Арнайы киімдер өзімізде шығады

1362

0

Жалағашта броньды кеудеше тігіледі. Былтыр «Өркен Әлем» серіктестігінде броньды кеудешенің 5 мың данасы тігілсе, арнайы касканың 2 мың данасы шығарылған. Өңірде сұранысы жоғары бұл өнімдерді жалағаштық тігін цехы тоқтаусыз дайындап келеді.


Кәсіпорын биыл алты айдың өзінде 5 мың данаға жуық броньды кеудешеге тапсырыс алып үлгеріпті. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Аудан орталығында орналасқан цех бір жылда 7500 броньды кеудеше, 15 мың әскери каска, қосымша 500 дана арнайы киім шығаруға қауқарлы.


– Ауданда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік ны­сан­дарының саны артты. Соңғы екі жылда 20 процентке өсім байқалады. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алған аза­маттардың да қарасы қалың. Соңғы жылдары қызмет көрсету саласының бойына қан жүгірді. Монша, қонақүй тәрізді нысандардың ауқымы кеңейіп, елде жаңашылдыққа бетбұрыс белең алды. Бізді қуантатыны – осы. Ал броньды кеудеше мен каска шығарып отырған «Өркен Әлем» серіктестігінен аудан бюджетіне бір жылда 1,5-2 млн теңге көлемінде салық түсіп отыр. Бұл – салық базасын нығайтуға үлкен демеу. Қазір 45 адам тұрақты жұмыс істеп отырған мекеменің әлі де кеңейеріне сенім мол, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспембет.


Айта кетейік, нысан 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашында 810 дана броньды кеудеше, 240 дана арнайы киім шығарып бастаған. Бүгінде құны 80 млн теңге тұратын каска шығару цехын іске қосты. Қазір жобаның жалпы құны 118 млн теңгеге жеткен.


– Кәсіпорын қайырымды­лық шараларынан да қа­лыс қалып жатқан жоқ. Пандемия кезінде 18500 дана медициналық маска тігіп, аудан халқына тегін таратты. Бұл – елдегі кәсіпкерлердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, жұмыс істеп жатқанының дәлелі. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғаса береді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіп ашып, оқу курстарынан өтіп жатқандар да жетерлік. Біз осылай аудан экономикасының нығаюына бар күш-жігерімізді жұмсап, халықтың қолын аузына жеткізуде жұмыс істеп жатырмыз, – дейді бөлім басшысы.


Дәулет ҚЫРДАН,


«Сыр бойы».


Жалағаш ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<