашылығына ежелден бейімделген аудан. Сан ғасыр бұрын басталған шаруақор дағды қазір де ырғағынан жаңылған жоқ. Кеңес кезеңінде бұл сала қарқынмен дамыды.

Сол тұста ауданда «Ленин», өзге де көптеген орден-медальдің иегері Шынтас Жалғасбаев басшылық жасаған қаракөл қойын өсіретін Қазақстанның 40 жылдығы атындағы (қазіргі таңда Жанқожа батыр атындағы ауыл) кеңшардың атағы алып мемлекетке кеңінен мәлім еді. Күріш егумен айналысатын көршілес ХХІІ партсъезд (Ақтан батыр ауылы), басқа да кеңшалардың егін алқабында астық теңіздей толқыды. Төгілген тер текке кетсін бе?! Атақты шопандар Шоқым Ырғызбаев, Жәрмедет Ысқақов, өзге де көптеген еңбек майталмандары абырой шыңына шықса, күрішші Әбуша Дінисламов Социалистік Еңбек ерінің «Алтын жұлдызын» жарқырата кеудесіне тақты. Сыр өлкесіндегі көзі тірі соңғы Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев атамыз қазір Лақалы ауылында ғұмыр кешуде.

Сондай-ақ, Ажаркүл Алдажарова мен Түлкібай Мұханов Мемлекеттік сыйлықтың лауераты атанды. Өткен күнге көз салғанда Оңалбай Қалдыбаевқа тоқталмау мүмкін емес. Ол кезінде Кам­аз автокөлігіне бірнеше тіркеме (автопоезд) жегіп, іргелі кеңшардың күллі астығын бір өзі тасығанын көзкөргендер әлі ұмытқан жоқ.

Еңбекті қастерлеу, маңдай терін төгіп жүріп адал нан табу – дала перзенттерінің қанына сіңген дағды. Аға буынның сол  ізгі үрдісін кейін­гі толқын жалғастырса, онан ас­қан қуаныш болар ма?! Біз бүгінгі әңгімемізге арқау қылған «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еселі еңбегімен ел ықы­ласына бөленіп жүр. Қаншама тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған ұжым.

«Агро-Өркен» ЖШС Сырдарияның арғы жағалауындағы Қожабақы ауылының аумағында орналасқан. Серіктестіктің атқарушы директоры Нұркен Әлиев болса, бас директор және құрылтайшысы Медеу Есхожаев – көпшілікке есімі жақсы танымал кәсіпкер азамат. Есхожаевтар әулеті – өсіп-өнген, іскерлік қасиеттерімен қатар имандылық, қара­пайымдылық, адамгершілік қасиеттерін атаның қаны, ананың сүтімен бойларына терең дарыған кішіпейіл жандар.

Бүгінгі таңда «Агро-Өркен» серік­тестігінің егіс алқабында дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Серіктестік құрылтайшысы Медеу Бердібайұлынан науқан кезінде мұнда 80 адамға дейін жұмыс істейтінін білгенбіз. Жалақыға ешқандай қарызы жоқ. Серіктестік мүшелерін сөзге тартқанымызда басшылары туралы жылы пікір естідік. Бірнеше мәрте сыйақыға көлік те берген. Олай болмағанда ше?! Кейбір шаруашылықтарда жалақының өзі кешеуілдетіп берілетінін естіп жүрміз, Ал сый­ақыға көлік беру – қарапайым еңбек адамына деген зор ілтипат.

Медеу Бердібайұлының айтуынша, биыл серіктестіктегі бар­лық техникаларға күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізіліпті. Көк­темнің ерте шығуына байланысты биылғы егіс жұмыстары да жыл­дағыдан ерте басталған. Былтыр егілген бидай мен жоңышқадан серіктестік өзі тұқым дайындап, 200 гектар жерге бидай, 312 гектар жерге жоңышқа егіпті.

Сондай-ақ, «Мағжан и К» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, сапалы сұрыпталып дайындалған «Элита», «янтарь» тұқымынан 10 тонна, 1 репродукциялық 190 тонна «Янтарь» тұқымы алыныпты. То­пырақты тыңайту мақсатында Ре­сейден әкелінген «Аммофос», Өзбекстан Республикасынан жет­кі­зіл­ген сапалы «Карбамид Б» тыңайт­­қышы толық тасталған. Ағымдағы жылы «UKAZ Group» ЖШС-мен жасалған келісім-шартқа сәйкес гербицидтер мен пестицидтер алынып, кезең-кезеңімен пайдаланылып себілуде.

Бұл деректер менің ойыма оң­түстік өңірден келген бір ірі шаруа­шылық басшысының «Агро-Өркен­нің» жайқалған егіс алқабын көргенде «Ақ соры бұрқырап жат­қан жерге қорықпай дән тастап, жо­ғары өнім жинаған саған қатты қайран қаламын. Өз басым мұндай көзсіз тәуекелге бармаған болар едім» деп таңдай қаққанын есіме түсірді. Иә, Қазалының ақ күріші Медеу Есхожаев сияқты абзал азаматтардың зор тәуекелі, алқапта ала жаздай тыным таппай еңбек ететін ұжым мүшелерінің төгілген телегей терінен құралатынын ұмыт­паған абзал.

Биылғы жылғы «Агро-Өр­кеннің» көктемгі дала жұмыс­тары сәуір айының аяқ шенінде байырғы диқан, үздік сушы Айтбай Махмұтовтың егін алқабына дән себуден басталды. Рәсім еңбек ардагері Бердібай Есқожаев пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мұса Әлиевтің жылы лебізін тыңдап, батасын алумен басталды. Ел ағаларының ақ тілегі текке кетпеді. Егін егу мамырдың 21-де сәтті аяқталып, межеленген 700 гектар жерге басты дақыл – күріш отырғызылды.

– Көктемгі дала жұмыстарында «Агро-Өркен» ЖШС-ның агрономы Шайық Кеңес, сушы-гидротехник Рахат Еділбай, егіс бригадирі Жәми Мейрамбек, инженер-механик Ізтілеу Жеткер, механизаторлар Жеңіс Қошқарбаев, Арыстан Келмағанбетов, өзге де азаматтар тындырымды істерімен көзге түсті. Әсіресе, барша жұмыстың тиімді жүзеге асуына серіктестік директоры Нұркен Әлиевтің қосқан үлесі зор, – дейді Медеу Бердібайұлы.

Ел арасында «Агро-Өркен» ЖШС туралы оң лебіз жиі айтылады. Сырт көздің сыншы екені тағы рас. Талаптарыңыз оң болсын!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<