Академик асуы

712

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Бишімбаевпен жүздесуінде қайраткерді 75 жас мерейтойымен құттықтады. Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, мерейтой иесінің жұбайы Алмира Нұрлыбекова және өзге де азаматтар қатысты.

Облыс әкімі белгілі ғалым Уәлихан Қозыкеұлының ел Тәуелсіздігін нығайтуға, отандық білім мен ғылымға сіңірген еңбегін атап өтті.

Уәлихан Бишімбаев – ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. 500-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 13 монография, оқулықтар, оқу құралдары, 29 өнертабыс пен патенттің авторы. «Құрмет белгісі», «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.

– Сіздің тәжірибеңіз, ақыл-кеңесіңіз жастар үшін қашанда аса қымбат.  Білімдарлық, жоғары талапшылдық пен еңбексүйгіштік сынды асыл қасиеттеріңіз жас ұрпаққа өнеге. Соның арқасында Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлық иегері болдыңыз.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде көптеген өзекті мәселелерді көтердіңіз. Облысымызда сіздің бастамаңызбен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалының негізі қаланды.  Бүгінде осы оқу орнын еліміздің көптеген жастары бітіріп, түлектер түрлі салада табысты еңбек етуде, – деді облыс әкімі.

Басқосуда академикке Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Сондай-ақ, Уәлихан Қозыкеұлы мен оның жұбайы Алмира Балтабайқызына ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов және облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ізгі тілектерін білдірді.

Кездесу соңында мерейтой иесі облыс әкіміне және әріптестеріне көрсеткен құрмет үшін алғыс білдіріп, Сыр өңірінде еңбек еткен жылдары туралы естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Қызылордада Уәлихан Бишімбаевтің құрметіне ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, академик атындағы дәрісхана ашылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<