Ең үлкен марапат – ел тілегі

908

9

Көпбейінді облыстық аурухана дәрігері Гүлбану Ысқақова коронавируспен күрестегі елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Мемлекеттік награданы ол қоғамның шынайы құрметі, ақжүрек алғысы деп есептейді.

Г.Ысқақова медицина саласына кездейсоқ келген жоқ. Дәрігер болу бала күнгі арманы еді. Әке-шешесі балаларының бірдей жоғары білім алуына ықпал жасады. Әсіресе, дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеген нағашы апасы Толғанайға ризашылығы шексіз. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген ол Қызылорда қалалық ауру­ханасының базасында бір жыл интернатурадан өтті. Әр жылдары қалалық жедел жәрдем стансасында, Махам­бетов ауылдық амбу­ла­ториясында дәрігер, облыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масында бас маман болып еңбек етті. Бүгінде көп­­бейінді облыстық ауру­хананың күндізгі емдеу бөлім­шесінің дәрігері. Карантинге байланысты қазіргі күні фильтр бөлімінде жұмыс істеп жүр.

– Фильтрдің негізгі мақ­саты – қауіпті індет жұқ­тыр­ғандарды анықтау, пнев­мо­нияға шалдыққандарға қатысты емдеу шараларын жүргізу. Диагнозы нақты­ланғаннан кейін сырқат адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі. Коронавирус емес, пневмония болған жағдайда көпбейінді облыстық ау­рухананың терапия бөлімінің бокс бөлімшесінде ем қабылдайды. Нау­қастарға, сала мамандарына Үкімет тарапынан да, аурухана әкім­шілігі тарапынан да барлық жағдай жасалған. Дәрі-дәрмек жеткілікті, – дейді кейіпкеріміз.

Мемлекеттің қар­жылай қолдауы коро­на­вируспен күрестің алдыңғы шебіндегі ақха­латтыларды едәуір ынталан­дырды. «Ерен еңбегі үшін» медалі осы қуанышты еселей түсті. Өйткені отбасынан оқшауланып, ұзақ уақыттан бері өз шаңырағын, жақын-жуығын көрмегендер бар. Қоғамды, халықты қауіпті дерттен құтқару үшін тәуекелге бас тіккендердің еңбегі ескеруге тұрарлық.

– Бұл – жалғыз менің емес, бүкіл ұжымның, өңірдегі әріп­тестерімнің мерейі, абыройы. Дегенмен, біз үшін ең үлкен марапат – елдің ризашылығы, алғаусыз тілегі. Халық денсаулығын нығайту жолында антымызға адалдық танытып, әлі де аянбай қызмет атқаруға дайынбыз, – дейді дәрігер.

«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев: «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» деді.

Расында, денсаулығы мық­ты ұлттың рухы да мықты. Ал рухы мықты ел үшін кез келген қиындықты еңсеру оңай. Ал өзгенің өмірін сақтау жолында жан аямай күш жұмсап жүрген ақжелеңді абзал жандарға елдің бірлігі, сақтық шараларына бейжай қарамауы – үлкен демеу.

– Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Ең бастысы, келер күндердің мамыражай болуын тілеймін. Ал, біздің қазіргі міндетіміз – көзге көрінбейтін қауіпті індетпен бетпе-бет шайқаста жеңіске жету, – дейді дәрігер.

Медицина саласы өкіл­дерінің өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу кезіндегі ерлікпен пара-пар ерен еңбегі көпке үлгі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Қазіргі жағдайда қоғам дарігер көмегіне аса зәру. Сондықтан да Гүлекеңдей саулық сақшыларына көрсетілген марапатты көптің алғысы деп түсінеміз. Пандемия басталғалы бері басын қатерге тігіп, қиналғандарға жәрдем көрсетіп жүрген мамандық иелеріне мың алғыс!

  • Әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты өңіріміздегі ақ халатты абзал жандардың күн-түн демей дертпен күресіп жүргенінен БАҚ арқылы хабардармыз.Осы орайда еңбегі еленген дәрігер Г.Ж.Ысқақованы шын жүректен құттықтаймыз.Алдына барған науқасты тек дәрімен емес, алғаусыз көңілімен, ықылас-ниетімен, бір ауыз жылы сөзімен емдейтін Гүлбану Жанвйбарқызы сияқты дәрігерлеріміз көбейе берсін!Індеттің беті ары қарасын.

  • Барлык марапатка лайык жан! Дениниз сау болып, енбегиниз елене берсин! Биликти маман, мейиримди жан ретинде курмет тутамыз! Аман журип балаларыныздын кызыгын корининиз! Халыктын батасына болене бериниз!

  • Гүлбану тәте-біздің қадірлі де құрметті Өскен ағайымыздың жан жары.Ол кісіні біз еңбегі елеулі ақхалатты абзал,өте жүрегі жұмсақ адам,ерекше тұлға ретінде мақтан етеміз.Елдің алғысы-үкімет марапаты құтты болсын!Ауырмаңыз,аман болыңыз!Тек рахат көріңіз,жаным!Мына індеттен еліміз аман-есен құтылып,қазағыма мамыражай күн кешуді Аллам тезірек нәсіп етсінші!!!!

  • Гулбану Жанайдаровна өз ісінің нағыз шебері екенін көріп отырмын. Санаулы сагат ішінде ауруыма шипа беріп сауықтырған абзал жанды ғажайып дәрігер деймін

  • Ел басына түскен осынау қиын қыстау кезеңде халықпен бірге болып, ауырған жандардың жандарына жалау бола білген, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі, әрі бірегейі-Гүлбану Искакова апайымыздың еңбегі ерекше. Күн түн демей, адам өміріне араша болып жүрген Гүлбану апай-қазіргі заманның Мәншүгін көз алдыма елестетеді. Ерен еңбегі үшін алған марапаты дер кезінде, әділ берілді деп есептеймін. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, өз ісінің нағыз майталман маманы Гүлбану апай қандай да болсын қүрметке лайықты жан. Даладай дархан пейілді, Алласын аузынан тастамайтын қазағыма бір Алла өзі жар болсын. Індеттің беті қайтып, еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір сүретін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға төрт көзіміз түгел жетуді Алла баршамызға нәсіп етсін.

  • Қарындасым Гүлбану, мынадай қиын да жауапты кезеңде халықтың,елдің жанынан табылып,олардың дертіне ем беріп жатқанына шын жүрегімнен ризамын. Кеше ауыр халде ауруханаға түскен жеңгең Гүлжан өзіңнің шұғыл арада ем жасағаныңның арқасында бүгін көңіл күйінің жақсарғанын айтып, қайын сіңілім нағыз өз ісінің шебері екен деп шын көңілімен ризашылығын білдіруде. Алған үлкен марапатыңа лайық екеніңе тағы да көзіміз жетті. Біз сенімен қуанамыз әрі мақтанамыз! Денсаулығың мықты болып, балаларыңның қызығын көре беруіңе тілектеспіз.

Пікір жазыңыз